Мәселе

Тәрбиеге айналса…

Бұрыны тойлар қалай өтуші еді? Бақ қонған елдің бай-бағландары қызықшылығына алыс-жақындағы ел жақсылары мен құда-жекжатты, ағайын-туысты шақырып, қазан көтеріп, ат шаптырып, балуан белдес­тіріп, ақындарды айтыстырып, жиын-той жасайтын. Бір жағы, зекет берудің формасы ретінде қабылданды. Сосын тойда қызмет ететін ауыл-аймақтағы кедей-кепшікке «бір тойып же!» деген ниетте бөлек дастархан жайған-ды. Яғни «тойып же!» деп бұйрық раймен айтылған тіркес-тұғын.

Сондықтан болар, тарихтан «пәленше деген кедей ұлан-асыр той жасады» деген сөз жоқ. Мұндайды «Бес ғасыр жыр­лайдыдағы» жыраулар поэзиясынан да, «Бабалар сөзі» қазақ фольклорының 100 томдығы жинағынан да таппайсыз. Кедейлер көрші-қолаң, жақын ағайынды шақырып, кішігірім ас беріп, үлкендердің батасын алғанға ұқсайды. Есесіне, ауыз әдебиетінде «отыз күн ойын, қырық күн тойын» жасаған байлар көптеп кезігеді.

Мәселен, Ілияс Жансүгіров­тің «Құлагер» поэмасында:

– Білмеймін кім екенін Сағынайдың,

Кім білсін, қай жыл өтті, өлді қай күн?

Малы мол, малайы көп, қатыны көп,

Әйтеуір болуы анық, бірі байдың, – дейтіні бар.

Прагматизм қағидасының түпкі мәні шама-шарқына қарай әрекет қыл дегенге саяды. Біздің бабаларымыз мұны жақсы ұстанды. Тек оның парқын біз түсіне алмай жүрміз. Ең өкініштісі – осы!

Өйткені той жасаған бай өзінің 100 жылқысының онын шығындаса, ешнәрсесі кетпейді, ал кедей үш жылқысының біреуін тойға атаса, қатты шығындалады. Қазіргі тойхана мен мейрамханалар кімдікі? Банктер ше? Бәрі байлардыкі. Кедей не істейді? Банктен кредит алады, сосын екінші байдың тойханасына төлейді. Айналып келгенде бай байып жатыр, кедей кедейленіп жатыр. Неге? Қоғамдағы әлеуметтік тепе-теңдікті бәсекелестік бұзды. Қазір мейрамхана шығынынан бөлек асаба мен әншілер шақырып, кортеж жалдауға миллиондаған қаржы жұмсалады.

Осы жерде ысырапшылдыққа, көзбояушылыққа, қанағатсыздыққа жол ашылатындай. Сосын не баспанасы жоқ, не тұрақты жұмысы жоқ, кредитке өмірі байланған жастар жараса алмай, ажырасып жатады. Тіпті, үйленгеннің жартысының дәм-тұзы жараспайды. Әрине, бұған әртүрлі әлеуметтік мәселе түрткі болуда. Дегенмен, қарызға, кредитке жасалған тойдың да жанама әсері бар. Оны мойындау керек.

Не істемек керек? Той өткізуді толығымен реформалау керек. Басқа жол жоқ. Қыз ұзату, үйлену және тағы басқа тойдың ара жігін ажыратып алған абзал. Болмаса тойда жасы да, жасымысы да араласқан тойда ерсі қылықты әрекеттерге куә бола береміз. Тойға батыс­тан енген қажетті-қажетсіз жөн-жоралғылардан арылтып, отшашулар, шашу, торт кәдісі және тағы басқасын тоқтату маңызды. Тойлардағы мән-мағынасыз, ерсі ойындарға шектеу қойып, асабалар той-жиынды мәдениетті басқаруын талап ететін кез келді. Өйткені, той – тәрбиенің құралы, мәдениеттің көрсеткіші. Әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді насихаттап, өнер жарыстырып, жастардың ұлттық таным-түсінігін кеңейтетін салтанат кеші.

P.S: «Той десе, қу бас домалайтын» қазекең өзбек, тәжік ағайыннан үлгі-өнеге алсақ қайтеді? Яғни, ысырапқа жол бермей, одан да жастардың білім алуына, ғылым игеруіне жағдай жасауды ойласақ қайтеді? Себебі, білімдінің, біліктінің, қабілеттінің алға озатын уақытта өмір кешудеміз. Олай болса, ойлану керек.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button