Қала мен Сала

Дабыл қондырғысы орнатылды

Астанада жылыту кезеңінің басталуы қарсаңында және тұрғын үй секторында өрттің алдын алу мақсатында ағымдағы жылдың 15 тамызынан бастап «Өрт қауіпсіздігі айлығы» жүріп жатыр.

Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті ұйымдастырған бұл іс-шара Бөгенбай батыр даңғылы, 4 мекенжайында орналасқан №5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде жеке құрамның сап түзеуімен басталды. Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Сарыарқа аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Айдана Мадиеваның айтуынша, ағымдағы жыл басынан бері Астана қаласы бойынша 406 өрт оқиғасы тіркелген. Тұрғын үй секторларындағы өрттің негізгі себептері пешпен жылыту, электр жабдықтарын қолдану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы болып жатады.

– Жыл сайын күн суыта бастағанда және жылыту маусымы жақындағанда, адамдардың өрттен қайтыс болуы мен жарақаттанудың алдын алу мақсатында департамент жеке тұрғын үй секторын аралау арқылы алдын алу іс-шараларын жүргізеді. Ол үш кезеңге бөлінген. 1-кезең – 15 тамыздан 15 қыркүйекке дейін; 2-кезең – 15 қыркүйектен 15 қазанға дейін және 3-кезең 15 қазаннан бастап жылыту кезеңінің соңына дейін жалғасады. Іс-шара шеңберінде департамент қызметкерлері аулаларды аралау арқылы рейд жүргізеді, үгіт-насихат жұмысы күшейтіледі, – деді Айдана Мадиева.

Одан әрі еріктілер Төтенше жағдайлар басқармасының өкілдерімен бірге халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үйлеріне рейдке шықты. Биыл әлеуметтік осал топқа жататын 200 отбасыдан өтініш түскен. Әкімдіктен көмек сұрағандардың бірі – көпбалалы әрі мүгедек баланы асыраушы ана Үміт Ғазизқызы. Рейд барысында инспекторлар алдымен Қырқыншы стансасындағы Төреқұлұлы, 19 мекенжайында тұратын ананың үйіне келіп, әлеуметтік осал топтағы тұрғынның жылыту маусымына дайындық барысымен танысты. Аралау барысында пештер мен мұржаларды, электр жылытқышының дұрыс орнатылуына басты назар аударылды. Мамандар жылыту құралының айналасындағы жарықты бітеу керек екенін, оның алдына міндетті түрде металл қаңылтыр қойып, құбырды үш айда бір рет тазалап тұрудың қажеттігін ескертті. Содан соң өрт қауіпсіздігі айлығының бірінші кезеңін өткізу аясында ТЖД басқармасының Алматы ауданы бо­йынша инженері Сағынтай Қадырбеков елордалық тұрғынның үйіне жылыту маусымы кезінде иіс тиіп қалмас үшін улы газды анықтайтын дабыл қондыр­ғысын тегін орнатып берді.

– Өткен пеш жағу маусымында жеке тұрған 110 үйден өрт шыққан. Дегенмен бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 23 пайызға кем. Астана қаласы бойынша барлығы 935 тұрғын үй есепте тұр және де жатақхана мен коммерциялық қызмет ретінде қайта жасалған 1162 тұрғын үй-жай бар. 2022-2023 жылыту маусымында қала бойынша тұрғын үйлерге 308 датчик орнатылды. Соның нәтижесінде былтыр қалада болған өрттің бірінде дыбыстық құрылғының көмегімен бүтіндей бір отбасы аман қалды, – деді С.Қадырбеков.

Халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үйлерін аралау арқылы тілсіз жаудың алдын алу іс-шаралары 15 қыркүйекке дейін жалғасады.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button