Қоғам

Қос қолымен сурет салатын

…Төртінші сыныпта сынып жетекшіміз – Ерсайын Баймұқанов ағай болды. Бойында артық еті жоқ, дене бітімі түп-түзу, сұңғақ бойлы, ашаң жүзді жас ұстаздың шаш қою үлгісі, киген киімі бәрі өзіне жарасып тұратын. Көп сөйлеп, дауыс көтермей-ақ бәрін қас-қабағымен ұқтыратын ағайымыз бізге бастапқыда өте салмақты, тым талапшыл,  тіпті қаталдау мұғалім болып көрінді.

Бастауыш сыныптың алғашқы үш жылында мінезі жұмсақ Маруся апайға үйренген біз енді біртіндеп жаңа мұғалімнің сабақ беру мәнері мен мінезіне де бейімделе бастадық. Әсіресе, ұл балаларды көп босаңсыта қоймайтын ер мінезді Ерсайын ағай бізді біраз тәртіпке келтіріп, етек-жеңімізді жиып, жинақы жүруге үйретті. Ұл тәрбиесінде, әкеден кейін ер мұғалімдердің орны, өнегесі ерекше ғой. Қазіргі мектепте ұл балалар үлгі тұтып, оларға қарап бой түзейтін біздің Ерсайын ағай сынды ер мұғалімдер жетіспей тұрғанын несіне жасырамыз.

Ол солақай болатын. Тақтаға, сынып журналына сол қолымен жазатын. Есімде анық қалғаны суретті өте жақсы салушы еді. Сурет салғанда екі қолына екі борды алып, қос қолымен бірдей жұмыс істейтін. Бірде мұғалім тақтаға жеміс-жидек суреттерін салып көрсетті. Оның екі қолына ұстаған борымен бір мезгілде жасаған синхронды қимылы қияр мен алманың симметриясы сақталған суреттерін бір-ақ сәтте тақтада бейнеледі. Бір нүктеден бастап екі қолымен бірдей сызған сызықтар екінші нүктеде түйіскенде тақта бетінде қауын-қарбыз бен басқа да жеміс-көкөністер дөңгелеп қалып жатты. Синхронды бір-ақ қимыл – бір сурет. Неткен шеберлік?!

Әсершіл баламыз ғой, ерекше әсерлендік. Мұғалімнің шеберлігіне тәнті болдық. «Мұғалім деген мықты екен-ау!», «Суретші болған қандай керемет?!» деп ойладық. Оған себеп болған қос қолдап бір ғана сыза салғаны қас-қағым сәтте сурет болып шыға келген Ерсайын ағайдың ерекше қабілеті болатын.  Бұл 1975 жылдың күзі болатын. Одан бері де арада 50 жылдай уақыт өтіпті. Соған қарамастан бала көңілге айрықша әсер еткен сурет сабағын, мұғалім шеберлігін осы күнге дейін ұмытпай келеміз.

Ұстазымыздың өнері, шеберлігі қатты қызықтырғаны сондай, сол жылдары Ерсайын ағай сынды суретші болсам ғой деп ойладым. Сол сыныпта отырған сыныптастарымның арасында да мен секілді ағайдың өнеріне қызығып, суретші болғысы келгендер аз болмағанына еш күмәнім жоқ.

Сол 1975 жылдың аяғында көрші ауылға көшіп барғаннан кейін де сурет пен сызу пәндеріне ерекше зейін қойып, қызыға оқып жүрдім. Пән мұғалімі Зейнегүл апайдың сурет үйірмесіне қатысып, жаңа жылда, түрлі мерекелерде үлкен плакаттарға авкарельмен сурет салып, қабырға газеттерін безендіруге де қатыстық. Осы пәнді жақсы көріп, сурет салуға қызығушылығымызды алғаш оятқан Ерсайын ағайымыз еді. Иә, біз суретші болмадық. Есейе келе суретшінің қылқаламын емес, сөз тізетін филологтың сия қаламын таңдадық. Бірақ біздің сурет пәніне деген қызығушылығымызды арттырып, сурет өнеріне деген құрметімізді қалыптастырған Ерсайын ағайымыз еді. Әлі күнге дейін біздің көңіл түкпірінде сурет пен суретшіге деген бір өзгеше ілтипат бар. Сонау балаң шақта соның дәнін сеуіп кеткен Ерсайын ағай болса керек.

Баланың пәнді сүюіне, мамандық таңдауына, өнерді бағалай білуге үйренуіне білікті мұғалімнің, жақсы ұстаздың қаншалықты зор ықпал ететінінің бір мысалы осы болса керек.

Біздің сол Ерсайын ағай бірер жылдан кейін ауылдан Алматы жаққа көшіп кетіпті. Сол 70-жылдардан кейін ол кісіні қайта көрудің сәті түспепті. Кейінірек сұрастырсақ, өмірден озды деп естідік. Жақсы ұстаздың рухы шат болсын!

Шерубай Құрманбайұлы

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button