Елорда тынысы

Екіжақты қатынастардың жаңа кезеңі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнам Социалистік Республикасына ресми сапары Ба Динь алаңында орналасқан ұлт қаһармандары монументіне және Хо Ши Миннің мавзолейіне гүл шоғын қоюдан басталды.

1945 жылы 2 қыркүйекте Хо Ши Мин осы алаңда Вьетнамның тәуелсіздігін жариялады. Президент Вьетнамның бостандығы үшін күресте қаза тапқан батырлардың және осы елдің ұлт көшбасшысы Хо Ши Миннің рухына тағзым етті. Гүл шоғын қою рәсіміне Қазақстанның ресми делегациясы қатысты.

Мемлекет басшысы Вьетнам Президенті Во Ван Тхыонгпен келіссөз жүргізді. Келіссөздер алдында Президент сарайында ресми қарсы алу рәсімі өтті. Екі ел басшыларына Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң, Қазақстан мен Вьетнамның мемлекеттік әнұрандары орындалды. Қасым-­Жомарт Тоқаев пен Во Ван Тхыонг бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныс­тырды.

Келіссөз барысында сауда-­экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық, агроөнеркәсіптік және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды. Мемлекет басшысы қонақжайлық көрсеткені үшін Во Ван Тхыонгқа алғыс айтып, осы сапарға баса мән беретінін атап өтті.

«Қазақстан Президенті ретінде Сіздің еліңізге алғаш рет сапармен келіп отырмын. Мен бұл сапарыма баса мән беремін. Қазақстанда Сіздің елге және Вьетнам халқына зор құрметпен қарайтынын атап өткім келеді. Вьетнамның экономикалық жетістіктері елдеріміздің ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға берік негіз болады. Біз екі мемлекет арасындағы экономикалық, саяси қатынастарға баса мән береміз және Вьетнамның экономикалық зор әлеуетін және оның халықаралық аренадағы беделін жоғары бағалаймыз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттық жарты миллиард доллардан асқанына, биылғы алты айдың өзінде 600 мил­лион доллар болғанына назар аударды. Жыл соңына дейін бұл маңызды көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы бүгінгі келіссөздер екіжақты қатынастарды дамытудың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенім білдірді.

Өз кезегінде Во Ван Тхыонг екі ел арасындағы ынтымақ­тастықты жандандыру ісін жоғары бағалап, Қазақстан мен Вьетнамның серіктестігін одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.

«Сіздің елімізге жасаған алғашқы ресми сапарыңыз екі мемлекеттің дәстүрлі дос­тық қарым-қатынасы мен көпжақты ынтымақтастығын жандандыруға тың серпін беретініне сенімдімін. Мен Қазақстанда сапармен болдым. Өте тамаша, ғажап ел, халқының қонақжайлығына тәнті болдым. Вьетнам Қазақ­станның дамуын және Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан халқының жеткен зор табысын жіті бақылап отыр. Сіздің тәжірибеңіз бен стратегиялық көрегендігіңіздің арқасында Қазақстан одан әрі дамып, әлемдегі және аймақтағы тұрақтылықты сақтауға елеулі үлес қосатынына сенімдімін. Вьетнам ұлт-азаттық күресі мен мемлекеттің бірігуіне және қазіргі дамуына қазақ халқының көрсеткен жәрдемін ешқашан ұмытпайды әрі алғыс айтады. Біз Қазақстанмен арадағы дәстүрлі достық қатынасқа зор мән береміз және еліңізді Орталық Азиядағы маңызды серіктес санаймыз» деді Вьетнам Президенті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесі Во Ван Тхыонгты Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Келіссөздер қорытындысы бойынша президенттер Бірлескен коммюнике қабылдады. Сонымен қатар сапар аясында бірқатар құжаттарға қол қойылды. Олардың арасында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жедел дамыту жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған бірлескен іс-қимылдар жоспары; Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы ұлттық ­паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім; Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Вьетнам Социалистік Рес­публикасының Мәдениет, спорт және туризм министрлігі арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум; «Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ (QazTrade) мен Вьетнам­ның сауданы дамытуға жәрдемдесу агенттігі (VietTrade) арасындағы саудаға жәрдемдесу саласындағы ынтымақ­тастық туралы меморандум; «Қаз­пошта» АҚ мен Viet Post корпорация арасындағы электрондық коммерцияны дамыту саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум және тағы басқалары бар.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button