Басты ақпаратЕлорда тынысы

Мектепке дайындық қанша тұрады?

Қыркүйек айы жақындады дегенше баланы мектепке дайындау үшін ата-аналар біресе базарға барып, біресе сауда үйін жағалап, жәрмеңкеден арзандау бұйымдарды алуға тырысады. Әсіресе 3-4 баласы мектепке баратын отбасыға баланы мектепке дайындау оңай емес. Бір баланы мектепке дайындау үшін ­ата-ана қанша қаржы жұмсайтынын білу мақсатында елорда дүкендері мен базарларын аралап шыққан едік.

Базардағы баға

«Астаналық базар» сауда үйі ­(«Артем») жанындағы ашық алаңда мектеп жәрмеңкесі биыл да ашылды. Мұнда келгенде ата-аналар балаларын мектепке дайындау қамына кірісіп кеткенін байқадық. Әр сатушы маңында бірнеше адамнан тұр, таңдау бар. Киімнің сапасына қарай бағасы белгіленген. Мәселен, қыз балаға форма 6000 теңгеден жоғары, фартук бағасы 2500-3000 теңге аралығында (былтыр 2000 теңге). Ұл балаларға арналған костюмнің бағасы – 23000 теңге (былтыр 20000 теңге). Жейде 5500 аралығында (былтыр 4500 теңге). Ал галстук 1500 теңгеден (былтыр 1000 теңге). Спорт костюмін 5 мыңнан 10 мың теңгеге дейін алуға болады. Кеңсе тауарлары біраз қымбаттаған: күнделіктің бағасы былтыр 700 теңге болса, биыл 850 теңге. 1 дәптер 50 теңгеден (бұрын 40 теңге), бір жерден барлық кеңсе тауарларын, оқу құралдарын алатын болса, жеңілдік жасап, дәптерді 40 теңгеден алуға болады. Сөмке былтыр 5000-нан басталатын, биыл 6000-нан алуға болады. Ресейдің рюкзактары 10-12 мың теңге аралығында. Бір оқушыға оқу құралдарын алу кемінде 40-45 мыңға түседі. Қыз бала 25 мың теңгеге киінсе, ұл бала 40 мыңға мектепке баруға дайын болады. Мұның бәрі – Бішкектен, Қытайдан келген тауарлар, ал ресейлік, түркиялық киімдер бағасы бұдан әлдеқайда жоғары.

Сатушылар бір баланы мектепке дайындау үшін биыл орташа есеппен 60-70 мың теңге (былтыр 50-60 мың теңге) керек екенін айтады.

– 4 баланың анасымын, екеуі ересек, мектепке баратын екі баламның жыл сайын керек-жарағын осылай даярлаймын. Биыл киетін костюм, форманы таңдап алдық, енді, міне, кеңсе тауарларын сатып алып тұрмын, былтырғыдан едәуір қымбаттапты, – дейді көпбалалы ана Дана Қуанышева.

Дүкенде қандай?

Кеңсе тауарлары дүкенінде қарындаш 1500 теңгеден, қаламды 25 теңгеден, қарапайым қарындашты 35 теңгеден, сурет салуға арналған альбомды 135 теңгеден, сызғышты 80 теңгеден бастап сатып алуға болады. Кітаптар мен дәптерлерге арналған мұқаба 175 теңгеден, картон 200 теңгеден, қайрағыш 50 теңге тұрса, ермексаз үшін 300 теңге төлейсіз.

Супермаркеттегі бағаларды қарасақ, қаламның бағасы – 29 теңгеден, дәптер – 29 теңгеден, қарапайым түрлі түсті қарындаштар – 199, түрлі түсті картон – 429, фломастерлер – 155, ұштағыш – 99 теңгеден, түрлі қыл­қалам – 369, бояу – 259, гуашь – 355, сурет салуға арналған альбомның бағасы – 129 теңгеден.

Бұдан өзге жұмысбастылығына байланысты дүкендер мен жәрмеңкелерге шыға алмайтын ата-аналарға мектеп тауарларын сатып алудың онлайн-сервисі бар. Осы арқылы ата-ана интернет-платформада жеткізіліммен тауарларға тапсырыс бере алады. Әрине, бірақ баға айтарлықтай жоғары.

Жәрмеңкелері қай жерде?

Астанадағы мектеп жәрмеңкелерін мына мекенжайдан таба аласыздар:

– Нұра ауданындағы цирк тұрағы;

– Байқоңыр ауданындағы «Тұлпар» сауда үйі алдындағы тұрақ;

– Demalys Promenade аллеясы, Ш.Қосшығұлұлы көшесі, 14 – ­Сарыарқа ауданында;

– Есіл ауданындағы Ботаникалық бақтың тұрағы;

– Алматы ауданында – Абылай хан даңғылы, 20А.

Балаларын мектепке сақадай сай етіп даярлау – ата-ана үшін жауапты іс. Бірі қалтасына қарай көсілсе, енді бірі өз қалауына қарай дайындалады. Жыл сайын дәстүрге айналған республикалық «Мектепке жол» шарасының шарапаты да көптеген әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасыға көмегін беріп, септігін тигізіп жатады. Келесі аптада сабақ басталады. Қалада да, ауылда да ата-аналар, оқушылар қызу дайындық үстінде.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button