Қала мен Сала

Көгалдандыру қарқынды

Астанада «Халық қатысатын бюджет» жобасы нәтижелі жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында Алматы ауданында биыл барлығы 9 000-нан астам ағаш және 12 500 көпжылдық және сәндік-гүлді бұталар отыр­ғызу жоспарлануда. Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында Алматы ауданы әкімінің санитарлық тазалау, көгалдандыру, абаттандыру мәселелері жөніндегі орынбасары Мұхамедияр Қожекенов баяндады.

Азаматтардың бастамалары мен ұсыныстарын ескере отырып, аудан аумағын дамытуға және абаттандыруға бағытталған «Халық қатысатын бюджет» жобасы Алматы ауданында 2021 жылдан бастап іске асырылып келеді. Үлгілік ұсыныстар аудан аппаратының ресми интернет-ресурсында орналас­тырылады. Сол жерде электрондық түрде дауыс беру арқылы жобалық ұсыныстар арасында жеңімпаздарды анықтау арқылы жүзеге асырылады.

– Бүгінгі таңда Алматы ауданы бойынша 190 000-нан астам ағаш, 21 000 шаршы метр жерге гүлзар, 50 865 қума метр жерге жасыл қорғандар, 41 365 дана бұта, 3 400 000 шаршы метр жерге көгалдар отырғызылған. Бұл жұмыстарға барлығы 200-ден астам жұмысшы және 40 бірлік мамандандырылған техника жұмылдырылды. 2022 жылы шарт шеңберінде 8 000 данадан астам ағаш, 21 000 шаршы метр жерге гүл отырғызу, 23 200 шаршы метр жерге көгал егу жұмыс­тары жүргізілді. Қызмет көрсетуші ұйымдармен бірлесіп 6 аулаға 90 дана ағаш отырғызылды және оларды күту, бұталарды кесу, тарау, шабу, жерді қопсыту, арамшөптерден арылтып,  азықтандыру, химиялық өңдеу және жасыл желектерді суару жұмыстары үнемі жүргізіледі, – деді Мұхамедияр Қожекенов.

Сондай-ақ аудан бойынша барлығы 9 000-нан астам ағаш және 12 500 көпжылдық және сәндік-гүлді бұталар отырғызу жоспарлануда. Бағдарлама аясында жергілікті-суару жүйесін абаттандыру және жөндеу жұмыстары да жалғастырылатын болады.

– Көктемгі экологиялық айлық аясында Президент саябағының, 70 мектеп-лицейдің, Индустриалды парктің, Есіл өзенінің жағасындағы саябақтың аумағында 2 091 дана ағаш отырғызылды. Қызмет көрсетуші ұйымдармен бірлесіп 12 аулаға ағаш отырғызу көзделуде. Алматы ауданында 2022 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша 55 жоба ұсынылып, оның 23-і мақұлданды. Жөндеу жұмыстарының арқасында аулаларда 12 ойын және спорт алаңдары пайда болды, шағын архитектуралық нысандар, 3 футбол алаңы, энергия үнемдейтін жарықдиодты шамдармен 505 жаңа жарықтандыру тіректері орнатылып, 1 417 ағаш отырғызылды, – деді аудан әкімінің орынбасары.

20 қаңтардан 1 наурызға дейін Алматы ауданы әкімдігінің сайтында «Халық қатысатын бюджет» бөлімінде өтінімдер қабылданды. 2 наурыздан 5 сәуірге дейін сараптама комиссия­сы келіп түскен жобаларға талдау жасады. Бүгінгі таңда дауыс беру кезеңі өтуде. Ұсынылған 74 жобаның 72-сі іріктелді. Бұл ретте тұрғындар тарапынан келіп түскен 65 жоба аула аумағын абаттандырып, шұңқырларды жөндеуді және шағын сәулеттік формалар тұрғызуды ұсынса, қалған 7 жоба бойынша келешекте су бұру мәселелері жүзеге асырылады.

 

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button