Спорт

Біздің бапкер!

Ежелден қазақ ұлты қыран мен жүйрікті баптаған адамды ерекше ­құрмет тұтты. Өйткені бұл екі өнер елдің айбынын көрсетіп, ­абыройын асырды. Бүгінде халықаралық байрақты бәсекелерде ел мерейін ­асырып жүрген спортшылар десек, оларды баптайтын бапкерлерге де құрмет жоғары. Сондай білікті бапкердің бірі – Асқар Еркебаев.

Спортшының фи­зикалық күш-­қуатын арттырып, тактикалық және техникалық қабілетін шыңдап, психология­сын дамыту оңай шаруа емес. Физикалық жүктемеден кейін спортшының қайта қалпына келуін есептеп, жарысқа да­йындау тіпті қиын. Сондықтан алғашқы сұрақты осы бағытта қойдық.

– АҚШ-тың желаяқтары, Қытайдың ауыр атлеттері жыл өткен сайын жаңа рекордты бағындырып, таңғалдыруда. Мұндай жоғары жетістіктің сыры неде? Әрине, ғылымда. Спорт саласы ғылымсыз, инновациясыз дамымайды. Астанада спортшыларға арналған медициналық орталық ашылды. Бұл – құптарлық әрі қуанарлық жағдай. Енді әрбір спортшының физикалық жағдайын бақылау маңызды. Қашан, қалай, қандай жүктеме беру керек, бабына келгеннен кейін не істеу керек? Мұның бәрі ғылыми тұрғыда сүйемелденіп, оқу-әдістемелік құрал ретінде жас бапкерлерге ұсынылғаны дұрыс. Міне, осының бәрі ғылым мен спорттың үйлесімді жұмысының арқасында іске асады. Сонда ғана АҚШ пен Қытай сынды спорты дамыған алпауыт елге айналамыз. Жарысқа бабында барған спортшының көзінде от ойнап, жігері тасып, шаршы алаңда өзінің шеберлігін көрсете алады, – деді бапкер.

Асқардың кіндігі Жамбыл облысы Шу ауданында кесілді. 13 жасынан Құрманғали Қаршығабековтің қоластында жаттығып, бокстың қыр-сырын меңгерді. Көп ұзамай аудандық, облыстық деңгейдегі турнирлерде топ жарып, республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстарда жасындай жарқырады. Сөйтіп, спорт шебері атанды.

2006 жылы Шу ауданында бапкерлік жұмысты бастады. 2009 жылы елордаға қоныс аударып, сүйікті жұмысын жалғастырды. Шәкірттерін тәртіпке баулып, жауапкершілікті сезінуге үйрететін бапкердің еңбегі еш кетпеді. Ел намысын қорғайтын Айбек пен Нұрбек Оралбай сынды мықты боксшыларды тәрбиеледі.

– Шәкірттерімнің ішінде ағайынды Оралбайдың мерейі үстем. Айбек – Азия чем­пионы, Нұрбек – әлем чемпионы. Екеуі­нің арманы – Олимпиада ойындарында бірге топ жару. Олар осы жолда тер тегуде.

23 қыркүйектен 8 қазанға дейін Қытайда ХІХ Азия ойындары өтеді. Соған қатысамыз. Қазір Алматыда ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынында дайындалудамыз, – деп шәкірттерінің мұратын жеткізді ол.

Шыны керек, бокс төңірегінде сұрақ көп. Соның бірі – Токиода өткен Олимпиада ойынындағы сәтсіздік. Екіншісі – қазақ-өзбек боксының бәсекесі.

– Кез келген спорт бәсеке болған жерде дамиды. Елішілік жарыстарда әр салмақ дәрежесінде бірнеше боксшы шеберлігімен көзге түседі. Ал әлем және Азия деңгейіндегі бәсекелі турнирлерде қазақ-өзбек бәсекесі қызады. Бұл қазақ боксшыларын физикалық, техникалық, психологиялық тұрғыда дайындауына ерекше серпін береді. Ал Токиода өткен төртжылдықтың басты бәсекесі туралы ешнәрсе айта алмаймын. Өйткені бұл турнирдің басы-қасында болған жоқпын. Біздің мақсат – Париж Олим­пиадасында биіктен көріну. Осы жолда ізденіп, боксшылардың шеберлігін шыңдау үстіндеміз, – дейді Қазақстанға еңбегін сіңірген жаттықтырушы.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button