Қоғам

Өңір студенттері бас қосты

Бас қалада «Meta Meet» атты XIХ республикалық студенттер шақырылымы өтті. Үш күндік іс-шараны Қазақстан студенттерінің альянсы ұйымдастырды. Дәстүрлі жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен 1000-ға жуық жас жиналды.

Биылғы шақырылым Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұйымдастырылды. Оған Парламент Мәжілісінің депутаттары, қоғам белсенділері қатысты. Іс-шараның алғашқы күнінде Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров пен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар саясатын үйлестіру комитетінің басқарма басшысы Ақұлан Тастемір қатысушыларға сәттілік тілеп, жастардың қоғамдағы рөліне тоқталды. Сондай-ақ бұл күні TEDx форматында іс-шара өтіп, қатысушылар жастарға қатысты ойын ортаға салды. Жастар ісі жөніндегі комитет төрағалары, студенттік ұйымдардың көшбасшылары да жиынға қосылды.

Қазақстан студенттер альянсының төрағасы Ұлан Наукеннің айтуынша, шақырылым – еліміздің студент жастары асыға күтетін жылдың басты іс-шарасы, сондай-ақ тәжірибе мен білім алмасатын бірден-бір алаң.

– Студенттер альянсы 2005 жылы құрылды. Сол уақыттан бері студенттер шақырылымы жыл сайын өтіп келеді. Әртүрлі тақырыпты қамтыған жиын жастардың талантын ашуға, озық идеяларын ортаға салуға бағытталды. Әсіресе әлеуметтік мәселелерге көңіл бөліп, өз жобаларын ұсынған студенттер қатары көп болды, – деді ол.

Шақырылымға еліміздің 20 өңірінен, 100-ден астам жоғары оқу орнынан және 700-ден астам колледжден 1000-ға жуық студент қатысты. Олар үш күнде білім, мәдениет, спорт бағытында сайыс­қа түсіп, үздіктер салтанатты түрде марапатталды.

 

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button