Елорда тынысы

Мультфильмді тегін тамашалады

Елордада «Жан жылуы» шарасы аясында балалар үйінің тәрбиеленушілері кинотеатрға тегін барды.

«Keruen city» сауда, ойын-­сауық орталығының кинотеатрында Астана қаласы әкімдігінің, «Кинопарк» кинотеатрлар желісінің қол­дауымен «Жас сарбаз» жасөспірімдер ­әскери-патриоттық қозғалысы РҚБ Астана қалалық филиалының ұйым­дастыруымен астаналық балалар үйінің тәрбиеленушілері «Ағайынды Супер Марио кинода» атты мультфильмді тегін тамашалады.

«Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек болашақ сарбаздарды мәдениетке баулу патриоттық тәрбиеде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

«Залда 8 бен 18 жас аралығындағы 90-нан астам балалар мен жасөспірімдерді, соның ішінде балалар үйінің тәрбиеленушілері мен «Жас сарбаз» қозғалысының қатысушылары жиналды. Біз өз қатарымызға жас сарбаздарды шақыруға ынталымыз. Жалпы мұндай акциялар тұрақты түрде өткізіледі» деді ол.

Мектеп оқушысы Темірлан Саржанов құрдастарымен бірге кинокөрсетілімге барып, шытырман оқиғаға толы мультфильмді көру барысында серігіп қалғанын жеткізді.

«Мен қайырымдылық шарасына бірінші рет қатысып отырмын. Маған қатты ұнады. Біздің оқу орнымызда патриоттық тәрбиеге көп көңіл бөлінеді. Болашақта мен де Отанға адал қызмет етіп, өз елімді қорғағым келеді» деді оқушы.

Естеріңізге сала кетейік, қазіргі уақытта елорданың 95 мектебі мен 37 колледжінде «Жас сарбаз» сыныбы мен клубы құрылып, барлық тәрбиеленушілер саны 7000 адамнан асып отыр.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button