#Жаңа Қазақстан

Әділетті Қазақстан жолы

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты биылғы Жолдауын мұқият тыңдадым әрі оқып та шықтым. Шыны керек, биылғы Жолдаудың бағыт-бағдары ерекше ­болды.

Біріншіден, дүние жү­зінде басталған жаһандық экономиканың бәсекесі мен тайталасының нәтиже­сінде адамзат тарихында болмаған өзгерістеріне сай төтеп беретін Қазақстанның нақты тапсырмалар мен жаңа міндеттерге арналған жаңа экономикалық саясаты өмірге келді.

Екіншіден, жаңа экономикалық саясат қысқа және орта мерзімге арналған отандық өндірісті дамытудың іс-шарасы, ұлттық бизнесті қолдау, банк жүйесі, салық саясаты, көлік-ло­гистика, туризм және ауыл шаруашылығын дамыту жұмысы нақты үш жылда орындалуы бекітілді. Бір сөзбен айтсақ, осы жолғы Жолдау халықаралық елдер арасында шиеленіс жағдайының ушығуына байланысты, ұлттық экономиканың барлық саласын қамти отыра, өз күшімізге сүйене отырып, басымдық берудің бағдарламасын нақты талдады.

Үшіншіден, Жолдауда бұрынғы жылдары нақты көңіл бөлінбеген болашақтағы энергетиканың әртүрлі салалары, су ресурсы тапшылығының алдын алуға байланысты және біздің елдің географиялық орналасуын ескере отыра, көлік-логистика саласын, туризмді дамытуға бағытталған нақты іс-шаралар, тапсырмалар аталды. Осы мақсатта екі жаңадан министр­лік құрылып, бес министрліктің құрылымы қайта өзгерді. Бір сөзбен айтсақ, үш жылдық экономиканы дамытып, нәтижелі болуына нақты тапсырмалар беріліп, Үкімет пен оның министрліктері және облыс әкімдерінің Президент Әкімшілігіне жалтақтамай, жеке жауапкершілігі артылатыны анық айтылды.

Төртіншіден, елдегі аса маңызды күрделі саяси-­экономикалық мәселелерді, қарапайым халықтың ой-пікірін ескере отырып, заңдастыру тапсырылды. Жаңа экономикалық дамуға байланысты атом энергетикасын дамыту мәселесі халық арасында қызу талқылануда, себебі кеңес өкіметі кезінде елімізде атом сынақ полигондарының болуынан зардап шеккен халықтың ұрпағы бұл мәселеге күмәнмен қарауда. Сондықтан атом станциясын салуды тек референдум өткізу арқылы шешуге тапсырма берілді. Ауыл, облыс, қала әкімдерін халықтың өзі таңдайтын сайлау жүйесі жалғасады. Биылғы Жолдаудың артықшылығы сол, елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалармен ғана шектеліп қалмай, жаңа экономикалық саясатты іске асырудың негізгі мақсаты, халықтың тұрмыс жағдайын сапалы жақсартуға бағытталған әлеуметтік экономикаға баса назар аудару. Осы орайда Президент «Азаматтардың мүддесі мен сұранысы – Қазақстанның экономикалық даму стратегиясының өзегі» деп атап өтті.

Бесіншіден, білім саласын дамытуға, жастарымыздың Абай ғұламаның «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» және тұғырлы тұлға болуына, ұлттық тәрбие беруге баса назар аудару, балалардың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз ету, ұрпағымыздың психикалық саулығының маңызы айтылып, кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық жасағандарға жазалау шараларын күшейту тапсырылды. Елімізде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400 мектептің салынатыны, балаларға арналған «Ұлттық қор» жобасы енгізілетіні де айтылды.

Сонымен қатар биылғы Жолдауда агроөнеркәсіп саласын жеделдете дамыту мәселесі, ауылдық жердегі шағын шаруашылықты қолдау, жеке қосалқы шаруашылық иелерінің өзара бірігуіне көмектесу, «Ауыл аманаты» бағдарламасын жалғастыру тапсырылды. Бұл бастама ауыл тұрғындарының көңілінен шыққаны сөзсіз.

«Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауы ел дамуының жаңа жолын айқындап берді. Ал оның іске асуына қолдау білдіру баршамыздың міндетіміз деп ойлаймын.

Қажымұрат НӘСИҰЛЫ,

білім беру саласының үздігі, «Ұлттық мүдде –

елдік кеңес» ҚБ мүшесі, ардагер ұстаз

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button