Басты ақпаратМәдениет

Кинотеатрға қашан барамыз?

Еліміздегі кинотеатрлар 20 млрд теңге шығынға батқан. Мыңдаған қызметкері жұмыссыз қалды. Қысылтаяң кезеңде елдегі есігі жабылған шағын және орта бизнестің қатарындағы шаруашылық субъектісі наурыз айынан бастап күні бүгінге дейін қызметін жалғастырған жоқ. Кинотеатрлардың ашылар күнін киноға барғыш қауымнан бұрын қызметкерлерінің күтіп жүргені анық. Өйткені 8 айдан бері тұрақты табысынан айырылған. Карантиндік шектеулер бірнеше рет жеңілдетілсе де, аталмыш салада еш өзгеріс болмады. Сондықтан жұмысшыларының басым бөлігі басқа салаға бет бұрған. Санитар мамандар адам 2 сағат бойы жабық бөлмеде отырса, вирус жұқтыру қаупі жоғары дейді. Жұрт театрларға барып жатыр, ал кинотеатрдың кезегі қашан келеді? Жалпы, кинотеатр енді қаншалықты қауіпсіз? Қызметкерлері қалай күн көруде? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

КИНОТЕАТР КӨРЕРМЕНМЕН ҚАУЫШАДЫ

Қазақстанда кинотеатр­лар жұмысын бастайды. Келесі дүйсенбіден бастап арақашықтық пен маска тағу режимін сақтай отырып, 30 пайыздан аспайтын көрермендерімен қайта қауышпақ. Бұл туралы премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР ведомствоаралық комиссияның отырысында айтылды. «Биылғы 26 қазаннан бастап кинотеатрлар арақашықтықты және маска тағу режимін сақтай отырып, 30 пайыздан аспайтын көрермендерімен жұмысын қайта бастайды» делінген.
Бұған дейін Қазақстанда кинотеатрлар неге ашылмай жатыр деген сұраққа Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жауап берген еді. «Еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері мен Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты кинотеатрларды ашуға әлі де ерте деп санайды. Біз эпидемиологиялық жағдай жақсарып, кинотеатрлардың ашылуынан үміттеніп отырмыз. Кинотеатрлардың өте үлкен шығындарға ұшырап, жұмыс орындарының қысқарып жатқанынан хабарымыз бар. Бірақ әлемдегі жағдай осындай. Кинотеатрларды ашқан басқа елдер көп уақыт өтпей қайта жабуға мәжбүр болды» деді Ақтоты Райымқұлова.
Министр кинотеатрлардың қаржылық шығынын жабу үшін берілетін жеңілдіктер туралы айтып өтті. «Көрермен қазір сақ. Пандемияға дейінгідей кинотеатрға көп келмеуі мүмкін. Сондықтан біз бүгін кинотеатрлардың жағдайын түсінеміз. Ұлттық экономика министрлігімен бірге кинотеатрларға берілетін артықшылықтар мен салықтық жеңілдіктер туралы нормаларды әзірледік. Бұл оларды жыл соңына ­дейін жеке табыс салығынан, әлеумет­тік салықтан, сонымен қатар міндетті зейнетақы төлемдерінен және әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдерінен босатамыз. Олар сондай-ақ ШОБ-ті тексеруден босатылады, яғни мемлекет олардың шығынын барынша азайту үшін шара қолданады» деді министр. Ақтоты ­Райымқұлова келтірген мәліметке сәйкес, пандемия салдарынан кинотеатрлар 20 млрд теңге шығынға батқан.
Санитарлық талаптар сақталса, кинотеатрлар көрерменнің 30 пайызын қабылдап, жұмыс істейді. Залда бір орынның екі жағындағы орындық бос болады. 80 орындық залға 24 адам жиналады деген сөз. Бұл кино мен кинотеатр шығынын қаншалықты ақтайды?

7 КИНОТЕАТР ҚҰРДЫМҒА КЕТТІ

Кинотеатр желісінің басқарушы директоры ­Абдрашид Рахметов: «Жұмысты жалғастыру­ға рұқсат берілсе, барлық санитарлық талаптарды толығымен сақтау­ға сақадай саймыз. Қорғаныс құралдары, бөлмені дезинн­фекциялау құрылғылары, барлығын да алып қойдық, тек бас санитардың қаулысын күтіп отырмыз. Билеттер тек онлайн сатылатын болады, қызмет түрлері қарым-қатынассыз жүзеге асады» деп көрермендер қауіпсіздігі басты назарда екенін айтты.
«Кинотеатрды ашатын уақыт келген сияқты. Алыс-жақын шетелдердің тәжірибесіне қарасақ, кинотеатрларда санитарлық талаптар қатаң сақталса, аса қауіп жоқ. Мысалы, ресейліктер 1 тамыздан бастап кинотеатр­ға барып жүр. Өзбекстан, ­Қырғыстанда кинотеатрлар ашық. Тіпті індет бастау алған Қытайдың өзінде кинотеатр­лар 2 айдан бері бұрынғы қалпында
жұмыс істеп жатыр. Үндістан да 15 қазанда ашылды. Елімізде кинотеатрлар ашылса,
билет құнында өзгеріс орнауы мүмкін. Дегенмен әлеу­меттік қолжетімді бағалар сақталды. Қазақстан бойынша 5000 қызметкеріміз бар. Инженер, күзетші, әкімші, директорлардың 50 пайыз­дық жалақысын төледік. Барлығына екі рет Үкімет тарапынан 42500 теңгеден әлеуметтік көмек берілді. Енді қалай боларын білмейміз. Осы кезге дейін ел қазынасына соңғы бес жылда 5 ­миллиард салық түсірдік. Жеті ай бойы компания шығындары ақталмай тұр. Айына 10 миллиондай шығын көріп отырмыз» деді ол.
Пандемияға дейін елде 92 кинотеатр мен 350 кинозал жұмыс істесе, бүгінде табысы тұралап қалған 7 кинотеатр мүлдем жабылып қалған.
Кинотеатрлар табысының басым бөлігін билеттен емес, тауардан табады. Кино көруге көпшілік құрқол бармайды, жоқ дегенде попкорн мен сусынын сатып алады. Ал енді кинотеатрлар ашылғанның өзінде залға тағам алып кіруге тыйым салынуы мүмкін. Бұл халықтың қауіпсіздігі үшін десек, бизнес өкілдеріне жығылғанға жұдырық, табыстың түсе қоюы қиын.

ЖҰМЫСЫН ЖАНДАНДЫРУҒА ӘЗІР МЕ?

«Chaplin Cinemas» кинотеатрлар желісінің директоры Шыңғыс Айтуовтың айтуынша, қазір олар кез келген шартқа келісіп, жұмысын жандандыруға әзір.
«Қазіргі уақытта ки­но­театр­лар жұмыс істемегендіктен, қызметкерлер басқа уақытша жұмыстарға кірді. Себебі жұмыс істеп, табыс табуы керек. Бәрінің отбасы, несиелері бар. Кинотеатр залдарына қазіргі кезде санитайзер, антисептиктерді орнатып қойдық. Осы кезге дейін онлайн я ашық аспан астындағы кинокөрсетілімдер қойған емеспіз. Тоқыраудан шығу үшін ең бастысы, бізге жұмысты қайта бастауға рұқсат берсе болғаны. Өйт­кені біз бүгін десе, бүгін көрермендерді қабылдауға 100 пайызға әзірміз» дейді кинотеатр директоры. Сонымен қатар өзінің де күн көру үшін құрылысшы болғанын, қазір де өзге салада нәпақасын тауып жүргенін айтты.
«Мен кинотеатр жабылған кезде бұлай ұзаққа созылады деп ойлаған жоқпын. 42500 теңгелік әлеуметтік көмек алдым. Одан кейін бала-шаға, ипотека бар дегендей, қалай да болсын табыс табу керек болды. Содан 1 ай құрылысшы болдым. Тосыннан келген қиын кезде ата-ана, туған-туыс­тарым көмектерін аямады. Тағы қойма меңгерушісі болып қызмет атқардым. Шынымды айтсам, кинотеатр­дағы қызметімді сағындым. Кинотеатр жабық болса да, компания тарапынан 50 пайыз жалақымызды алып отырмыз. Жұмысымызды жандандырсақ, киносүйер қауымды жақсы жаңалықтармен қуантамыз. Дүйсенбіден бастап ашылатын болды. Дайындықты бастап кеттік» деп тарқатты Ш.Айтуов.
Ал карантинге дейін кинотеатрда әкімші болып қызмет атқарған Диана Керім кинотеатр ашылса да, қайтып қызмет етуге бармаймын дейді. «Аталмыш салада 3 жыл жұмыс атқардым. Қарапайым кассирден әкімшіге дейін көтерілдім. Тағы біраз уақыт істесем, директор болуым да ғажап емес еді. Бірақ ойлағандай бола бермейді екен. Жоғары оқу орнында есепші мамандығын меңгергенмін, қызыл дипломым бар. Дипломмен жұмыс істемеймін деп ойлаушы едім, карантинде керісінше өз саламның маманы атандым. Кинотеатр жабылған соң екі ай жұмыссыз жүрдім, сосын несиемді төлеу қажет болды. Ақыры банкке орналастым. Қазіргі жұмысым көңілімнен шығады. Енді кинотеатрға тек кино көру үшін ғана барамын. Бірталай әріптестерім де өзге салаға бет бұрды. Кинотеатр ашылса, қайтып баратын жұмыскерлер аз болатын шығар. Себебі адам көп келеді, бір жағынан жалақы үшін қауіп-қатерге бас тіге алмаймын. Қазір де көріп жүрмін, тұрғындар санитарлық талаптарды сақтаудан қалған. Екіншіден, қайта жабылып қалуы да ғажап емес қой» дейді Диана.

ОТАНДЫҚ ӨНІМДЕРМЕН ҚУАНТСА…

Желіде бір жігіттің «Кинотеатрларды ашыңыздаршы, әйтпесе ұнатқан қызымды қайда апарарымды білмеймін. Күн болса, суып кетті, басқа барар жер жоқ» деген жазбасы тарап, әзіл әңгімеге айналды. Расымен де жастардың жиі баратын, қыз бен жігіттің кездесетін орны еді. Тәтті-дәмдісін қолына үйіп, мультфильм тамашалауға балаларымен келетін ата-аналар айрандай ұйыған отбасының көрінісін танытатын. Үлкендердің де күтіп жүрген киносын көптен бұрын көруге асығатыны, енді бірінің жұрттан қалмайық деп баратын қызықты қылығы бар еді. Демалыс күндері киноға билет алу үшін кезекте жарты сағаттан көп тұрып, сеансын сағаттап күтуден жалықпайтындарды айтсаңшы… Бір қызығы, кинотеатр таңғы сағат 10.00-де ашылса, 9.30-дан келіп алып, қызметкерлердің билет сатқанын, попкорнның піскенін күтіп тұратындар бар. Жалпы, кинотеатрға біреулер жаңа шыққан фильмді көріп, көкжиегін кеңейтуге барса, басым бөлігі театрдың бұл түрін тынығу үшін, жайлы орындыққа жайғасып, екі-үш сағат күйбең тіршілігінен қол үзу үшін таңдайды екен. Індет келгелі тыныс алудың қадірін түсіндік қой, ал тынығудың қамын қалай ойлап жүрміз? Көпті сағындырған ­кинотеатр енді сапалы әрі отандық кинолармен қуантса дейміз…

Наима
НҰРАЛЫҚЫЗЫ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button