Қала мен Сала

Жәрмеңке қазанға дейін жалғасады

Өткен демалыс күндері Астанада өңірлік ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің маусымы басталды. Оның жұмысы туралы қаланың коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев мәлімдеді.

Астанада 2 қыркүйектен бастап өңірлердің тауар өндірушілерінің қатысуымен өңірлік ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің маусымы басталды. Олар әр сенбі мен жексенбіде қазан айының 29-ына дейін өтеді.

Елордада алғашқы болып Түркістан облысының аграршылары өз өнімдерін ұсынды. Жәрмеңкеге өз тауарларымен 70-ке жуық ауыл шаруашылығы өндірушілері келді, олар 556 тонна өнім әкелді. Барлық өнім нарықтағы бағадан едәуір төмен сатылуда.

– Алдағы демалыс күндері елордаға Атырау және Жамбыл облыстарының ауыл шаруашылығы өндірушілері келеді. 16-17 қыркүйек күндері – Батыс Қазақстан облысы мен Қызылорда облысының тауар өндірушілерін күтеміз. Бұдан әрі Алматы және Жетісу облыстары, одан соң Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан облысы және Солтүстік Қазақстан облысы, Қарағанды, Ұлытау облыстары өз өнімдерін ұсынатын болады. Өңірлік жәрмеңкелер маусымын 28 және 29 қазанда Ақмола облысының ауыл шаруашылығы өндірушілері аяқтайды деп жоспарланып отыр, – деді Мақсат Жаңабаев.

Басқарма басшысы сондай-ақ биыл ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізу орны өзгергенін атап өтті. Өткен жылы ол Тұран даңғылы, 48 мекенжайында орналасқан «Астана Арена» алдындағы автотұрақта өткізілсе, биыл жәрмеңкені өткізу орны Тәуелсіздік даңғылы, 50 мекенжайындағы ҚазҰӨУ («Шабыт») алдындағы алаңға көшірілді.

Елордада демалыс күндері қалалық жәрмеңкелер де өткізіледі. Оларға азық-түлік тауарларын көтерме жеткізушілер және жақын маңдағы аудандардан шаруа қожалықтары қатысады. Жәрмеңкелер әр ауданда, арнайы белгіленген жерде өтеді.

Астананы азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуде елорданың азық-түлік белдеуін құрайтын Ақмола, Павлодар және Қарағанды облыстарының шекаралас аудандары шешуші рөл атқарады. Бұл ретте Ақмола облысының әкімдігімен Қараөткел, Талапкер, Қоянды және Жібек жолы ауылдарында өндірістік кәсіпорындар мен инфрақұрылымдық объектілерді орналастыра отырып, сауда-экономикалық және көліктік-логистикалық кооперацияны жүзеге асыру жөніндегі Жол картасына қол қойылды. Бұдан әрі жұмыс осы Жол картасы шеңберінде жүзеге асады.

– Астана аграрлық өңір емес және тұтынатын 2 млн тонна азық-түлік тауарларының тек 3 түрін, нақтырақ айтсақ, ұн, кеспе өнімдері және нан ғана өндіреміз, қалғандары басқа өңірлерден әкелінеді және импортталады. Сондықтан әкімдік өз өндірісін ұлғайтуға ерекше көңіл бөледі. Осыған байланысты біз жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз, атап айтқанда, сау­да инфрақұрылымы мен АӨК өңдеу өнеркәсібін дамытуға баса назар аударамыз, – деді Мақсат Жаңабаев.

Тамақ өнеркәсібі саласында өндіріс көлемі 72 мың тонна болатын 8 жоба (сүт зауыты, ет комбинаты, нан зауыты, жартылай фабрикаттар, ұн және кондитерлік өнімдер және т. б.), сондай-ақ қуаты 14 мың тонна болатын екі жылыжай кешені салынуда. Жыл бойы нан зауыты мен көкөніс қоймаларын, сондай-ақ кондитерлік ­фабриканы аяқтау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жалпы ауданы 70 мың шаршы метрді құрайтын сақтау орындары – 2 көтерме-тарату орталығы, 2 көкөніс қоймасы және 2 қойма кешені салынып жатыр. Нарықты монополиясыздандыру аясында 10 млрд теңге жеке инвестицияға 2 заманауи базар салынып жатыр.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button