Спорт

Рухы мықты атлет

Астана қаласында талантты, талапты спортшы көп. Солардың арасында Едіге Ембердінің орны ерекше. Ол ауыр атлетикадан әлем рекордын жаңартып, өзінің чемпионға тән болмысымен көпшілікке танылды.

Ата-анасы оны үш жасында каратеге береді. Сосын суға жүзуді меңгеріп, күрес залының есігін ашады. Он жасқа келгенде ағасы Лесбек Жәнібекпен бірге ауыр атлетикаға келеді.

– Лесбек ағам бокс залына баруыма себепші болды. Онда Айбек ағай ауыр атлетиканың артықшылығын бар ынта-ықыласымен түсіндіріп, қыр-сырын үйретуі осы спортқа қызығушылығымды арттырды. Ауыр атлетикада тек өз-өзіне сенімді адамдар ғана нәтиже көрсете алады, – деп сөзін бастады чемпион.

Сөзсіз, мықты спортшының артында білікті бапкерінің еңбегі тұрады. Жаттықтырушы шәкіртінің бабын тауып, сенімін арттырса ғана жеңістің жолы жақындай түседі. Біз спортшының жеке бапкері Айбек Аманиязовты сөзге тарттық.

Астана қаласы тұрғындарының 37 пайызы бұқаралық спортпен айналысса, кәсіби түрде 18 мыңнан астам спортшы (2 мың ересек, 16 мың жасөспірім) шұғылданады

– Едіге – жігерлі жігіт, рухты спортшы. Ол талай рет жеңілістің ащы дәмін татты. Алайда берілген жоқ, өз-өзіне сенді. Шеберлігін шыңдап, тер төкті. Сөйтіп, 17 жасқа толғанда күші толысып, жеңіске жетудің жолын тапты. Кейбір спортшылар залда ауыр салмақты бағындырып, өзін чем­пион сезінеді. Бірақ жарыс алаңына шыққанда жанып кетіп, нәтижелі өнер көрсете алмайды. Кейбір атлеттер залда көтере алмайтын штанганы жарыста көтеріп жатады. Едігені екіншісіне жатқызуға болады. Оның сыры – ішкі рухында. Кешегі батыр бабаларымыз­дың бір ерекшелігі ішкі рухының биіктігінде еді ғой! Сол секілді Едіге штанганы көргенде арқаланып, оны бағындырмай тынбайды, – деп қысқа қайырды білікті бапкер.

Рас, ішкі рухы мықты адамдар биік белесті бағындырады. Осы ретте Едігеден алғашқы жеңісі туралы сұрадық.

– 2015 жылы «Жас батыр» спорт кешенінде өткен қалалық турнирге қатыстым. Сол жарыста үшінші орын алып, әбден жылағаным есімде. Қазір ойланып қарасам, спорт жолындағы үлген жетістігім екен. Өйт­кені өз-өзімді қамшылап, техникаларды терең меңгеруіме осы жарыс түрткі болды, – деді ол.

Спортшының болмыс-­бітімі мен қабілет-қасиетін бір жақсы білсе, ол – бапкері. Атлеттің көңіл күйін бағып, ішетін тағамын бақылайды. Мұның бәрі оңай шаруа емес. Айбек Аманиязовты сондай еңбекқор жаттықтырушы деу­ге болады. Одан шәкіртінің ең жоғары жетістігін сұрадық.

– 2022 жылы Едіге Емберді Ташкентте жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында, Мексикада байрағы көтерілген әлем чемпионатында дараланды. Индонезия атлеті Ризки Джуниансияға тиесілі әлем рекордын жаңартты. Өткен жылдың қорытындысымен елдің үздік спортшысы атанды. Бұл жеңісті жолдың басы ғана. Мексикада жастар арасында өтетін әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалудамыз. Шәкіртім байрақты бәсекеде сенім үдесінен шығатынына сенемін, – деді ауыр атлетикадан Астана қаласының аға бапкері А.Аманиязов.

Илья Ильин сынды Едіге де серпе көтеруге епті. Мысалы, Мексикадағы әлем чемпионатында ол серпе көтеруде 172 келіні бағындырса, екінші орынды алған өзбекстандық Д.Ерматов 157 келі көтерді. Кім біледі, даңқты спортшы Илья сынды Едіге де еліміздің көк байрағын биіктетеді. Біз соған сенеміз!

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button