Қала мен Сала

Абаттанған аула жанға жайлы

Биыл Байқоңыр ауданында абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Тұрғындардың тұрмысына қолайлылық жасап, жайлы орта әзірлеу үшін істелген бұл жұмыстарға аудан тұрғындары да дән риза.

Байқоңыр ауданда 236 аула бар. Қазірге дейін аудандағы 53 аулада абаттандыру жұмыстары толық аяқталды. Соның ішінде биылғы жоспар аясында «Жастар» мөлтек ауданының 17 ауласы абаттандырылып, тұрғындарға пайдалануына берілді. 22 аулада жөндеу-қалпына келтіру жұмыс­тары жүргізілді. Сонымен қатар биылғы жылы ауданда 11 жаңа қоғамдық кеңістік абаттандырылды.
Кешкі уақытта тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аудан аймағында жарықтандыру мәселесіне де көп көңіл бөлініпті. Осы мақсатта «Астана қалалық жарық» ЖШС жедел топ өкілдері күн сайын аудандағы көшелер мен саябақтарда жарықтандыру мен жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ биыл абаттандыру жұмыстарын жүргізу шеңберінде аудандағы аулалар аумағында 240 жарықдиодты шамдар орнатылды.
Кенесары көшесінен Ғұмар Қараш көшесіне дейінгі аралықта бұрын жарық болмаған. Қазір бұл көшелерде электр шамы жайнап тұр. С.Рахымов көшесінде жарықдиодты шамдармен көшені жарықтандыру тіректерін орнату жұмыстары да қауырт жүріп жатыр. К.Ататүрік атындағы саябақта жарықтандыруды қайта құру жұмыстары басталып, Алаш тас жолында жарық желісінде қысқа тұйықталулар пайда болғандықтан, электр сымын ауыстыру жұмыстары қолға алынды.
Аудан әкімдігі қашан да аумақты көгалдандыруға ерекше назар аударып келеді. Мәселен, биыл Байқоңыр ауданы бойынша 1036 ағаш отырғызылды. Тұрғын алаптардағы жаңа қоғамдық кеңістіктер аумағында да ауқымды көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Ал күзгі уақытта аудан аумағында қарағай, қайың, емен сынды 467 түп ағаш, сирень, бадам сынды 1400 дана бұта отырғызу жоспарланып отыр.
Жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту аудан әкімдігі жұмысындағы басым мәселелердің бірі болып табылады. Аталған ауданда ұзындығы 219 км 216 көше орналасқан, оның ішінде 137 көшенің ұзындығы 182,5 км асфальтбетон жабыны бар. Биыл ауданда 13 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жыл соңына дейін тағы 22 көшеге жөндеу жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 7700 метр болатын 40 көшеге құм төгілді. Сонымен қатар биыл Жангелдин және Уәлиханов көшелерін қосу бойынша жұмыстар басталды, бұл жұмысты 2021 жылға аяқтау жоспарланған.
Ауданда 189 аялдама пункті бар. Биыл ауданда 20 павильон орнатылды, оның ішінде үшеуі – жылы аялдама. Аудан басшыларының мәліметінше, жыл соңына дейін инвестордың есебінен А.Жұбанов көшесі бойынан екі жылы аялдама кешенін орнату жоспарланып отыр.
Жолдар жөнделіп, аулалар абаттандырылғанына тұрғындар да дән риза. «Байқоңыр ауданы құрылғанына ұзақ уақыт болмаса да, ауданда атқарылған жұмыстар аз емес. Соның бірі ретінде аулаларды абаттандыруды атауға болады. Қараусыз жатқан, тозығы жеткен аулалар абаттандырылғаннан кейін, біздің өмірімізге өзгеше өң кірді. Балалардың қауіпсіз жерде ойнауына, үлкендердің таңертең-кеш сейіл серуен құруына өте ыңғайлы болды» деді аудан тұрғыны ­Жанасыл Қыдырмоллаұлы.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button