Басты ақпаратРухани жаңғыру

Латын әліпбиі: дабыра емес дәлел керек

Қолға алынғанына біраз уақыт болса да, қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру мәселесі әлі де созылып келеді. Тіптен көпшіліктің біразы латын әліпбиінен күдер үзе де бастаған тәрізді.

Қысқаша қайырғанда, ғалымдардың бір тобы «үнемдеп» жазуды ұсынады, мысалы, су, ми т.б. сөздерді екі әріппен жазсақ, қол қимылынан ұтамыз дейді. Бұл – кирилл емледен келе жатқан үрдіс және сол кирилдегі «тіл бұзар» ержелер сол күйінде көшіп, бірге келе жатыр. Ал екінші топ «жоқ» дейді, тіл табиғатына «үнем» деген жүрмейді, тіл үнемдеп отыратын мүлік емес, қазақ сөзінің әрбір дыбысы өз орнында айтылуы керек, ол үшін әрбір әрібі өз орнында көрініп тұру керек, сонда мый, сұу деп үш әрппен жазамыз. Бұлар тек көп мысалдың бірі ғана. Сонда қазақ сөзінің үндесім әуезі бұзылмайды, төл дыбыс құрамы бөгде дыбыстардан арылады, буын тұрқы сақталады, морфем желісі үзілмейді, сөйтіп «тіл бұзардың» орнына «тіл сақтар» келеді. Тіліміз (сөзіміз) шұбалаңқы (агглютинатив) деп қиып-құрап шұнтитуға болмайды, үнемдейміз деп үндесім (сингармонизм) әуезін бұзуға болмайды.
Бұған дейін не жазсам да жазғанымның соңын, не айтсам да сөзімнің соңын «шала әліпбидің әлегін әліппе мен оқулық жазғанда, сауат ашу басталғанда көретін боламыз» деп аяқтаушы едім. Бүгін фейсбукті ашып қалсам, «әңгіме» басталып-ақ кеткен екен.
Бұл «әңгімеге» араласа кетуге себеп болған мұғалім мен ата-ана арасындағы емле түсініспеушілік болып отыр. Оған себеп – «жануар» сөзінің дыбыс талданым емлесі екен. Мұғалім: «у» дауыссыздан кейін тұр, сондықтан ол дауысты дыбыс болады» дейді; ата-ана: «у» дауыстының алдында тұр, сондықтан ол дауыссыз дыбыс болады» дейді. Қазіргі «шатпақ» емлеміз бойынша, екеуінікі де әрі дұрыс, әрі бұрыс. Өйткені осы «шатпақ» емлеміз бойынша, қазақ тілінің дыбыстарының дауысты немесе дауыссыз болуы, ұят-ай, сөз шебіндегі орнына байланысты болып шығып отыр ғой. Сонда дыбысты дыбыс етіп тұрған оның жасалымы (артикуляциясы) екені қайда қалады? Мұндай ары тарт, бері тарт жалғаса беретін түрі бар, енді «сиынбай» дұрыс па, «сыйынбай» дұрыс па деп дауласып жатыр ұстаздар. Егер осының бәрін тіл заңымен жазсақ, дыбысты дыбыстай белгілеп, әрбір әріп өз орнында тұрса, тып-тыныш болар еді.
Бізде мынадай бір жаңылтпаш ереже бар: «Дауыстыдан соң және сөз басында дауыстыдан бұрын келген у дыбысы дауыссыз болады: әуежай, уақыт, Сәуле. Дауыссыздан соң және сөз басында дауыссыздан бұрын келген у дыбысы дауысты болады: сусын, елу, улап-шулап». Енді осы ержені бастауыш мектеп оқушылары қалай түсінеді? Өйткені әліппе мен кез-келген оқулық «дыбыстың, дауыссыз/дауыс­тының» анықтамасын түсіндіріп, басын ажыратудан басталады ғой. Бұл арадағы «Дауыстыдан кейін дауыссыз болады, дауыссыздан кейін дауысты болады» деген тірегі жоқ, тайғанақ емлені ұстаз-мұғалім ойдан шығарып отырған жоқ немесе ата-ана ұстазбен әдейі жағаласып отырған жоқ, оны емле құрастырушылар мойнымызға іліп, міндеттеп беріп отыр.
Біріншіден, емлешілер ұсынған «у дыбысы» деген тіркес сауатсыз құрылған, дұрыс емес, өйткені бұл жердегі «у» дыбыс емес, таңба (әріп). Әріп болған соң оның дыбыс мәні болу керек, кирилдегі дыбыс мәніне алаңдамаймыз, ал қазақ тілінде үш бірдей (!?) дыбыс мәні бар: а) дауыссыз у[w] – ауа [awa]; ә) жуан әуезді ұу[uw] дыбыс тіркесі сұу [suw]; б) жіңішке әуезді үу[üw] дыбыс тіркесі үуәж [üwäj], осы үштіктің өзі-ақ кирилден көшкен әліпбиіміздің орашолақ, кирилден көшірген емлеміздің сауатсыз екенін көрсетеді. Өйткені уақыт [uwaqıt], сусын [suwsun], елу [elüw], улап-шулап [uwlap-şuwlap] деген сөздердің құрамындағы ұу [uw], үу [üw] ақиқат дыбыс тіркестерін қалайша дауысты деп айта (үйрете) аламыз?! Оның үстіне әуежай – äuejai, дұрысы [äwejay], Сәуле – Säule, дұрысы [säwle] деген сөздердегі у таңбасының дауыссыз екеніне дау жоқ, ал бірақ сол дауыссыз дыбысты қалайша дауысты [u] таңбасымен белгілейміз?! Сұрақ үстіне сұрақ туындайды.
Сонда жануар сөзінің қазақы дұрыс жазылымы жанұуар [januwar] болу керек. Ендеше қолдан бұзып жазып, мұғалім мен ата-ананы екеуара керістіріп қойып отырмыз. Әрбір дыбыс өз орнында, өз таңбасымен тұру керек, сонда буынға да жөнімен бөлінеді жа-нұ-уар [ja-nu-war].
Екіншіден, әліпбиіміз бен емлеміздегі ары тарт, бері тарт бұл бір мысалмен бітпейді. Естеріңізде болса, осының алдындағы акут әліпбиіміздің емлесінде сөздің құрамынан дауысты дыбыс жоғалып кетіп еді (проф.М.Малбақов: дауысты дыбысы жоқ сөз болады ма), шындығында акут жазылымы бойынша [jýý] сөзінің құрамы үш дауыссыздың тіркесі, дауысты дыбыс жоқ. Ал енді бүгінгі умлаут әліпбиінің емлесін басшылыққа алатын болсақ, онда сөздің және сөз құрамындағы кейбір буынның жазылым құрамынан дауыссыз дыбыс жоқ болып кетеді.
Ал сөздердің дұрыс ­фонетика-морфологиялық жазылымы мен буын талданымын көрейік: а-уа [a-wa], ә-уе [ä-we], ау [aw], а-уұу [a-wuw], са-уұу [sa-wuw]. Кирилмен таптаурын болған санамызға бірден қабылдай қою, әрине қиын, тіптен кейбіреулерге мүмкін де емес шығар, бірақ ақиқаты осы, үйрену керек, дағдылану керек болады.
Кирилмен жазып та күн көруге болады, күн көріп те келдік. Бірақ мақсат, әйтеуір күн көру емес қой. Кирилл «жазу» тіліміздің ұлттық табиғатына лайық және содан туындайтын ұлттық санамызға лайық білім бере алмай отыр ғой, біз осыны мойындауымыз керек емес пе?
Ұлттық әліпби санамызды қалыптастыру үшін кирилл жазуының құрсауынан арылу керек, ол үшін еңбектенуге тура келеді: ұлттық әліпбиді үйреніп, ұлттық емлені меңгеру керек, көз үйретіп, қол жаттықтыру қажет. Сонда ғана әр таңбамыз өз орнында тұрып, әр дыбысымыз қазақша дыбысталады, ең бастысы сөздің үндесім әуезі мен буын тұрқы сақталады. Таңба саны бірге-екіге артады ма, әрине артады, өйткені біздің тіліміздің табиғаты сондай, әлемдік бірегейлігі осында. Бөгде тілдермен таңба санап жарысатындай бәйгенің бізге қажеті жоқ.
Қазақ тілінің оқулықтары түбір мен қосымша жайлы білім беруге міндетті және беретін білім ақиқат болу керек. Морфем талдауға кирилше жазғанда оқи сөзі келді дейік. Енді оның латынша нұсқасын тағы да кирилл үлгісімен oqі деп жазбақшымыз. Мұғалімдердің бір қиналатын жері осы болмақ.
Көсемшенің жұрнағы деп қосымша «и-ді» алып тастадық, сонда сөздің түбір «оқ» болады ма? Балаға қалай түсіндіресің? Латын таңбасымен дұрыс үлгісін жарыстыра беріп отырмыз. Сонда түбір өз айтылым үлгісімен [oqu] болып шыға келеді.
Тұйық райдың жұрнағы деп қосымша «у-ды» алып тастадық, сонда сөздің түбірі тағы да «оқ» болады ма, бала аң-таң қалады ғой. «Сөздің бірінші буыны жіңішке не жуан (әуезді) болса, келесі буындар да жіңішке не жуан (әуезді) болады» деген ережеміз бар. Ал енді осы ережені неге көрінер көзге бұзып жазамыз?!
Бірінші буындағы жіңішке дауыс­ты әріпті көріп тұрған балаға келесі буында неге жуан әуезді дауысты тұрғанын қалай түсіндресің? «Бірінші буын жіңішке әуезді, сонда келесі буын неге жіңішкермей тұр» деп бала аң-таң қалмай ма?
Қорытындыны мұғалімдер фейсбукте өздері айтып отыр, «сиыр деген сөзді буынға бөле алмай жатырмыз» дейді. Өздеріңіз де көрген боларсыздар. Не айтуға болады: бұрыс әліпбиден дұрыс емле шықпайды, дұрыс әліпбиден бұрыс емле шықпайды. Жазылымы дұрыс сыйыр сөзінің сиыр болып бұрыс жазылып отырғаны жалған әліпби мен жалған емленің нәтижесі. Кирилше жазылған сиыр сөзін буынға дұрыс бөлу мүмкін емес, өйткені и әрібін ортасынан қақ бөле алмайсыз, ұстаздардың қиналып отырғаны да сондықтан. Буынға дұрыс бөліну үшін дұрыс емлемен сы-йыр [sɪ-yɪr] болып жазылу керек.
Ұзын сөздің қысқасы, осындай шатпақ әліпби, сарсаң емлемен бірінші сыныптың баласын «алдауға» болады, ал ересек сыныптың балаларын, студенттерді, ата-аналарды қалай «алдайсың». Орынды сұрақтарға мұғалім қашанғы орынсыз жауап беріп отырады.
Ахаң (А.Байтұрсынұлы) айтқан «ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» дегендей, академик Ә.Қайдари үлгісін салған, біз қолдап отырған «Ұлттық әліпби» мен оның емлесін бүгінгі «кирилл» ұрпақ түсінсе түсінер, түсінбесе түсінбес, ал әліпби санасы жаңғырған келер ұрпақтың дұрыс түсінеріне күмән жоқ.
Әліпби мен емленің мақсаты тек сауат ашу болмау керек, сол сауат ашудың арқасында бала білім алу керек: дауысты-дауыссыз дегенді білу керек, буын дегенді біліп, буынға бөле білу керек, тасымал дегеннен хабардар болу керек, сөзді түбір мен қосымшаға талдай білу тағы керек екен. Бұлар білуге тиіс ең бастапқы жайттар, әліппеден бастап оқулықтар осыларды білдіруге тырысады. Білуге тиіс нәрсе жетерлік екен, ал осының бәрін білу үшін, әліпби мен емле осы айтылғандарды мүлтіксіз жазып үйрету керек. Ақиқат білім сонда ғана игеріледі.
Әліпби дұрыс құрылмай емле дұрыс түзілмейді. Ендеше:
– үнемдейміз деп, орыстың дауысты и[i:] дыбысымен қазақтың дауыссыз й[y] дыбысын бір таңбамен белгілеуге болмайды;
– «і» таңбасының үстіндегі нүкте (дәйекші) жіңішке әуездің белгісі, ендеше нүктесіз әріппен жіңішке «і» дауысты дыбысымызды «ɪ» деп белгілеуге болмайды, нүктесіз әріп жуан әуезді дауысты дыбысты білдіреді. Турасын айту керек, «үнемшілдер» бұл жерде жазу теориясы мен практикасы тұрғысынан асқан қиянатқа барып отыр. Сонда не, қазақтың табиғи жіңішке әуезді «іні» сөзін басбұзарлықпен ыны[ɪnɪ] деп жазып, қалайша «іні» деп оқы дей аламыз? Қол дағдыланып, көз үйренген тарихи дәстүрді қалай бұза аламыз?
– латынның «у» таңбасымен жазу теориясы мен практикасы бойынша дауыссыз «й» дыбысы белгіленеді, ендеше қазақтың «й» дауыссыз дыбысы әлемдік фонетикалық дәстүрмен [y] деп белгілену керек.
– ал жуан әуезді «ы» дыбысымыз нүктесіз әріппен [ɪ] болып белгілену керек, сонда қазақ тілінің дауысты дыбыстары жуанды-жіңішкелі [a-ä, o-ö, u-ü, ɪ-i] болып жұптасып шыға келеді, жазу теориясына да қайшы емес, оқу-әдістемелік тұрғыдан да тиімді-ақ.
– ал «ұ» дауыссызымызға латынның «u» таңбасы дайын тұр, оны «ū» деп белгілеп, тағы бір бейтаныс жасанды таңба табудың қажеті жоқ.
Қайсы күні таңертең бірінші сыныпқа дайындалып жүрген немерем жүгіріп келіп, «ата, жусан дегендегі «у» дауысты ма, дауыссыз ба?» дегені. Бір сәт тұншығып тұрып қалдым… Көрініп тұрған таңбасы (әрібі) жоқ болғаннан кейін, ол жерде «ұ» деген дауысты дыбыс бар» деп қалай түсіндіресің… Амал жоқ, іштен күйіп «дауысты» дей салдым.
«Тау» және «ту», «бау» және «бу», «жай» және «жи» жұп сөздерінің морфологиялық үлгісі (моделі) бірдей, дауыссыз+дауысты+дауыссыз: taw-tuw, baw-buw, jay-jɪy. Соған қарамай бір сыңарын жазғанда дауыс­тыны жұтып қоямыз – ту, екіншісіне тиіспейміз – тау. Егер тілдің жүйе (система) екенін ескерсек, онда екеуін де дауыстысымен не толық, не қиып тастап жазуымыз керек. Бұл жерде морфем бірліктердің морфологиялық қызметінен басқа себептеріне сүйенуге болмайды. Құрылымы жүйелі әліпбиден ғана ұлттық емле құрастыруға болады. Бірін жазып, бірін жазбайтын емле, сау адамды шатастыратын, сыңаржақ ұстаным болып табылады.
Соңғы ұсынылып отырған емле ережеде «Дауыссыз дыбыстарды таңбалайтын әріптер: b, g, ğ, d, j, k, q, l, m, n, ñ, p, r, s, t, v, f, h, ş, z» деп көрсетілген. Енді осы тізбекте қазақтың екі төл дауыссыз дыбысы да, ол екеуінің әрібі де жоқ. Өйткені «үнемшілдер» таңба санын «үнемдеп», төл «й» дауыссызымызды орыс тілінің дауысты «и» таңбасына қосақтап латын үлгісінде «і» деп жіберді. Жіңішке әуезді төл «і» дауысты дыбысымыз, жоғарыда айттық, дәстүрлі өз таңбасынан айырылып қалды. Төл «у» дауыссызымызды «үнемдеп» орыс тілінің «у» дауыссызына қосақтап латын үлгісінде «u» деп жіберді. Ал «і» әрібі де, «u» әрібі де дауысты дыбыстардың таңбасы, оларды апарып дауыссыздар таңбасының қатарына қоса алмай мүшкіл болып отыр. Сөйтіп мүшкіл әрекеттен мүкіс емле туындап отыр.
Ата-аналар «жоғарғы жаққа мұғалімдер айтсын» деп, мұғалімдер «ата-аналар айтсын» деп, бәрі жабылып «ғалымдар айтсын» деп отыра беруге тағы болмайды. Ендеше ғалымдардың Білім және ғылым министрлігіне жасаған құлаққағысы осы деп есептеңіздер.

Ә.ЖҮНІСБЕК,
филология ғылымының
докторы, профессор

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button