#Жаңа Қазақстан

Жаңа экономикалық бағыт айқындалды



– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында жаһанданған заманда мемлекет дамуының жаңа моделін көрсетіп, экономикалық басымдықтарды айқындап берді. Сөйтіп, әлеуметтік мемлекет ретінде орнықты өркендеу жолын көрсетті.

Үкімет шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша көңіл бөліп, түрлі мемлекеттік жобалар мен бағдармалар арқылы қаржыландырып, халықтың іскерлік дағдысын арттыруға көңіл бөліп келеді. Тұрақты экономиканың негізі бизнес саласында десек, бұл бағыттағы жұмыстарға жақсы баға беруге болады. Алайда мемлекеттік сатып алу конкурсындағы келеңсіздіктер кәсіпкерлер жұмысының жандануына белгілі бір деңгейде кедергісі бар. Мұны жасыра алмаймыз. Мемлекет басшысы осы мәселеге арнайы тоқталып, тендердің жаңа жүйесі жасалатынын жеткізді. Яғни бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтің сапасы басты назарда болады. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуды бірыңғай платформаға көшіру керек. Осының бәрін жүзеге асыру үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылданады. Бұл – құптарлық жағдай.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңге болады. Қазір елде қаншама адам қоғамдық және әлеуметтік жұмысқа тартылып, төменгі жалақы алады. Сосын 5 жастан бастап балаларды қамтитын «Келешек» балаларға арналған бірыңғай жинақтау жү­йесі пайда болады. Бұл бағдарлама мемлекеттен бастапқы білім беру капиталын, мемлекеттік сыйлықақыны жыл сайын төлеуді және ин­вестициялық табысты көздеуге тиіс. Болашақта бұл жинақтар «Ұлттық қор – балаларға» жобасы шеңберінде қалыптастырылған қаражатпен бірге біздің балаларымызға сапалы білім алуға мүмкіндік береді. Мұны келешекке құйылған инвестиция деуге болады.

Ең бастысы, Жолдаудағы жағымды жаңалық зиянды еңбек жағда­йында жұмыс істейтін азаматтарға зейнет жасына толғанға дейін (55 жастан бастап) арнайы әлеуметтік төлем төленеді.

Президентіміз осы экономикалық және әлеуметтік реформалардың орындалу мерзімін – үш жылды бірден белгілегенін атап өту маңызды.

Amanat партиясы елдің жетекші саяси күші ретінде Мемлекет басшысының саяси және әлеуметтік-­экономикалық бастамаларын толық қолдайды және бұл бастамаларды іске асыру үшін бар күшін салады.

Жолдауда айтылған көп міндеттің ішінде «Отбасы банк» қызметін қайта қарау, басты назарды аудандар мен моно-қалаларға, ауылдарға аудару бар. Сондай-ақ ел ішіндегі 21 банктің қатарына бәсекені арттыру үшін сенімді деген үш шетелдік қаржы ұйымын тарту ұсынылды және Ұлттық банк ақша-кредит саясатында кредиттің пайыз ставкасын қайта қарайды деп ескертті.

Қанат ЕСТЕК,

Астана қаласы мәслихатының депутаты




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button