Ел тынысы

Шығысқа саяхаттың шипасы мол

Шығыс Қазақстандағы туризмді айтқанда, бірден Қатон-Қарағай ұлттық паркі, Марқакөл қорығы ауызға  оралады. Табиғаты сұлу,  жер бедерінің құрылысы өте күрделі өңір көрген көзді тамсандырып, талайларды таңдай қақтырады. Дегенмен елдегі барлық туристік нысандарға тән мәселелер мұнда да бар. Соған қарамастан өңірде демалушылар қатары соңғы жылдары артып келеді. Туристер сұранысына қарай мұнда жету қиын жоталарға, таулар арасына тереңдей орналасқан шипалы, таза сулар мен орындарға апарып-келуді, жалпы саяхатты ұйымдастыратын туристік компаниялар баршылық.

         Облыстың 9 ауданы болса, еліміздегі атақты туристік нысандар соның біразында орналасқан. Алтай, Глубокое, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Самар, Тарбағатай, Ұлан, Шемонаиха аудандарында тек қазақстандық қана емес, сонымен қатар әлемдік туристік нарықта әлеуетті бәсекеге қабілеттілігін көрсете алатын айрықша табиғи-географиялық, климаттық, бальнеологиялық, мәдени-тарихи ресурстар бар. Сондықтан өңір туристік әлеуеті жағынан Алматы мен Астана қалаларынан кейін 3-орынды иеленеді. Туристік кластер әсіресе облыстың солтүстік және шығыс бөліктерінде дамыған.

       Табиғат сұлулығынан басқа тарихи және мәдени объектілерге бай, шипажайлары мен емдеу орындары көп Қатон-Қарағай ұлттық саябағы – туристер жиі баратын нысан. Қатонқарағайға биыл демалып қайтқан елордалықтардың бірі Бибігүл Құдасова туристік компанияны инстаграм арқылы тапқан. Осы ұлттық парктің аумағы бойынша 7 күндік демалысқа ол 110 мың теңге төлеген. Одан бөлек жол шығынына, яғни Астанадан Өскеменге ұшақпен жетіп, қайтып келуіне ертерек алып қойғанда 56 мың теңге жұмсаған. Қолына өзінің жеке шығындарына қосымша тағы артық ақша алып шыққанда, барлығы 200 мыңға жуық қаржымен Қатонқарағайдағы демалысын өткізген.

-Тур ақысын алдын ала 1 ай бұрын төлеп қойдық. Белгілі бір пайызын төлеп алдымен орын брондадық. Бізді ұшақтан қарсы алып, бірден Бұқтырма өзеніне апарды. Сол өзен тұсында түстеніп, одан әрі Қатонқарағай ауылын басып өтіп, Өрел ауылына жеттік. Сонда бізді Шәкәрім қонақүйіне орналастырды. Бір турдың аясында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 30-дан астам турист бас қосып, 4-5 көлікпен бірге жүрдік. 1 апта бойы бірге демалып, соңында бір-бірімізді қимай қоштастық. Туристік компания қызметкерлерінің бізді күтіп алуы, 7-8 адам болып басынан аяғынан дейін бірге еріп жүргендері, жолда тоқтаған жердің бәрінде табиғат аясында жылдам тамақ жасап, біздің көңілімізді тауып жатқаны ұнады. Атап айтқанда, ескі Австрия жолына көтеріліп, Тынық көліне жаяу серуендедік, Берел қорғандары мен мұражайына бардық, марал шаруашылығын, Климова омартасын көрдік, Қаракөл көлі, Рахман қайнары жағасында шатыр тігіп, түнедік.  От жағып, қой сойып, табиғат аясында керемет саяхат өткіздік. Әрине, қонақ үйі бірнеше жұлдызды әсем ғимарат емес, ескі бастауыш мектеп ғимаратын өздеріне икемдеп, жөндеп алған. Бірақ іші, төсек орны таза, біз бәрібір күні бойы табиғат аясында жүріп, тек қонуға келгендіктен оның жағдайына аса мән бермедік. Жолдар сапасына келсек, тас төселген жолы да, грейдер жолдары да, шұқыры көп жерлері де бар. Ал соның бәрін тау жоталарының арасына тереңдей еніп, ғажайып өлке табиғатын көріп, шипалы суына шомылған кезде ұмытасың. Мен біраз шетелде, Қазақстанның өзге өңірлерінде саяхатта болғанмын, бірақ мынадай керемет жерді алғаш көруім,  – дейді Бибігүл. Дегенмен ол қонақ үй ішінде де, жолда да әжетхана мәселесі қиындық келтіргенін жеткізді. Әсіресе, жол бойында аялдаған кезде бар әжетханалардың өзі сасып, қабырғасы ескі ағаштан қаусап тұрған болса, кей тұстарында мүлдем әжетхана жоқтықтан туристер қажеттіліктерін бұталар қуысына барып өтеген.

Осы турды ұйымдастырушы, Katonkaragaytour компаниясының басшысы Олжас Тоқышев – Шығыс Қазақстан облысы бойынша туризмді дамытуға үлес қосып жүрген кәсіпкерлердің бірі. Оның 10 адамнан тұратын командасы биыл жазда осындай 30-дан астам тур ұйымдастырған. Тіпті қыста да келушілер үшін қызмет етеді.

-Негізі біз осы облыста қысы-жазы тур ұйымдастыратын жалғыз компаниямыз. Қалғандары көбіне тек жазда жұмыс істейді. Тағы бір ерекшелігіміз – біздің команда мүшелері осы Қатонқарағай ауданы, Өрел ауданының тумалары. Әр турға 20 адамнан қатыстырамыз. Қыста 3 және 5 күндік турлар бар. Ал жазда 2, 4,5,7 күндік турлар ұйымдастырамыз. Әр түрлі бағаға қонақ үйлер, өзіміздің автопаркіміз бар, сонымен қатар монша, караоке кафесі, банкет залы мен жазғы террасасы бар кешенге иеміз. Бағасы 30 мың теңгелік 2 күндік турға Өскеменнен Өрел ауылына трансфер, Шәкәрім қонақ үйінде тұру, күніне 3 мезгіл тамақтану кіреді. Сонымен қатар екі күнде марал шаруашылығына сапар, Тынық көліне жаяу саяхат, Берел қорғаны мен мұражайға бару, Бұқтырма су қоймасы және Ясная Поляна мұражай үйіне саяхат ұйымдастырылады. Ал 4 күндік жылқымен серуендеу турының бағасы 120 мың теңге тұрады. Бұл қаржыға трансфер,  қонақ үйде тұру және күніне  үш мезгіл тамақтан бөлек екі күн атпен серуендеу кіреді, яғни Текелі деген жерге атпен барамыз, Тынық көліне тоқтап, Аршаты ауылын және Дембель тасын көреміз. Сол жерде туристер Алтай тауларының түбінде аңшылар үйінде бір күн түнеп, сарқырамаларды тамашалайды, – дейді жас кәсіпкер.

Сонымен қатар олар ШҚО бойынша 1300 км жол жүрілетін автотур саяхатын ұйымдастырады. Бұл 7 тәуліктік автотур құны – 200 мың теңге. Аталған қаржыға тамақтану, асты биік автокөлікті жалға алу, шығыс аспазының қызметтері, Қатон-Қарағай паркіне және Марқакөл қорығына кіру билеттері, қонақ үйлер мен үйлерді жалға алу, шекара маңындағы аумақта құжаттарды ресімдеу, гид қызметі және туристік жабдықтарды жалға алу кіреді. Сапар кезінде туристер Киін-Керіш, Шекілмес, Марқакөл, Қатон-Қарағай, Рахман қайнары, Қаракөл көліне барады.

-Бес күндік турда Өрелге жетер жолда қауіпті серпантин жолдан өтіп, күнбағыс алқаптарын көреміз. Осы жолда Бұқтырма су қоймасына тоқтағанда күн көзі ашық, жылы болса, суға шомыламыз. Қатонқарағай ауданының кіре берісіндегі сүзіскен буғылар ескерткіші қасында сүретке түсеміз. Екінші күні Ескі Австриялық жолымен көлікпен жүреміз, жол бойындағы кішкентай сарқырама мен батпақты аралаймыз, Алтай тауының шыңдарында суретке түсеміз. Түскі ас ішіп болғасын ауылдан 7 км қашықтықта орналасқан Тынық көліне жаяу барамыз, табиғат аясында сейіл құрамыз. Үшінші күні Қаракөлге, яғни Язь көліне жол талғамайтын көліктерімен барамыз. Жамбыл ауылы арқылы өтіп, алдымен Бұқтырма өзенінің үстіндегі ескі аспалы көпірмен жүреміз, содан кейін петроглифтер үңгірлерінің суреттерін көреміз, түстен кейін атақты Берел қорымына жетеміз, сонда мұражай мен Сақ ханшайымы қабіріне барамыз. Мұзтау тауына баратын Ақ Берел жолымен жүреміз, жолда біз сарқырамаларының керемет каскадын көріп Қаракөлге жетеміз. Осы көл жағасында таңды атырып, төртінші күні Мұзтаудың көрінісіне таңырқаймыз, таңғы ас ішіп, қайықпен және катамаранмен жүземіз, қалаған адам балық ауласа болады. Түскі астан кейін әйгілі Рахман қайнарына қосымша төлем бойынша жол жүреміз, онда туристер өтініші бойынша ванна қабылдауына болады. Кешке қонақ үйде бізді жылы монша мен дәмді тағам күтеді. Бесінші күні табиғи өнімдермен таңғы ас ішіп, заттарымызды жинап, Өскеменге жолға шығамыз. Қайтар жолда Бұқтырма су қоймасының жағасына тоқтап, суға түсіп, балық аулауға мүмкіндік беріледі. Осының бәрі әр туристке 85 мың теңгеге  шығады. Бұл турларға шетелдік туристер де жиі келеді, мәселен, биыл Италия мен Пәкістаннан туристер келді, – дейді Олжас. Оның командасы Алматыға, тіпті Маңғыстауға да турлар ұйымдастырады. Табиғаттың ластанбауы, қоқыстарға толмауын туристік компания басшысы әрбір турдан кейін қадағалап отыратынын айтты. Әлеуметтік желіні ашып, іздесеңіз, шығысқа саяхат ұйымдастыратын басқа да компанияларды кездестіруге болады. Алайда олардың бағасы біраз қымбаттау екені байқалды. Мәселен, «Рахат тур» компаниясы Марқакөлге 3 күн, 2 түндік демалысты 100 мың теңгеге бағалап тұр.

Биік жоталары мен ну орманы көп, жолы қауіпті бұл табиғи орындарда өз бетіңше саяхаттау қиындау. Ол үшін жол талғамайтын, асты биік көлігіңмен қоса, аталған туристік орындарға баратын жолды жатқа білетін, ойлы-қырлы бұрылыстардан қорықпай өтіп кете алатын кәнігі көлік жүргізушісі керек. Ондай көлігіңіз бен кәсіби жүргізушіңіз болмаса шығыстың жоғарыда аталған таңғажайыптарын тек арнайы маманданған туристік компаниялар көмегімен ғана емін-еркін тамашалай аласыз. Тау жоталарының арасындағы жолдар сапасының нашарлығы, инфрақұрылымның дамытылмауы туристік компаниялар үшін тиімді көрінеді. Сондықтан тек өз бетінше барған ел айтпаса, олар бұл жағынан ешкімге де шағымданбай, кәсібін дөңгелетіп отыр.

Жету жылдамдығына келсек, жақында туристік саланы дамыту мақсатында Қатонқарағай ауданында жаңа әуежай салу мәселесі облыс әкімдігінде қаралды. Алайда бұл әлі талқыланып жатқан, түбегейлі шешілмеген мәселе. Егер бірден ауданға ұшып бару мүмкін болса, Өскеменнен Өрелге дейінгі 480 км жол қысқарады.

Әсем табиғат аясында, сауықтыру кешендерінде денсаулықты жақсартып немесе тау-шаңғы курорттарында керемет демалыс өткізуге мұнда мүмкіндік мол. Сонымен қоса облыс орталығы – Өскемен қаласын да көлік және сауда жолдарының торабында оңтайлы орналасуына байланысты «Таулы Алтайдың қақпасы» деп атайды. Шығыс Қазақстан облысына сапарға аттансаңыз, бұл ғажайып қаланы аралауды да жоспардан тыс қалдырмаңыз. Туристік әлеуетіміз осындай жоғары бола тұра әлем халқы бізді туристік мақсатпен баруға тұратын ел ретінде әлі де өте аз біледі. Кейбір сарапшылардың айтуынша, туристік саланың дамуының төмен деңгейі елдің туристер үшін жағымды имиджін қалыптастыру мәселесіне қатысты ғылыми зерттеулердің жоқтығымен де тікелей байланысты.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button