Қоғам

Азаматтар құқығы мен бостандығы – бәрінен маңызды

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілдері – заңнамада белгіленген тәртіппен тағайындалатын мемлекеттік қызметшілер. Бұл лауазым бүкіл ел аумағында адам мен азаматтың құқықтары мен бос­тандықтарын мемлекеттік қорғаудың қосымша кепілдіктерін қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Уәкілге жүгіну азаматтардың, әсіресе ауылдық жерде тұратындардың құқықтарын қорғау мақсатында қолжетімді болуы керек.

Өкілдерге адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру, Қазақстанның нормативтік құқықтық актілерін жетілдіру, өңірдегі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын ынталандыру және ілгерілету мақсатында мемлекеттік органдарға, құқық қорғау және сот органдарына жүгіну бойынша кең өкілеттіктер берілген. Сонымен қатар өкілдерге ҚР азаматтары және оның аумағында тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар немесе олардың өкілдері хабарласа алады. Бүгінгі таңда Қазақстанда 20 аймақтық өкіл – әр облыста және республикалық маңызы бар қалаларда бір-бірден бар.

Осы қызметке биыл қаңтар айында тағайындалғаннан бастап өз міндеттеріме шұғыл кірісіп кеттім. Жұмыс жоспарына сәйкес Астана қаласындағы Қылмыстық-атқару жүйесінің №2 мекемесіне бардық. Мекеме басшылығы мекеменің күзет түрі, жазасын өтеп жатқандар, жұмыспен қамтылғандар саны туралы баяндап, жаңадан салынып жатқан екі тұрғын үй блогының құрылысын көрсетті. Индустриалды аймаққа, аяқ киім және жиһаз цехына, мекеменің медициналық бөлігіне экскурсия жүргізілді. Аяқталғаннан кейін сотталғандар жеке істері бойынша қабылданды.

Одан бөлек, ақпан айында ҚР ІІМ ҚАЖК № 64 мекемесіне жұмыс сапары аясында тергеу­-қамауға алынғандар мен сотталғандарды ұстау шарттарымен жеке таныстық. Фронт-офисті, сондай-ақ №6 режимдік корпус­ты араладық. Қарап болған соң сотталғандарды жеке мәселелері бойынша қабылдадық. Олардың тарапынан мекеме әкімшілігінің атына шағымдар мен өтініштерді қабылдау барысында және ұстау шарттарына түскен жоқ.

Сотталған азаматтармен сұхбаттасу кешенді жұмыстың маңызды бөлігі болып табылады. Бұл пенитенциарлық жүйедегі жүйелік мәселелерді анықтау­ға мүмкіндік береді. Барлық көтерілген мәселелер мекемелерде ұсталатын адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету бойынша одан әрі шаралар қабылдау үшін талданатын болады. Кеңсе қызметкерлерінің түзеу мекемелеріне көшпелі сапарлары тұрақты негізде жүргізілетін болады.

Қазақстан Президенті ­Қасым-Жомарт Кемелұлы спорттың үлкен жанкүйері екені бәрімізге мәлім. Сол себепті де Мемлекет басшысы өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын. Бұқаралық спорт – ұлт саулығының кепілі. Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы.

Сонымен қатар мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің және өкілдің негізгі бағыттарының бірі екені сөзсіз. Спорт саласының үлкен жанашыры, сонымен қатар паракаратэнің құрметті президенті ретінде үнемі отандық дене шынықтыру саласының әр басқан қадамына қолдау білдіру менің парызым деп санаймын. Қазіргі таңда мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар іске асырылып жатыр. Соған қоса мүгедек әйелдердің ерекше мұқтаждықтарына назар аудара отырып, Қазақстандағы мүгедек адамдардың әлеуметтік және гендерлік мәселелері Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық- демографиялық саясат жөніндегі комиссия назарында. Осы орайда Астана қаласы әкімдігінің «Мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған «Елорда» спорт клубы» КММ басшылығы, @azamat_tagayev_zh Тагаев Азамат Жұмабекұлы шақыртуымен 8-наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай өткізілген іс-шараның қадірлі қонағы болдым. Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысынан @vassiliy_levit Василий мырзадан пара спортты дамытуына үлесімді қосқаным үшін Алғыс хатпен марапатталдым. Концерттен керемет көңіл-күймен, әсер алып шықтым.

Мерекелік концертті өткізуге атсалысқан барлық ерлер қауымына үлкен алғысымды білдірдім. Алдағы Парижде өнер көрсететін пара спортшыларымызға сәттілік тілеймін.

Жұмыс барысында пара үстел теннисінен ITTF Fa20 Astana para open 2024 турнирінің ашылу салтанатына, еңбек құқықтарын сақтау тақырыбында кездесуге қатыстым. Астана қаласы Білім басқармасы ұжымымен еңбек құқықтарын сақтау тақырыбында кездесу барысында адамдардың еңбек құқықтары жөніндегі Уәкілдің бұзылған еңбек құқықтарын қалпына келтіру бағытындағы қыз­меті туралы айтылды. Сонымен қатар, бұзылған еңбек және басқа да құқықтарды қалпына келтіру үшін Уәкілге, не оның өкіліне жүгіну тәртібі туралы түсіндірілді. Астана қаласының зейнеткерлерімен кездесу үшін Байқоңыр ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына бардық. Қала зейнеткерлерімен өткен алғашқы кездесуде омбудсмендер институтының маңыздылығы мен зейнеткерлерге құқықтық көмек көрсету мәселесіне тоқталып, жиналғандарды ашық әңгімеге тарттық.

Сонымен қатар аталған кездесуге қала зейнеткерлерінің мұң-мұқтажын тыңдап, оларға құқықтық, әлеуметтік қолдау көрсету үшін Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Мәлік пен Әділет департаментінің өкілі Құндыз Бекбауова қатысты. Зейнеткерлер тарапынан еңбек шартының орындалмауы, коммуналдық төлемнің өсуі, зейнет­ақы тағайындау, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, жеке мүлікке қатысты және т.б. өзекті мәселер бойынша сұрақтар қойылды. Кездесу барысында соңғы кезде зейнеткерлердің алаяқтардың арбауына түсіп, интернет-алаяқтықтың құрбанына айналып жатқаны баса айтылды. Осы ретте, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Е.Мәлік егде жастағы адамдарға алаяқтардан абай болып, одан сақтанудың жолдарын түсіндірсе, Әділет департаментінің қызметкері Қ.Бекбауова меншік дауларын шешуде тегін қорғаушылардың көмегімен қамтамасыз ететінін айтты. Зейнеткерлер өздерін толғандырған сұрақтарға толыққанды жауаптар алды. Бұл кездесу «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасының аясында өтті.

Менің тағайындалғаныма 3 айдай уақыт болды. Қазір еңбек ұжымдарымен кездесіп, құқықтық марафон өткізіп жүрмін. Зейнеткерлердің айтылған жеке мәселелерін қарастырып, одан әрі тиісті құзырлы органдарға жіберемін. Зейнеткерлерді жеке қабылдауыма жазып, барлық мәселелер бойынша 15 күн ішінде шешім қабылдауға тырысамыз. Мұндай кездесулер халыққа жақын болып, оларға құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін қажет.

«Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына жұмыс барысымен барып, мониторинг жүргіздік. Кездесу аясында орталықтың сүйемелдеуіндегі азаматтармен жүздестік. Сонымен қатар, азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдесуді мақсат ететінімізді айтып, тұрғындарды мазалаған сұрақ-сауалдарын тыңдадық. Мониторинг барысында мекеме ғимараттарында қарттар мен мүгедектер үшін барлық жағдай жасалғаны анықталды. Қызмет алушылармен сөйлесу уақытында дәрі-дәрмекпен қамтылу, азық-түліктің барлық стандарттарға сай әзірленіп сақталуы, медициналық қажеттіліктерінің уақытында орындалуы секілді мәселелердің жоқтығын байқадық. Айта кетейік, «Шарапат» орталығы зейнеткерлік жасқа толған адамдардың және І және ІІ топтағы мүгедектердің, жалғыз­басты және тұрақты сырттан күтімді талап ететін адамдардың тұруына арналған. Мекемеде 140 әйел адам, 200 ер адам қызмет алады. Одан бөлек, «Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесінде «Әрекетке қабілетсіз азаматтардың қорғаншылық, қамқоршылық, мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтарын қорғау мәселелері бойынша құқықтық кеңес беру күні» іс-шарасын өткіздік.

Жиынға Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқарма басшысының орынбасары ­Еркебұлан Мәлік және де заңгер, әр саланың мамандары қатысты. Кездесу барысында мүгедектік тағайындаудағы қиындықтар, ХҚКО-ларда қамқоршылардың деректер базасының болмауы, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қалааралық көлік, темір жол, авиа кассаларында билеттерді сатып алу үшін онлайн бағдарлама әзірленбегені туралы айтты. Сондай-ақ әрекетке қабілетсіздер үшін тұрғын үй қатынастары бойынша НҚА-ға түзетулер енгізу, диагноздың күрделілігіне байланысты 2 топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтың қамқоршысына күтім бойынша жәрдемақы тағайындау, қамқоршыға қалалық көлікте жол жүру жеңілдіктерін беру, саноторлық-курорттық емдеу, инватакси және тұрғын үй мәселелері талқыланды. Шара соңында қатысушыларға құқықтық кеңес берілді.

Жақында Астанадағы Достық үйінде Мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғауға байланысты дөңгелек үстелге Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев, Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев, Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Мәлік, қалалық Қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы Марат Сатарқұлов және басқа да сала мамандарымен бірге қатыстым. Отырыс барысында Еркебұлан Мәлік бүгінгі таңда Астанада 34 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұратынын атап өтті. Сондай-ақ «Парламентте екінші сессия жұмысының басынан бастап «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобы құрылған. Оның басшысы – Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев. Мемлекет мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны нормаларын іске асыру бойынша үлкен жүйелі жұмыс жүргізуде. Парламент жыл сайын депутаттардың қатысуымен мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған заңдар қабылдауда. Инклюзия сапасын бақылау және жалпы мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобы құрылды.

Біздің тарапымыздан 2023 жылы мүгедектердің құқықтарын бұзу туралы 15 өтініш қаралды. Оның ішінде медициналық қызмет көрсетудің сапасына қатысты 9 өтініш, мүгедек баланы арнайы мектеп-интернатқа қабылдау туралы 1 өтініш, тұрғын үй алу проблемаларына қатысты 3 өтініш түскен. Биыл елордада қаңтар айында 49 өтініш келіп түсті. Оның ішінде инватакси, мүгедек жандардың тұрғын үй ала алмауы, атаулы әлеуметтік көмекке және т.б. қатысты шағымдар бар. Осындай шағымдар мен өтінімдер бойынша қарқынды жұмыс жүргізіледі. Жалпы азаматтар құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы міндеттерімізді абыроймен атқару – бүгінгі таңдағы басты міндетіміз.

Баян Жалмағанбетова,

Астана қаласы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкіл

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button