Басты ақпаратЖаңалықтар

Әділбек Жақсыбеков, Астана қаласының әкімі: АСТАНАЛЫҚТАРДЫҢ АРЫЗ-ШАҒЫМДАРЫ АЙРЫҚША НАЗАРҒА АЛЫНАДЫ

фото 2 совещание 10,11,14 (1)

Кеше Астана әкімдігінде қала басшысы Әділбек Жақсыбековтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Кеңес барысында әкім қаладағы ағымдағы жағдай бойынша есепті тыңдап, проблемалық және әлеуетті мәселелерге тоқталды.

– Мемлекет басшысы алдымызға ауқымды әрі күрделі міндеттер қойды. Олар экономикалық өсімге, елорданың инвестициялық климатын жақсартуға серпін береді. Бұл құрылыс, көлік және басқа да маңызды салаларға, соның ішінде энергия тиімділігін арттыруға бағытталған салаларға қатысты, – деді Ә.Жақсыбеков.

Аталған мәселе «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу қарсаңында аса өзекті. Бүгінде Астананы ел ордасы, Еуразияның географиялық орталығы ретінде ғана емес, сондай-ақ, «жасыл экономиканы» дамытуға бет алған технологиялық, ғылыми, «ақылды» қала ретінде де таныстыру керек.

Жаңа міндеттерді жүзеге асыру үшін барлық қалалық құрылымдар жұмылып жұмыс істеу керек.

– Сіздердің әрқайсыларыңыз Астананы дамытудың ортақ, жаһандық мақсатын түсінуге, тұ­тастай жағдайды көріп, өзара қалай әрекет ету керегін ұғынуға тиіссіздер. Апта сайын өткізілетін осындай жиналыстар сол үшін қажет, – деді елорда әкімі.

Қала басшысы коммуналдық қызметтердің жұмысын жақсарту жөніндегі мәселелерге баса назар аударды. Бұл ең алдымен қар таза­лауға, қаланы жылу мен электр энергиясымен қамтуға қатысты.

Әкім Астана әкімдігінің ресми сайтындағы «Виртуалды қабылдау», «Халықтық бақылау» айдарларына және «051» қызметіне келіп түскен өтініштер мен шағымдарды жеке бақылауына алды. Қала әкімі орынбасарлары мен аудан әкімдеріне бірінші кезекте азаматтардан келіп түскен арыз-шағымдарды тиісті шешімін тапқанша назарда ұстауды тапсырды.

Сонымен қатар, қала басшысы автотұрақтар мәселесін де көтерді. Жақында жол қозғалысы ере­же­лерінің жаңа редакциясы қайта жарық көр­ген еді. Оған сәйкес кө­лікті жол бойында қалдыруға
тыйым салынған. Алайда, қала басшысы бүгінде қалада автотұрақтар мен көлік қоятын арнаулы орын­дардың жетіспеушілігіне байланыс­ты көлік иелерін қолдап, ІІД қыз­мет­керлеріне осындай жағдай­ларды назарға алуды тапсырды.

Бұдан басқа, әкім Президенттің жаяу жүргіншілерге арналған жер­асты және жерүсті өткелдерін салу жөніндегі тапсырмасын орындау қажеттігіне тоқталды. Бұл да жол қауіпсіздігіне, кептелістердің азаюы­на оң әсерін тигізбек.

Сонымен қатар, қала басшысы заңсыз сауда фактілері бойын­ша рейд жүргізуді, тәртіп бұзу­шыларға қатысты тиісті әкімшілік шаралар қабылдап, бұдан былай мұндай жағ­дайларға жол бермеуді тапсырды.

Сондай-ақ, аппараттық кеңесте жаңадан тағайындалған Астана қаласы әкімі аппаратының басшысы Еділ Мамытбеков, Астана қаласының прокуроры Сабыржан Бекбосынов пен Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кіріс департаментінің басшысы Әбілқайыр Сқақов таныс­тырылды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button