Қоғам

Адалдықты әспеттейтін азамат

Жемқорлық – мемлекет пен қоғамның дамуын тежейтін жегі құрт. Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің комплаенс қызметінің міндеті – бұл індетке қарсы күрес жүргізу. «Жемқорлықсыз Астана – жемқорлықсыз Қазақстан» идеясын ұстанатын аталмыш қызметтің басшысы, мемлекеттік қызмет ардагері, қоғам қайраткері Қайыржан Тоқышев.

Мемлекет мәселелерін шешетін мемлекеттік органдарды жемқорлық жайласа, ең қиыны – сол. Қайыржан Ахметбекұлы осыдан ширек ғасыр бұрын Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары бола жүріп, көмірлі өлкеде жемқорлықтың жолын кесуге атсалысты. Одан кейін үш жыл бойы аталмыш департамент басшысы-тәртіптік кеңестің төрағасы болды.

2014-2018 жылдары аралығында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттіктің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы-­әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы қызметін атқарды. Ал кейінгі алты жылдан бері жоғары оқу орындарында жемқорлықты болдырмау бағытында еңбектеніп жүр.

Алдында Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің республикалық «Sanaly urpaq» жобалық кеңсесінің жетекшісі болды. Бұл кеңсенің мақсаты – білім мекемелеріндегі сыбайлас жемқорлықты жоюға және өскелең ұрпаққа сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас қалыптастыру мен сапалы білім беру. Ал өткен жылдың ақпанынан біз жоғарыда мақсатына тоқталған Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің комплаенс қызметінің басшысы.

Жалпы билік айту Қайыржан Ахметбекұлының қанында бар. Бұған туған топырағы да әсер еткен секілді. Кіндік қаны «Көмекей әулие» атанған Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында тамды. Ал тегі Қаз дауыс­ты Қазыбек биге барып тіреледі. Қайыржан Ахметбекұлы – бидің тікелей ұрпағы.

Текті азамат екі жоғары білімді алды. Оның алғашқысы техникалық мамандық болса, екіншісі – заңгер. Еңбегін механиктен бастап, бас инженер қызметіне дейін көтерілді. Одан кейін партия комитетінің хатшысы, халықтық бақылау комитетінің төрағасы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Егіндібұлақ (кейін – Қазыбек би), Қарқаралы аудандарының әкімдерінің бірінші орынбасары болды. Ал жаңа ғасыр туғанда мемлекеттік қызмет органдары мәселелерін реттейтін қызметке келді.

Жүрген жерінде адалдықты әспеттейтін Қайыржан Ахметбекұлы атқарған қызметтерінде бірқатар жетістіктерге жетіп, мемлекеттік марапаттарды иеленді. Атап айт­қанда, «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» және алты мерейтойлық медальдармен марапатталды. «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі», «Ақтөбе облысында мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгілерінің иегері атанып, Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының құрметті азаматы болды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button