Астанада – аламан бәйге

Елордада Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Қазанат» атшабарында республикалық деңгейде аламан бәйге өтті. Бәйгенің жалпы жүлде қоры – 20 млн теңге.
Аламан бәйгенің ашылу салтанатына Астана қаласы ұлттық және олимпиадалық ат спорт түрлері федерациясының президенті Ерлан Каналимов, Қазақ ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысты.
«Шараны ұйымдастыруға атсалысқан ұлттық және олимпиадалық ат спорт түрлері федерациясы мен Қазақ ұлттық спорт түрлері қауымдастығына алғысымды білдіремін. Еліміздің 20 өңірінен келген 100-ге жуық жүйткіген жүйрік пен шабандоздарға сәттілік тілеймін» деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен бәйгенің ашылу салтанатында.
Бәйгеде 4 түр бойынша жеңімпаздар анықталды.
Құнан бәйге (7 км):
1-орын: Сұлтан Төрехан (ШҚО) – 2 млн теңге; 2-орын: Дарын Сақтабек (Қарағанды) – 1 млн теңге; 3-орын: Мейір Нұрболатов (Астана) – 500 мың теңге.
«Жорға жарыс» (7 км):
1-орын: Чубак Жайлаубеков (Астана) – 2 млн теңге; 2-орын: Шабдан Алмазбекұлы (ШҚО) – 1 млн теңге; 3-орын: Асқарбек Жеңісев (Алматы облысы) – 600 мың теңге.
«Топ бәйге» (12 км):
1-орын: Бекзат Ділдәхан (Алматы облысы) – 2 млн 200 мың теңге; 2-орын: Абдыкал Асланбек (Астана) – 1 млн 300 мың теңге; 3-орын: Рымхан Нұртілеу (Астана) – 900 мың теңге.
«Аламан бәйге» (18 км):
1-орын: Абдыкал Асланбек (Астана) – 4 млн теңге; 2-орын: Аңсар Арыстанбек (Жамбыл облысы) – 2,5 млн теңге; 3-орын: Бекзат Ділдәхан (Алматы облысы) – 1,5 млн теңге.
– Бәйгеге Шығыс Қазақстан облысынан 4 ат келген еді. Құнан бәйгеде біздің тұлпарымыз топ жарды. Өкінішке қарай, жорға бәйгеде мен мінген ат күннің ыстығына шыдамай, бұрлығып мәреге жете алмадым, – деді шабандоз Жан Қоқанбаев.
Жарыс соңында лотерея ойнатылып, сыйлық жеңімпаздары анықталды.
Жансая АБИРБЕКОВА,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
2-курс студенті