Мәдениет

Марапаттау рәсімі өтті

Отбасы күні қарсаңында елордада «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы лауреаттарын Х мерейтойлық салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Конкурсқа 10 жыл ішінде Қазақстанның барлық өңірінен 20 мыңнан астам отбасы қатысыпты. Биыл оған 3 344 отбасы қатысса, соның 40%-ы – қалалық және 60%-ы – ауылдық отбасылар.

Жыл сайын өткізу игі дәстүрге айналған үлгілі отбасылар байқауы – елімізде жанұя құндылықтарының рөлін арттырып, отбасы мен некенің оң имиджін дәріптейтін ауқымды да маңызды оқиғалардың бірі. Биылғы марапаттау рәсіміне мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары қатысты. Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демография­лық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева салтанатты шараның ашылу барысында байқау жеңімпаздарына Мемлекет басшысының құттықтауын оқып берді.

– Бүгінгі іс-шараның Отбасы күні қарсаңында өтуінің символдық мәні бар. Себебі халқымыз «Отан отбасынан басталады» деп санап, отбасы институтының берік болуына айрықша назар аударған. Биыл «Мерейлі отбасы» байқауының өткізіле бастағанына 10 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде бұл байқау әулет құндылықтарын нығайтуға бағытталған нағыз халықтық жобаға, өзіндік брендке айналды. Жыл басынан бастап байқаудың өңірлік кезеңдері өтті, оған 3 мыңнан астам отбасы қатысты. Алдағы уақытта да жалпыхалықтық жобаға қатысушылар саны арта түседі деп сенеміз. Өйткені елімізде 6 миллионнан астам отбасы бар екені белгілі. Мемлекет басшысы берекелі әрі бақытты отбасы қуатты елдің тірегі екенін атап өтті. Бүгін біз әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси салалардағы іргелі реформалардың куәсі болып отырмыз. Мұның бәрі бірінші кезекте отбасылар мен болашақ ұрпақтың әл-ауқатын жақсарту үшін жаңа мүмкіндіктер мен жағдайлар жасауға бағытталған. Еліміздің басты байлығы – берекелі отбасы мен біртұтас қоғам екені сөзсіз, – деді А.Балаева.

Түрлі кәсіп пен еңбек әулеттерінен құралған 20 отбасы өңір жеңімпаздары атанды. Олардың қатарында ұстаздар, қолөнершілер, металлургтер, әскери қызметшілер, кәсіпкерлер, агроөнеркәсіп саласының мамандары бар. Отбасының әрбір мүшесі – ауылдастарының, қала тұрғындарының, әріптестерінің, көрші-қолаңның құрметіне бөленген, Отанына адал қызмет етіп жүрген еңбек адамы, ауылдың, қаланың қарапайым еңбеккерлері.  Лауреат отбасылар 1 миллион теңге жүлдемен, дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Марапаттау рәсімі қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концертпен жалғасты.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button