Басты ақпаратМәселе

Әкім ТАРАЗИ: Жазушылық – мамандық емес, қасиет қой, тіпті қасірет

Әдебиетіміздің алыбы Әкім Тарази 90 жасқа келді!

Балалығы сонааау соғыс жылдарында өткен, түн ішінде, үй сыртында жалғыз өзі аспанда жыпырлаған қалың жұлдызға қарап тұрып «әкеее, келші» деп кемсеңдеп жылаған, Құдай сол аппақ, ізгі, сондай жалынышпен, аңсармен айтқан тілегін орындап, әкесі екі күннен кейін екі-үш күнге келіп қайтатын бала…

Бала күнінде бұлттардың арасынан дулыға көретін, оған ешкімді сендіре алмайтын бала, сіріңкенің бір тал шырпысы көз алдында алып дөңбекке айналып кеткенін әлденеше рет көрсе де, ешкімді сендіре алмайтын бала, тоқсанға келіп отырып бүй дейді:

«Қазір көп балалар қиялдай алмайды ғой, қиялымның күштілігі болашақта жазушы болуыма септігін тигізді ғой деп ойлаймын. Қиял да есейіп, адамның өзімен бірге дамып, өсе береді. Қалай десек те осының бәрі сана экранында алғашқы «салынған» суреттер, алғаш «түсіріліген» фильмдер, алғаш «жазылған» романдар».

Әлі Алматыны көрмеген сол қиялшыл балаға жазушы деген қауым қалай елестеді екен?

Орта мектепті өзінен бір жыл бұрын бітіріп, Алматыға кеткен Әшір деген азамат Алматыға барып келіп, дүрдиіп қалыпты.

– Әй, колхоз, сендер не білуші едіңдер? Мен Сәбит Мұқановты көрген адаммын, – дейді.

Бала Әкім аузына кіріп кете жаздайды. – Қалай көрдің, қандай адам екен? – деп.

– Көк базарға бардым, жазу­шылардың кеңесі сонда екен… әлдекімдер «әне, Сәбит Мұқанов!» деп қалды. Қарны кебежедей біреу екен, талтаңдап барды да, мәшинеге мініп, жүріп кетті.

Бала Әкім ызадан жарылардай болады. «Суайтсың» дейді, Әшірмен төбелеседі. «Қалайша Сәбит Мұқанов көк базарда жүреді?.. Қорлау ғой! Сәбит Мұқанов көшеге шықса, сөз жоқ, оның жан-жағынан бір батальон әскер қорғап жүреді. Менің түсінігім солай еді» дейді.

Сол бала кейін Алматыға келеді. Жазушылар кеңсесінің, шынында, көк базардың ішінде екенін көреді. Сөйте жүріп Жазушылар одағының қала орталығындағы еңселі сарайға көшкенін көреді. Бір кездесуде маңдайы жарқырап Мұхтар Әуезов сөйлеп тұрғанын көреді. Әрі қарай Сәбеңді, Ғабеңді көреді. Аузын ашып, көзін жұмып, таңғалып, іштей тынып, небір күйді бастан кешеді.

Күндердің бір күнінде бір ғана размерлі аяқ киім тігетін етікші туралы «Етікші» деген әңгіме жазады. Сол Ғабит Мүсіреповтің қолына жетеді. Әңгімесінің ізімен өзі де Ғабеңнің алдынан бір-ақ шығады.

– Қайдан келгем дейсің?

– Шудан.

– Еее, Шудан да бір Шолохов шығады десеңші. Әңгімеңді оқыдым. Жақсы. Бірақ баспаймын. Ертең сағат тоғыздан қызметіңе кірісе бер! – дейді Ғабең.

Өмірінде тұңғыш рет жазған әңгімесі. Өзі де түсінбей есі шығады. Ғабеңнің әңгімені мақтауының да, баспауының да сыры бар еді. Стандартты аяқ киім тігетін етікшінің бұл қылығы әр адамның аяғы әр түрлі болса да, «сәбет адамының бәрі бірдей аяқ киім киюі керек» дегенге саяды. Ол енді саясатқа келіп тіреледі…

Міне, осылайша «әдебиет» дейтін алып теңізінің шетіне өзгеше бір ағыспен, өзгеше бір толқынмен Әкім Тарази арнасы жосыла келіп қосыла берген.

«Тәж» кітабының ең басында Тарази: «1933 жылы Алматы қаласында СТАНДАРТ көшесінде жарық дүниеге келіппін… Өз басым әйтеуір ұстаздық қызметімді тастап, ауылдан Алматыға қашқаным бар. Бірте-бірте мансап биіктері де сиқырланып шақыра берді… Ақырында стандарт қапасынан және бір қашып шықтым. Сондықтан менің өмірбаяным шенеунік боп үстел кемірген қиқы-жиқы сүрлеулермен өлшенбейді, жан тәніммен жазған шығармаларыммен айқындалады. …Сонымен бар ғұмырым қашумен өтіп келеді. Қашқанда құтылып, іздегенде тауып жүргенге не жетсін!» деп жазыпты.

Одан кейінгі «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Москва-Баласаз» секілді кесек-кесек романдар, әңгіме, повесть, пьесалар қапастағы қоғамда еркіндік аңсаған адам жанының терең құпияларына қапысыз сүңгіген, пенде бойындағы мерездікті жебедей түйреген шығармалар болып өмірге келе берген.

Таразидің жазуы қатарластарынан өзгеше болғанын бұл күнде біраз жазушы тілге тиек етеді. «Мен әдебиетке кинодан келдім. Сана экраны. Прозаның да құпия сиқыры – экран. Өзің анық көре алсаң, оқырман да көреді. Ал шұбыртып жаза берсең, оқырманға қызық емес» депті қаламгердің өзі. Шынында, Тарази прозасында детальдар сөйлейді. Көбінесе оқиға баяндаумен емес, драмалық тартыс арқылы өзін-өзі алға жетелейді.

Өзі де драматургиямен, кино­сценарий жазумен айналысқан Ғабит Мүсірепов соны байқады ма екен, әйтеуір Ғабеңнің нұсқауымен Мәскеудегі жоғары сценарлық курсқа оқуға барған тұңғыш қазақ болады. Сол оқуды бітіріп, дипломдық жұмыс ретінде жазған сценариі бойынша әйгілі режиссер Мәжит Бегалин «Тұлпардың ізі» дейтін фильм түсірді. Ол фильмнің дүмпуі тіпті ерекше болды. «Қазақ киносында неге әлемдік деңгейдегі туындылар жоқ?» деген сұраққа режиссер Сатыбалды Нарымбетов: «Мен оған келіспеймін» деп екі туындыны атайды: «Тұлпардың ізі» және «Атамекен». Осыдан-ақ бұл фильмнің деңгейі туралы ой түйе беріңіз. Осы фильм туралы ой толғаған сценарий авторы былай дейді:

«Тұлпардың ізі» талқыланып жатқан. Сол күн әлі есімде.

– Сонда қалай жолдастар?! Қазақстанда совет өкіметі жоқ па? Көркейген ауылдар, көрікті қалалар қайда? Мыжырайған қоралар мен маңыраған малдан басқа ештеңе көре алмадым ғой. Түзетіңдер, қайта түсіріңдер! – деді Орталық Комитеттің екіншісі хатшысы.

– Бұл дау екі аптаға созылды. Мәжікең қасарысып көнбеді. Ақыры лентаны Мәскеуге апарып, мамандар мен шеберлерге жүгіндік. Шыңғыс Айтматовты алдырды. Сонымен лента аман қалды. Мәжікеңнің сол қайсар мінезі фильмдерінің тағдырына кері әсер етті. Бірақ суреткер иілмеді, күл-парша боп сынды. Халық суреткерінен, бірбеткей азаматынан айырылды».

Ауыр, әрине. Алайда өміршең шығарма оңайлықпен өмірге келмейді. Оның жарыққа шығуы да, өмір сүруі де жеңіл болмайды. Ол кезең белгілеп берген «даңғыл» жолмен үкімет үдесінен шығатын шығармаларды саңырауқұлақтай қаулата жаза беретіндер үшін аса қиын болмаған шығар, бірақ ұлт болмысын іркіттей ірітетін небір қитұрқы саясаттар жүріп жатқанын ақылымен түсініп, жүрегімен түйсініп, өзін қинаған жағдайларды кейіпкер жан дүниесіне көшіріп, оны бақылап отырған қырағы көздердің «тезінен» қалқалай отырып, қалың оқырманның жүрегіне, санасына жеткізу қиынның қиыны екені анық.

«Жазушы деген ұғымның түбінде сырласу жатқан жоқ па? Бізді достастырған да дүние осы. Біз бір-бірімізбен сырласа алдық, мұңымызды, дертімізді, жүрегіміздегі барды айта алдық. Жұбаттық, жол сілтедік, бір-бірімізге үміт сыйладық. Себебі жазушылықтың азап екенін сезінбей, шын жазушы бола алмайсың… Оқып, жазып жатқанда бір-бірімізге ескертеміз «мазалама» деп. Ол кезде арамызда айлап өлі тыныштық орнайды. Жазып болған соң бір-бірлеп «іннен» шыға бастаймыз. Содан кейін сынау басталады. Біз бір-бірімізді аямай сынадық» дейді тағы да Тарази.

Әкім Тарази шығармалары ылғи да кеңінен талдауды қажет етіп тұратындай. Өйткені аз сөзге көп мағына сыйдырады. «Тасжарған» романында бас кейіпкер Омардың отбасылық өмірін, Әблездің, Мәтековтің, Мұсаның шаңырағының отбасылық өмірін бөлек-бөлек баяндайды. Сол арқылы түрлі таным, түрлі көзқарастағы сол кездегі мыңдаған отбасының типтік образын ашады. Сол кезеңнің, сол қоғамның тұтас картинасын көз алдыңа әкеледі. Өзін-өзі үнемі сынап, өзін-өзі үнемі қайрап жүретін жазушының оқыған кітаптарының кей тұстарын сызып, сол тұсқа пікірлерін де түртіп отыратын әдеті бар. Бір күнделігінде «сырласым да, мұңдасым да – «Тасжарған». «Тасжарғанның» 340-бетінде өз қолыммен жазған пікірім бар екен, соны күнделігіме көшіріп қоюды жөн көрдім:

«Жазушылық мамандық емес, қасиет қой, тіпті қасірет те болуы мүмкін! 06.10.2017 ж.» деп жазыпты.

Шынында, осы «Тасжарғанды» оқығанда бізге де сондай ой келген еді, қызық! Осы ойды «Күлтәй жеңешем мен Александр Солженицын» атты әңгіме-эссесін оқығанда осы ой қолға ұстаған зат секілді анық көрініп еді. Енді сол әңгімеге туралы аз-кем тоқталайық.

«Күндердің күнінде менің құрдасым Сәкен Жүнісов Жазушылар одағында кездесіп: – Әй, Әкім, оқыдың ба? – деді. – Нені? – дедім. – Анау Солженицын деген қазақты масқара қылыпты ғой, – деді. – Мен оны дуэльге шақырам, іздеп барам, әкең… – деп қатал-қатал сөздер айтты. – Атып тастаймын мен оны барып! – деді. Кеңес Одағында 10 миллион данамен тарайтын газетте Солженицын «орыс елін көркейту туралы» ойлары баяндалған мақаласында Кеңес Одағының тарайтынын айта келіп, Одақ құрамындағы әрбір халықтарға көзқарасын білдіреді. Кейбіреуін бостандық сүйгіш деп дәріптесе, кейбірін орыс халқына пайдасыз ғып көрсетіп, ең соңында қазақтар туралы «бұлар – адамзаттың қас жауы, атқа мінген қазақ атының тұяғы жеткен жердің бәрін өз жерім деп санайды» деп қатты шүйлігеді.

…Солженицынның мынау мақаласы… «Орыс елін қалай көркейтеміз?» деген ойын айта келіп, осылай біткенде, мен, әрине, Солженицынды жақсы көре алмадым. Сәкен досым секілді тез күйіп, тез жанатын мінезім жоқ. Іште қалды бір кіжіл, іште қалды бір ашу» дейді автор.

Содан Солженицынның аштық жылдары жер аударумен қазақ даласына келгені, онда жалғыз баласына бидай апара жатқан әйелдің бидайын тартып жегені, ауылда мұғалім болғаны баяндалады. Одан «атқа мінген қазақ атының тұяғы жеткен жердің бәрін өз жерім деп санайды» деген сөзге байланысты «сен мені кешіре ғой, оқырманым, бір ғана ойды, бір ғана пікірді дәлелдеу үшін мен пақыр осыншама шегініс жасауға мәжбүр болып отырмын» деп ұзақ Мөде қаған туралы тарихқа кетеді. Осы тұста «соның бәрін сығымдап қалай жеткізіп айта аламын» деп біздің де қиналып отырған жайымыз бар. Қысқа қайыруға тура келеді.

«Мен бұл әңгімені екі рет бастаған едім, екі ретінде де аяқ алысым өзіме ұнамады. …Міне, бүгін таң алдында, таң деймін-ау, түнгі сағат үштердің кезінде оянып алып, төсектің бір шетінде отырғанымда келген ой сол еді». «Шын мәнінде, үлкен адамнан сондай кішкентай қылмыскер шыға ма?». «Сен олай ете алмайсың!» дедім мен. Сен дегенім Александр Исайұлы Солженицын еді. «Мен» дегенім әлі төсекте отыр.

Көз іле алмай маужырап отырған Әкімді шар еткен телефонның ащы дауысы оятып жіберді. Қалихан екен… Сол Қалиханның әкесі екі жасар ұлын құшақтап, қатты қысып жатып, ұйқы үстінде өмірден өтіп кеткен ғой. Қапалықтан өлген. Әне айдап әкетеді, міне айдап кетеді деген қорқыныштан өлді ме екен? 1937 жыл еді себебі. Хат танитын адам, зиялы жігіт. Хат танитын адамды ол кезде аямайтын еді ғой өкімет.

Күллі Қазақстанды үрей буып тұрған. Біреу тұтқындалса, белгілі уақытта соның бір жақынын әкетеді. Қалиханның әкесі өзін әкететін мезет жақындаған түні жалғыз ұлын құшақтаған күйі, жалғыз ұлының тағдырына алаңдаған күйі өмірден өтіп кеткен. Шешесі Күләй өлі әкенің құшағынан тірі баласын әрең айырып алған. Содан Алтайдың қақаған ақ түтек боранында Қалиханды шанаға отырғызып алып, қайнысының үйіне барады.

Таңның атысында шыққан екі жасар ұлын шанаға отырғызып, сүйреп шыққан ана түн ортасы ауа әрең жетеді. Мынау жалғыз бала, сенің ағаңның жалғызы, осыны не істейміз деп алып келген болар. Бірақ туысқаны есігін ашпай қояды. Өйткені Қалиханның әкесінің үкімет қырына алған адам екенін біледі. «– Мен ғой, Күләшпін ғой, – деді. – Қалиханды алып келіп едім, – деді. – Ағаң жоқ үйде… – деді әйел». Бірақ ар жағынан ағасының күңкілдеген дауысы естіліп тұрды. Бір кезде әкесінің туған інісінің әйелі жарты күлше нанды лақтырып жіберді. Қалихан нанды бас салады. Анасы қорланып, баланың қолынан нанды тартып алып, лақтырмақшы болды. Бірақ бала бермей қояды. «– Әттең-ай, әттең-ай! – деп жылайды содан соң, – Сен болмасаң, мынау ит өмірде бір сәт қалмас едім. Тағдырымды бір жарым құлаш кендір арқанға тапсырар едім! – деп зарлайды. …Бір кезде Күләш тоқтап, баласына айқай салады: – Өлмедің-ау, сен, өлмедің-ау! Сен өлсең, маған жеңіл болар еді. Мен мына әдірам қалған тірліктің құнын бір жарым құлаш арқанмен өлшер едім! Сен өлмей қойдың ғой, қу жетім, сен өлмей қойдың ғой. Еңкейіп, айқайлап, ұрысып тұрған анасының көзіндегі тыр­нақ басындай қос мұзды көріп үлгереді бала. Мұз. Көз жасы емес, қатып қалған екі мұз…».

«Әкеңнің өлгеніне жылап тұрған жоқпын» дейді ғой Күләш сонда. Қақаған аязда, екі жасар баланы шанаға салып он бес шақырым жүріп келгенде, туған інісі есік ашпай қойғанына қорланып жылайды.

«– Әй, Қалаға, сонда анаң айқайлап, саған ұрысқанда екі тамшы көз жасының мұз болып қатып тұрғаны шыннан есіңде ме? – дедім. Қалихан күлді. – Сенің әкеңнің ағасы этаппен кеткен еді, сенің әпкең этаппен кеткен еді. Орыстың үлкен жазушысы Солженицын этаппен Қазақстанға келген еді. Сенің әкең мен әпкең этаппен орыстың Сібіріне барған еді. Сол заман… – деп сөзімнің аржағын «жұтып қойдым». Сөзімнің аржағын жұтып қойдым. Өзіме-өзім күбірлеп айттым. Сондықтан да бұл эссені жазбасам болмайтын еді. Ішімде қалса дертке айналып кететін еді. Сондықтан да осы эссені жаздым» дейді жазушы.

Өзінің шығармашылық жолын саралай келіп, тәуелсіздік тұсында қайта басылған кітаптарына еш өзгеріс енгізбегенін айтады автор. «Тек редакторларым «колхоз», «совхоз» дегендерді «ұжымшар», тағы бірдеңе шар деп өзгертуге мәжбүрледі. Өйт­кені бүгінгі оқырман кеңес кезіндегі атауларды жатырқайды екен. Сондай-сондай ұсақ-түйек болмаса, мен өзім бірде-бір сөйлемді, бірде-бір сөзді түзетпедім. Бұл менің өспей қалғаным емес. Олай деп ойлама. Сол жас кезімдегі көркемдік танымнан мен әлі күнге ауытқымаппын. Демек, шындыққа әуелден жақын болғаным ғой. Сондықтан өкінбеймін, өкініш жоқ» дейді күрескер қаламгер, азапкер жазушы Әкім Тарази.

Қандай қиын өмір! Қандай ғибратты ғұмыр! Алла қазаққа осындай жазушыны бергеніне мың шүкір! Қазақ руханиятының құтындай болып отыра беріңіз, ұлағатты ұстаз! Үрім-бұтағыңыз өркен жая берсін, өзіңіз күнде санын сұрай беретін халқыңыз өсіп келеді.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ, Қазақ ұлттық өнер
университетінің аға оқытушысы, PhD докторант

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button