Мәдениет

Италиялықтарды тәнті етті

Италияның әйгілі «Карло Феличе» театрында «Париж Құдай анасының соборы» балетін ұсынған «Астана Опера» әртістерінің шеберлігіне көрермен ыстық ықыласын білдіріп, зор қошемет көрсетті.

Астананың өнер ұжымы Италия еліне «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын жүзеге асыру мақсатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен барған болатын. Аталмыш театрлар арасындағы екіжақты қарым-қатынас 2015 жылы басталған-ды. Қазіргі уақытта «Астана Опера» театрының қойылымдары мен әртістердің жеке өнер көрсетулері Генуяда үлкен танымалдылыққа ие. «Астана Опера» қойылымдары Алты Алаштың алты қырынан асып, алты құрлықтың талай елінде ұсынылып жүр. Еуропа елдерінен бөлек Америка, Азияда да өнерлерін көрсетіп жүрген «Астана Опера» әртістері көрермендерді қойылымдардың жаңа үл­гісі мен кос­тюм­­дердің керемет көркемдік деңгейімен де қызықтыруда. Италияда кезекті рет өзінің шеберлігі мен әртістік қабілетіне негізделген бірегей нақышын көрсеткен қазақстандық труппа италиялықтарды ерекше әсерге бөлеген.
– Қазақстандық әртістердің өнер көрсетуі мінсіз болды. Музыка мен би толық үйлесім тапты. Бұл – ең әдемі және ең бастысы сирек орындалатын балет. Себебі әлемнің барлық театр сахнасында қойыла бермейді. «Париж Құдай анасының соборы» – таңдаулы, мәнерлі әрі өте көріністі спектакль. Көпшілік бұқара қатысқан көріністер үлкен серпінмен өтті, кордебалет тамаша өнер көрсетті. Прима Әйгерім Бекетаева Эсмеральда бейнесін Шығыс еліне тән сүйкімділігімен жеткізді. Ол – ән салатын таңғажайып кербез әртіс. Квазимодо партиясында көптеген айтулы бишілерді көрсем де, Бақтияр Адамжанның кейіпкері бейненің үлгілі көрінісі болды деп айта аламын. Бақтияр Адамжан – кештің шынайы қаһарманы. Қазақстандық дирижер Арман Оразғалиев спектакльді керемет өткізді, көп нәрсе оған да байланысты еді, – деп өз әсерімен бөлісіпті Аннанзиэта Сальви есімді Генуядағы көрерменнің бірі.
Аты аңызға айналған француз хореографы Ролан Петидің 1965 жылғы «Париж Құдай анасының соборы» түпнұсқа қойылымын астаналық өнер майталмандары қайта жандандырған. Бұл туынды өнер әлеміндегі үш қайталанбас тұлғаның есімімен байланысты. Мәселен, композиторы Морис Жарр болса, хореографы – Ролан Пети және костюмдерді жасаған Ив Сен-Лоран екенін айта кеткен жөн.

Нұрдәулет Кәкішев

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button