#Жаңа Қазақстан

Реформаларды толығымен қолдаймыз

Президенттің кезекті Жолдауы еліміздегі алдағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға арналды, жаңа бастамалар айтылды және ел үшін маңызды шешімдер қабылданды.

Өткен жылдан бері елімізде ауқымды саяси жаңғыру жұмысы жүргізілді, көптеген өзгеріс жасалды, билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады, басқару жүйесі президенттік республика үлгісіне көшті. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты нақты іске көшті. Қоғамның саяси мәдениеті жаңа сипатқа ие болды.

Қазір әлемде геосаяси ахуал ушығып тұр. Соған қарамастан, ел экономикасының негізгі бағыттары бойынша көрсеткіштер өсті. Былтыр Қазақстанның ішкі жалпы өнімі рекордтық көрсеткіштерге жетті. Еліміз даму жолындағы көптеген жетістік халқымыздың жағдайын жақсартатыны сөзсіз. Құжатта экономиканың құрылымына қатысты реформаның негізгі тұстары айқындалды.

Еліміздің өнеркәсібін қолдау үшін шетелдің және еліміздің инвесторларын бастапқы үш жылда салықтан және басқа да міндетті төлемдерден босату қажеттілігі айтылды. Бұл экономикаға айтарлықтай серпін беруге арналған өте маңызды шара деп түсінеміз. Алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға ұлғайтуға мақсат қойылды. Осындай кезек күттірмейтін жүйелі қадамдардың маңызы аса жоғары. Су шаруашылығы, транспорттық логистика, сыртқы сауда, цифрландыру саласында алдағы уақытта түбегейлі өзгерістер жоспарлануда.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев экономиканы қаржыландыру көздері жайлы Ұлттық қордың қаражатын пайдалану қажеттігі туралы пікірімен бөлісті. Бір бөлігін Қазақстанның болашағын айқындайтын стратегиялық жобаларды қаржыландыру үшін пайдалануға болады, қазірден бастап соған жұмсау керек деп нақты айтты. Нақты секторға берілетін несие көлемінің жыл сайын 20 пайыз және одан да жоғары деңгейде өсуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Президент өзінің уәдесі бойынша атом электр станциясын салу мәселесін айтып өтті, бұл – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Оны жан-жақтан өлшеп алу керек екені түсінікті. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы қабылдауды шешті.

Жолдауда оқу орындары түлектерге жұмыс бере алатын мекемелермен ұзақ мерзімге арналған әріптестік орнатуы қажеттігі айтылды. Бұл тапсырма біздің «Тұран-Астана» университеті стратегиясымен тікелей байланысты. Ұзақ әріптестік өндіріспен тығыз байланыс­ты орнатуға жол ашылады. Еліміздегі демографиялық өсім білімге деген сұранысты арттырып отыр. Мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуда. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда, жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі саяси ұстанымының бірі – қоғаммен тығыз қарым-қатынас орнату. Ел азаматтарын Отанымыздың алдында адал қызмет етуге, абыройлы іс жасауға, терең білім алып, ерінбей еңбек етуге шақырады. Мемлекет басшысының бұл Жолдауы алдағы реформалардың табысты болуына үлкен сенім ұялатады.

Біз Президенттің түбегейлі реформаларын толығымен қолдаймыз. Қазіргі таңда бұл еліміздің табысты дамуы үшін де, әрқайсымыз үшін де өте маңызды.

Гүлжамал ЖАПАРОВА,

«Тұран-Астана» университетінің

ректоры

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button