#Жаңа Қазақстан

Нақты серпіліс қажет

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Үкіметке агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліске қол жеткізуді тапсырды.

Отандық ауыл шаруашылығы өте күрделі жағдайда тұр. Gosagro субсидия­лау жүйесі қалыпты режимде жұмыс істемейді. Фермерлер 2020 жылдан бері барлық субсидия түрін уақытында ала алмаған. Бұл оларды жылдық 20 пайызбен қымбат несие алуға мәжбүр етіп, қаржылық жағдайын айтарлықтай нашарлатып отыр.

Тек Ақмола облысы бойынша 23 мың өтінімнің 13 мыңы ғана қаралған, ал Жетісу облысы бойынша 1600 диқан пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды ала алмай отыр. Биыл аграрийлерді қолдауға субсидия өткен жылмен салыс­тырғанда (426,1 млрд теңге) 5,4%-ға аз бөлінді. Тыңайтқыштарға субсидия­лау 23%-ға, пестицидтерге 27%-ға, мал шаруашылығына 21%-ға, бағаны тұрақтандыруға субсидиялау 20%-ға қысқарды. Ауыл шаруашылығын субсидиялауға биыл бөлінген қаржы өткен жылғы қарызды өтеу үшін жұмсалған. Ал биылғы тапсырыс бойынша 124,5 млрд теңге тапшылық пайда болған. Үкімет қосымша қаржы бөлу жөніндегі шешімді әлі қабылдаған жоқ. Мұндай жағдайларда елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, аграрлық саланың бәсекеге қабілетін арттыру мүмкін емес. Бүгінде Ресей Федерациясы сүт өңдеушілерді тоннасына 25 доллар көмек жасайды, ал Қазақстанда тоннасына 5 доллардан аспайды. Келесі жылдан бастап Ресей сүт өнімдерін экспорттаушылар үшін көлік шығындарын 100% субсидиялайды. Ал бізде субсидия шектеулі, екінші дәрежедегі банктердің кредиттеу мөлшерлемесі өте жоғары, нәтижесінде қазақстандық өндіріс қысқарып, тоқтауда. «Агропродукт» (Алматы) және «Маслодел» (СҚО) сынды екі сүт өңдеу ірі кәсіпорны жабылды. 12 құс фабрикасының жұмысы тоқтап, Ресей, Беларусь, Өзбекстаннан құс өнімі импорты артып, Қытайдан сапасы күмәнді өнімдер көптеп әкелінуде.

Ақпан-шілде айларында Ресей және Беларусь шұжық өнімдерінің бағасы Қазақстан нарығында екі есеге төмендеп кетті. Қазақстандық ет кәсіпорындары қоймаларға жұмыс істеуде. Күнбағыс тұқымына экспорттық кеден салығын енгізу нарықтық бағаның 30%-ға төмендеуіне әкелді. Қабылданған шаралар Қазақстанның емес, шет ел өндірушілерінің «пайдасына» жұмыс істеп кетті, май өңдеу зауыттары күнбағысты шетелден тасуда. Мал шаруашылығында да жағдай өте ауыр. Тірі малды әкетуге тыйым салу, ірі қараға экспортты квота жасау шаралары да теріс нәтижелер берді. Ауылда жеке үй шаруашылықтары өзінің малын өткізуге зар болып қалды. Соның салдарынан малға қарап отырған ата-аналар балаларын мектепке дайындауға ақшалары жоқ.

Халық нанды қарызға алатын жағдайға жеткен! Қазақстанның астық нарығындағы жағдай да тұрақсыз. Азықтық бидайдың орташа құны өткен жылмен салыстырғанда 1,5-2 есеге арзандап кетті, бұл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің жаппай банкротқа ұшырауына себеп болуы мүмкін. Яғни еліміздің аграрлық саласы жүйелі дағдарыс алдында тұр. Amanat партиясы отандық аграрийлерді осынау қиыншылық шеңгелінен құтқару қажет деп есептейді. Біздің аграрлық секторға, ауыл адамына адами қамқорлық қажет. Елге бірігіп қамқорлық жасайық! Орын алып отырған олқылықтарды депутат корпусымен бірігіп, фермерлерді, сарапшыларды қатыстыра отырып, нақты шешім қабылдау маңызды. Халықтың шыдамы шегіне жетіп тұр.

Ерлан САИРОВ,

Мәжіліс депутаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button