Қоғам

Астана маңында да мәселе көп

Бас қаланың Ақмола облысымен шектесетін аудандарында бірқатар мәселе бар. Олар біртіндеп шешілуде. Астана қаласы мәслихаты мен Ақмола облысы депутаттарының бірлескен отырысында осы мәселелер кеңінен талқыланды.

Бұл ретте мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов отырыста қала маңындағы аймақтарды дамыту, инфрақұрылымды жақсарту және жетілдіру мәселелері қозғалғанын айта келе, әсіресе елордаға жақын жерде орналасқан Аршалы елді мекенінің тұрғындары қоғамдық көлік қатынасын дамытуды қалайтынын өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

– Ақмола облысының депутаттарымен бірлескен отырыста Ақмола облысының Астанамен шектесетін аудандарының бірқатар мәселесі көтерілді. Біріншіден, бұл – әртүрлі салада­ғы қала маңындағы аймақтарды, инфра­құрылымды дамыту және жетілдіру. Сондай-ақ жиында қоғамдық көліктің жұмысына қатысты да сұрақ қойылды. Мысалы, Аршалы тұрғындары автобустардың іске қосылуын сұрайды. Сонымен бірге жер учаскелерін тіркеу мәселелерін оңайлату, Есіл өзенін бірлесіп тазарту, ҚТҚ стихиялық үйінділерін жою мәселелерін шешу, жұмысқа орналастыру және тағы басқа мәселелер талқыға түсті, – деді Ерлан Каналимов.

Халық қалаулыларының бірлескен отырысында аумақтық ресурстарды оңтайландыру, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарының да жүйелі жүргізіліп келе жатқаны сөз болды. Осыған орай, Астана қаласы мен Ақмола облысының мәслихат депутаттары алдағы жоспарларын бірлесіп әзірлеу туралы келісімге келді.

– Ақмола АЭК электрмен жабдықтауды жақсарту, жерлеуді абаттандыру мәселесі өзекті болып қала береді. Келесі бірлескен кеңесті ӘКК және мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өткіземіз, – деді Ерлан Каналимов.

Ақмола облысының бас қаламен шектесетін аудандарының мәселелерін талқылауға қатысты бірлескен отырыстар алдағы уақытта жалғасады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button