Руханият

Мұстафаның мұраты

Елордада Мұстафа Кемал Ататүрік даңғылы бар. Ал Есіл өзенінің оң жағалауына жақын жерде 2009 жылы 14 қазанда ашылған Ататүріктің ескерткіші мен Түрік елшілігі орналасқан ғимараттың қарсысындағы гүлзар бақ көпшіліктің сүйікті демалыс орнына айналған.

Ататүрік – Түркия Рес­публикасының тұңғыш президенті әрі оның негізін қалаушы, тұйықтан жол тапқан ұлт көсемі, саяси реформатор, бас сардары ретінде шетел интервенттерінің әскери күшіне тойтарыс беріп, түрік халқын жеңіске бастаған түріктердің біртуар тұлғасы. Тек Түркия­да ғана емес, әлемде елеулі із қалдырған ұлы көшбасшы. 2000 жылы ағылшындардың «Тайм» журналы «ХХ ғасырдың 100 ықпалды тұлғасы» тізімін жариялайды. Сол тізімнің «Көшбасшылар» тізімінде Уинстон Черчилль­ден кейінгі орында Кемал Ататүріктің болуы – оны әлем мойындағанының белгісі.

Мұстафа Кемал Ататүріктің дәуірі – Еуропа, Африка және Азия құрлықтарын бағындырған, 623 жыл салтанат құрған Осман империясының бөлшектеніп, ыдырап жатқан кезеңімен тұстас келді. Мұстафа Кемал Осман империясының күйреуі мен оның қалай құлағанын, тағдырлы таң­даудың алдында тұрғанын өз көзімен көрді. Отанын қорғау, елін азат ету жолында жанын шүберекке түйіп, ұлт-азаттық күресті бастап, түрлі сынақтан аман өтіп, Анкараға келіп, алдымен Анкара үкіметін, сосын мемлекеттің негізін қалап, жауларды Түркияның жерінен тазартты. 1923 жылы 29 қазанда Түркия мемлекетін құрды. Әскери адам болса да, жаңа мемлекетті заманауи, зайырлы, өркениетті, ұлттық мемлекет ретінде қалады. Ататүріктің идеялары осы күннің өзінде әлі күшін жоймай келеді. Әуел баста мемлекеттің негізін дұрыс қалағандықтан болар, жасаған реформалары мен еңбектері бүгінде Түркия­ны әлемде экономикасы дамыған, мәдениеті жоғары мұсылман ел деңгейіне жеткізді. 1923-1938 жылдары аралығында 4 рет президент болып сайланды. Шетелдіктер тарапынан Ататүрік туралы 380-дей шығарма жазылды. 1981 жыл ЮНЕСКО тарапынан «Ататүрік жылы» болып жарияланды. Ататүрік жаңа мемлекетті зама­науи және зайырлы ұлттық мемлекетке айналдыру мақсатымен үлкен саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени реформаларды жүзеге асыр­ды. Реформаларға келер болсақ, ақысыз мыңдаған мектеп ашып, халықтың сауатын көтеруді міндеттеді. Әйелдер тұңғыш рет азаматтық және саяси құқықтармен бірге Ататүрік реформаларынан кейін сайлау және сайлану құқығына ие болды. Шаруаларға салынатын салық көлемі азайды. Араб әліпбиінің орнына латын әліпбиіне көшу реформасы өте қысқа мерзімде Ататүріктің басшылығымен жүзеге асты. Алғашқы түрік ақпарат агенттігі – «Анадолуны» құрды. Бүгінге дейін Түркияның іргелі банкін – «Türkiye İş Bankası» ашты. Индустрия мен ауыл шаруашылығын дамытуға арналған ауқымды заң қабылданды. Зайырлы мемлекет формасы Ата заңмен бекітілді.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button