Спорт

Асығың алшысынан түссін!

«Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар». Бұл даналықтың мән-­мағынасы өзгеріп, қазір доп тепкен табысты, асық ойнаған танымал болуда. Рас, асық ату бұқаралық спорт ретінде дамып, түрлі деңгейдегі жарыстар жиі өтеді. Осы турасында Астана қаласы Асық ату ойындары федерациясының президенті Ескендір Рахметовтен сұрадық.

– Ерте заманнан ұлттық ойын ретінде дамып, ойнау шарты заманға сай өзгеріп, баланы мерген, епті, зерек, табанды, шыдамды болуға шыңдады. Тіпті ұлттық ойынның кейбір түріне ересектер де қатысты. Көшпенділер арасында асықты тұмар ретінде тағып, ұлттық қазына ретінде дәріптелді. Ақсақалдар өскелең ұрпаққа «Асығың алшысынан түссін!» деп бата беруінің мәнісі осында, – деп сөзін бастады ол.

Асық атуға мектеп оқушыларының қызығушылығы жоғары. Астана қаласында 500-ге жуық оқушы асық атудың қыр-сырын меңгеріп, түрлі деңгейдегі жарысқа қатысып жүр. Қазір елорданың командасында 60-тан аса сұрмерген жаттығады. Бізге асық атудың қай түрінен жарыс өтетіні қызық болды.

– Асық ойынының түрі көп. Ханталапай, омпа, алшы, шыр, тәйке сынды асық ойыны халық арасында кең тараған. Біз асық ойынының екі түрін ресми бекіттік. Бестабанды ұлдар, бестасты қыздар ойнайды, – деді асық атудан бас қаланың бас жаттықтырушысы Ескендір Рахметов.

Бүгінде Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Асық ату федерациясының қолдауымен республикалық, халықаралық турнирлер жиі өтеді. Тіпті аудандық, облыс­тық деңгейдегі жарыстар жолға қойылды. Ел бойынша 2 мың жаттықтырушы 6 мыңнан аса спортшыны баптайды. Дәл осы асық ату спортынан елордалықтар үстемдік құрып тұр. Оған Астананың ерлер құрама командасы Қазақстан чемпионатында бес рет үздік болғаны дәлел. Әйелдер арасындағы чемпионатта елорданың спортшылары төрт рет дараланды. Одан бөлек, жастар арасында үш рет, жасөспірімдер арасында екі рет чемпион болған-ды. Бұл – үлкен жетістік.

– Әділхан Жұмағұлов, Мырзамұрат Қайыпбеков, Нұрғанат Молжігітов ел чемпионатында бес рет, халықаралық «Азия асығы» мен «Кейкі мерген» турнирінде екі рет топ жарды. Аслан Бұланбай, Нұрбек Асанқұл, Мыңтөре Нұрбақыт жастар арасындағы ел чем­пионатында тұғырдан таймай келеді. Одан бөлек, Айбек Аманкелдіұлы, Ұланбай Асылан, Жанболат Жамбыл, Айдын Жасұзақ, Есен Жұмағұлов, Оралбек Ақтілеуов, Бекжан Кенжебек сынды сақа спортшылар бар. Айжан Серікова, Перизат Елемес, Саягүл Жарылқасын, Камила Даниярова, Назерке Әуелбаева, Аружан Жақыпбек, Кәусар Серік, Салтанат Мұхтар және тағы басқа спортшылармен мақтанамыз. 59 жастағы Анаргүл Қожаниязова Азия чемпионатын ұтты. Ардагер ойыншылар арасында Советхан Шакиев ағамызды ерекше атауға болады, – деді ұлттық ойынның жанашыры.

Бала кезімізде алшы, тәйкі, шіге, бүге деп асықты атап, күн ұзақ ойнап, асыққа рең беру үшін түрлі түске бояуға мән беретін едік. Шіркін, бізді асық ойнайтын балалар қайта көбейе бастағаны қуантты!

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button