Елорда тынысы

Үздік аула жинаушы

«Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Сондықтан, біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында осылай дегені есімізде. Расында да, қуатты елдің діңгегі – халық болса, кәсібилік пен еңбекқорлық қашан да жоғары орында тұруы керек.

Айналамыздың айнадай болуына айрықша үлес қосып жүрген жандардың еңбегі кейде еленіп, ескеріле бермейді. Олардың мерейін өсіру мақсатында елордада жыл сайын жұмысшы мамандар арасында байқау өткізу дәстүрге айналған. Байқоңыр ауданында ұйымдастырылған осындай шараның биылғы жеңімпазы Нұрлан Рамазанов – «Ең үздік аула сыпырушы» номинация­сының жүлдегері.

Ол Кенесары көшесіндегі 45-үйдің аула сыпырушы болып жұмыс істейді. Таңмен таласа тұрып, балалар сабаққа, тұрғындар жұмысқа шыққанша ауланы мұнтаздай етіп қоюға тырысады. Табысын маңдай термен тауып, жанын салып жұмыс істеп жүрген, көп сөзге жоқ, еңбекқор жанды маңайдағылар тегіс жақсы біледі. Жай танып қана қоймайды, тындырымдылығы мен тиянақтылығы үшін жақсы көретіндер де бар.

Әдетте көпшілігіміз аула сыпырушы дегенде, қалай болса солай киініп алған, қолы-басы май-май, кір-қожалақ ебедейсіз бір бейнені көз алдымызға  елестетеміз. Жасыратын несі бар, мен де сондай пікірдетінмін. Кезекті кейіпкеріммен кездесуге келгенде, бізді мұнтаздай таза, ұқыпты киінген, орта жастардағы ер адам қарсы алды. Өзін «Мен осы үйдің аула сыпырушысы Нұрлан Рамазановпын» деп сыпайы таныстырды. Таңырқағанымызды сезіп қойғандай, сұрағымызға тосылмай, бірден әңгімені жалғай жөнелді.

– Жасымнан тазалық пен тәртіпті жақсы көремін. Айналамды жинап жүруді асырап алған ата-анамнан үйрендім. Өзім балалар үйінде өстім. Ол жерде де көргенім – тек тазалық пен тәртіп. Бүгінде әкем де, анам да көз жұмған. Тірісінде берген тәлім-тәрбиесінің арқасында осындай болып ер жеттім. Мені тазалыққа, табандылыққа, адал еңбек етуге баулыған ата-анама алғысым шексіз. Үнемі осылай жүремін, тіпті аула сыпыруға шыққанда да ешқашан қолыма түскенді кие салмауға тырысамын. Ұраным: Еңбек – бәрін де жеңбек! Қандай кәсіппен айналыссам да, оны сапалы атқаруға жанымды саламын. Бәлкім, байқауда жеңіске жеткенім де осы өмірлік ұстанымның арқасы шығар, – деді Нұрлан Рамазанов.

Содан соң ол өзінің Степногор қаласында туып-өскенін, негізгі мамандығы ағаш ұстасы екенін, 1990-жылдары Кеңес Одағының күйреуімен талай кәсіпті ауыстыруға тура келгенін, қысқасы, осы күнге жеткенге дейін бастан өткергендерін қысқаша баяндап берді. Енді бүгін балалар ойнайтын алаң мен аулаларды таза ұстап, жол жиектерін жөнге келтіру, гүлзарлар мен көк шалғынды тегістеп қырқу, әйтеуір күні бойы бітпейтін бір қым-қуыт тірлік оның мойнында. Күн жылынып, қар ери бастағалы ауланы қыстан қалған күл-қоқыстан тазартады. Жаз бойы адамдардың бос кездерінде таза ауада тыныстауына барынша ықпал етуге тырысады. Күз келе жерде төгіліп жатқан жапырақтарды жинаумен айналысады. Кез келген аула сыпырушы үшін ең ауыры – қыс мезгілі. Әсіресе, қар көп түскен күндері уақытпен санаспай жұмыс істейді. Дер кезінде тазалап тастамаса, сәл жатқан қар қатып, мұз болады, оны ою да оңай емес. Сондықтан түскен қарды мезетінде шығарып, тазалап тастауды әбден әдетке айналдырып алғанын жасырмады.

Басшысының айтуынша, ­Н.Рамазанов жұмыс істеген уақыт ішінде өзін тек жақсы жағынан көрсетті. Жұмысқа уақытымен шығады, жауапкершілігі өте жоғары, тапсырылған аймақ үнемі тап-таза. Тұрғындар тарапынан ешқандай шағым түскен емес.

Аула сыпырушының жұмысына тұрғындар да дән риза. «Байқауда басқа аудандардан озып шыққанымыз – аула сыпырушының адал еңбегінің арқасы. Ол жұмысына тиянақты, қай уақытта далаға шықсақ та, есіктің алды тап-таза болып тұрады. Бұл кімге болса да жақсы. Сол үшін бұл кісіге ризамыз» дейді тұрғындар.

Әсіресе, сенбі, жексенбі күндергі демалыстан кейін аула күл-қоқысқа толып кетеді емес пе?! Ондайда ашуды ақылға жеңдіріп, сабырмен жұмысын жалғастырады. Сонымен бірге үздік аула сыпырушы тазалықты әркім өзінен бастауы керектігін, өзін сыйлайтын кез келген адам өзгенің еңбегіне де аса зор құрметпен қарайтынын алға тартты.

– Ауланы тазартып, айналаның тап-таза болғанын көргенде, көзім қуанады. Айналамыз таза болса, адамдардың көңіл-күйі де жайлы. Кейде екі күн демалыстан кейін аула ыбырсып, жұрт қоқысты қалай болса солай лақтырып кете береді. Әрине, мұндайда бәрін қалпына келтіру оңайға соқпайды. Дегенмен, біраз күш жұмсаймын, тез арада жөнге келтіріп қоямын. Адамдар бір-бірінің еңбегін бағаласа қандай жақсы болар еді, – дейді Нұрлан Рамазанов.

Расында да, кейде осы қала тазалығына жауапты адамдардың еңбегін елеп, бағалай бермейтініміз бар. Өкінішке қарай, бізде осылай. Ал шетелде ше? Мысалы, Жапонияда аула сыпырушы деген ең құрметті қызметтің бірі. Өйткені ол қызмет иелерінің арқасында жапон халқының даму деңгейі мен мәдениетін әлем халқы білетін болaды деген түсінік бар. Қаншалықты аула сыпырушы өз қызметін жақсы атқарса, соншалықты қала таза. Демек туристің де «таза Жапония» жайлы ойы қалыпты болады деген сөз. Сол үшін де олар ай сайын аула сыпырушыға 2200 доллардан жалақы береді. Тіпті, Жапонияда көптеген компания басшылары өз компанияларының алдын өздері сыпырады. Оны бір жағынан жаттығу санаса, екінші жағынан, тазалықты өздері тікелей қадағалауды ұнатады. Әрине, ондай компанияларда аула сыпырушылар да қызмет етеді.

Шын мәнінде аула сыпырушылардың қала тазалығына тигізер пайдасы зор. Сондықтан таң атқаннан тырбанып, ақша үшін емес, жанын салып, жауапкершілікті сезініп жұмыс істейтін жандар шынымен де көптің құрмет-қошеметіне лайық-ау.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button