Спорт

Параспортшылар марапатталды

Спорт күні қарсаңында өткен салтанатты кездесуге Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, Олимпиада ойындарының чемпионы Серік Сәпиев пен Азия параойындарының чемпионы Сиязбек Далиев арнайы қатысты.

– Астана қаласы тұрғындарының 37 пайызы бұқаралық спортпен айналысса, кәсіби түрде 18 мыңнан астам спортшы (2 мың ересек, 16 мың жасөспірім) шұғылданады.

Соңғы жылдары параспорт түрлері де жақсы дамуда. Токиода өткен Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар 8 қола жеңіп алса, параспортшылар бірнеше рет дараланып, Паралимпиадада көк туды желбіретіп, абыройымызды асырды.

Елордада спортпен тұрақты шұғылдануға арналған 1000-нан аса спорт нысаны бар. 35 спорт сарайында бірнеше спорт түрімен айналысуға болады.

Алдағы уақытта БЦП диагнозы бар балалар үшін «Қазақстан» спорт кешенінде арнайы бассейн іске қосылады.«Қазанат» ипподромында мүгедек адамдар үшін иппотерапия алуға мүмкіндік беріледі, – деді Есет Байкен.

Іс-шара барысында балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебінің басшысы Азамат Тағаев атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Жаттықтырушылар Геннадий Герасименко (пара үстел теннисі), Алия Тусупбекова (арбамен билеу), Ербол Симамбаев (пара таэквондо), Мейрамгүл Дукева (пара каратэ), Бақытжан Жұмабаев (пара жүзу), Денис Рыбка (пара пауэрлифтинг), Медеу Абенов (пара волейбол) және Бек Молдахметов (еркін күрес) марапат мінберіне шығып, арнайы мақтау қағасына ие болды. Бұл қатарда Сандуғаш Болысбай (тоғызқұмалақ), Ұлан Ануар (пауэрлифтинг), Тәжібай Таймамбетов (сурдо футбол), Ирина Щетинина (жеңіл атлетика), Тойжан Алшинова (пара каратэ), Қалысбек Чалыспаев (сурдо үстел теннисі), Руслан Ахметов (сурдо футбол), ­Ләззат Жусупова (пара каратэ), Михаил Бурчалин (оқпен ату), Рамазан Тауба (сурдо дзюдо), Ахмет Айнабеков (грек-рим күресі), Заир Ахмедов (қол күрес), Ернар Мурзагалиев (сурдо жүзу) болды.

VI паралимпиадалық ойын­дарының 28 жүлдегері де сый-құрметтен құр қалмады. Ел намысын халықаралық деңгейдегі додаларда қорғайтын спортшыларды рухани қолдау – маңызды міндет. Өйткені спортшылардың деңгейіне қарап елдің әлеуметтік-экономикалық қуатын саралап жатады.

«Пара үстел теннисімен 8 жылдан бері кәсіби түрде айналысамын. Өзіме ұнайды әрі өзге спорттан қарағанда жарақат алу қаупі төмен. Осы жылдар ішінде ел чемпионатында бірнеше рет үздік болдым. Күзде Қытайда өтетін лицензиялық Параазия ойындарына қатысып, әлем үздіктері саналатын Қытай, Оңтүстік Корея және Жапонияның мықты спортшыларымен күш сынасамын. Жеңуге барынша күш саламын» деп жоспарымен бөлісті Александра Степанова.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button