Басты ақпаратШартарап

Қайта басталған қақтығыс

Әзербайжан 19 қыркүйек күні Таулы Қарабақ аймағына қарулы күштерін кіргізіп, әскери операция бастады. Баку «Бұл операцияның мақсаты конституциялық құрылымды қалпына келтіру, кең ауқымды арандатушылықтардың жолын кесу, армян қарулы күштерін қарусыздандыру және Қарабақ аумағынан шығару, әскери инфрақұрылымды «бейтараптандыру», сондай-ақ Әзербайжан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету» деп мәлімдеді. Күрт ушыққан бұл жағдай халықаралық қауымдастық назарында Қарабақ аумағында үшінші реткі қантөгіс бастала ма деген күдікті қайта сілкіп оятты.

Шыққалы тұрған көзді кім шұқыды?

Армения мен Әзербайжанның шекараға әскер топтап, соғысып кетуге шақ қалып тұрғанына бір айдан асты. Міне, сол «шыққалы тұрған көзді шұқып жібергендей» 19 қыркүйек күні Әзербайжанның Қожабент аймағында 6 әскери адамы жолға қойылған минаға түсіп мерт болды. Осы оқиғадан кейін Баку Армения мен Қарабақты «теракт ұйымдастырды» деп айыптады. Ал Таулы Қарабақтағы армяндар Бакудың бұл ақпаратын терістеп, «Әзербайжан жалған ақпарат таратып, Қарабақтағы армяндарға шабуылдауға сылтау тапты» деп мәлімдеді.

Оқиғадан кейін Әзербайжан халқы Қарабақ мәселесін түбегейлі шешуді талап етіп, билікке талап қоя бастады. Осыдан кейін онсыз да техникасын топтап, сайысқа сақадай сайланып отырған Әзербайжан әскерлері «Аттан» салып, Қарабақтың армян сепаратис­терінің бақылауындағы аумағына атойлап кірді. Операция басталғаннан кейін Әзербайжан Қорғаныс министрлігі ресейлік бітімгершілік күштерінің қолбасшылығы мен түрік-ресей бірлескен бақылау орталығының басшылығын «жүргізілген іс-шаралар» туралы хабардар еткенін мәлімдеді. Ал Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Әзербайжан Қорғаныс министрлігінің бұл мәлімдемесін жоққа шығарды. Ол «ресейлік әскерилер антитеррорлық шара басталардан бірер минут бұрын білді» деді.

Әрине, бұл реткі әскери әрекетке «Қожабенттегі жарылыс себеп болды» деп жеңіл тұжырым жасауға келмейді. Үлкен жақтан алып айтқанда, бұл 1988 жылы басталған армяндар мен әзербайжандар арасындағы қанды қақтығыстың жалғасы болса, екінші реткі Қарабақ соғысынан кейін армян тарапының өз міндеттерін толық атқармай түлкі бұлаңға салуы, Әзербайжанға 5 жыл ішінде бейбіт жолмен қайтарылуға тиіс аумақта армян сепаратистерінің барған сайын күш алуы және олардың 9 қыркүйек күні заңсыз президент сайлауын өткізуі мұрындық болды.

Операция қалай жүріп жатыр?

Ақпарат көздері ұрыс Ханкенді, Агдере, Шуша бағыттарында жүріп жатқанын жазады. Әзербайжан Қорғаныс министрлігінің дерегіне сенсек, Әзербайжан әскерилері Қарабақта дәлдігі жоғары қару қолданып, 20 әскери көлікті, 40 артиллериялық қондырғыны, 30 минометті, 2 зенитті-зымыран кешенін, 6 радиоэлектронды станцияны қиратып, 60-қа жуық әскери бекетті өз бақылауына алған.

«Операция бейбіт халыққа бағытталмаған, тұрғындардың әскери нысандардың маңынан алыс жүруін талап етеміз» деп үндеу жасаған Әзербайжан Қорғаныс министрлігі бейбіт тұрғындарды Қарабақтағы қауіпті аймақтан эвакуациялау үшін гуманитарлық коридор мен қабылдау орталықтары ашылды деп мәлімдеді. Ал Армения Қорғаныс министрлігі болса, «Қарабақта біздің әскеріміз жоқ. Армения мен Әзербайжан атыс­ты тоқтатуы керек» деп отыр. Ал Әзербайжан сыртқы істер министрлігі Таулы Қарабақтан армян әскери күштерінің толық шығуын, Степанакерттегі «режимнің» тарауын талап етіп, «аймақта бейбіт келісімге келудің жалғыз жолы – осы» дейді.

Құр сөз қорған бола ма?

Қақтығыс басталғаннан кейін Армения билігі Шұғыл түрде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мен Ресей бітімгерлік күштері Қарабақтағы соғысты тоқтатуы тиіс деп мәлімдеді. Ереванның осы талабына сәйкес, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі 21 қыркүйек күні Қарабақ мәселесі бойынша шұғыл жиналыс өткізетін болды. Еуропа Одағы болса, Әзербайжан тарапынан соғысты дереу тоқтатуды талап етті. Ресей СІМ өкілі Захарова «Ресей Әзербайжан мен Армения арасындағы қақтығысты дереу тоқтатып, келіссөз үстеліне отыруға шақырады» деп мәлімдеді. Ал АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен «алдағы 24 сағат ішінде Әзербайжанмен және Армениямен ресми мойындалмаған Таулы Қарабақ (армянша атауы – Арцах) аймағындағы жағдайды реттеуге қатысты келіссөз өткізетінін» жариялады.

Қарабақ қақтығысы сөз болса, екі «сезімтал» ел – Түркия мен Иран еске түседі. Өйткені бұл екі ел жауласқан екі жақты қолдап отыр. Осыдан бірер апта бұрын Иран «егер Түркия Әзербайжанды қолдап, Қарабаққа әскер кіргізсе, біз қарап тұрмаймыз» деп дөң айбат танытса, Түркия да оған іле-шала жауап қайырып, «Біз әзербайжандық бауырларды қолдаймыз, егер Қарабақ мәселесіне Иран кірісетін болса, біз де қол қусырып қарап тұрмаймыз» деп мәлімдеген еді. Шын мәнінде, Әзербайжан елінің артында қуатты қолдаушы болып, Түркия тұрғаны жасырын емес, екінші реткі 44 күндік Қарабақ соғысында Әзербайжанның жеңіске жетуін Түркияның қолдауынан бөле қарауға болмайды. Ал Тегеран Әзербайжан елі күшейсе, болашақта Иран елінің тұтастығына үлкен қауіп деп санайды. Өйткені 85 миллионнан астам Иран халқының 27 пайызын әзербайжан ұлты құрайды. Бұл елде Батыс Әзербайжан және Шығыс Әзербайжан деген тарихи-географиялық облыстар бар. Иранда халық санағы ешқашан ұлттық айырма бойынша жүргізілмейтіндіктен, әзербайжандар санының нақты қанша екенін ешкім білмейді. Дегенмен 25-30 миллион шамасында деген болжам жиі айтылады. Сосын Иран болашақта ирандық әзербайжандар «Әзербайжан еліне қосыламыз» деп шу шығара ма деп қауіптенеді де, Әзербайжанның күш алғанын қаламай, әдейі Арменияны қолдап, екі елді мүйіздестіріп қоюға мүдделік танытып келген. Дегенмен, кеше Иран да күтпеген мәлімдеме жасады. Нақтырақ айтқанда, Иран Сыртқы істер министрлігі «Тегеран қашанда Қарабақты Әзербайжан жері деп санаған. Барлық мәселе осы позиция аясында реттелуі тиіс, біз Қарабақ мәселесін шешудің жолы ретінде 3+3 форматына әрқашан дайынбыз» деп мәлімдеді.

Ал Түркия басшысы Ердоған болса, 19 қыркүйек күні БҰҰ мінберінде (БҰҰ Ассемблеясының 78 сессиясына қатысып жатқан) «Армения өзі мойнына алған міндеттер мен уәделерді орындауы керек! Әуелі Зангезур дәлізін ашудан бастасын! Біздің мақсатымыз – Қарабақтағы барлық адамның бейбіт өмірін қамтамасыз ету. Қарабақ – Әзербайжандікі. Басқа статус жоқ! Біз Әзербайжанды қолдаймыз! Біз «Бір халық – екі мемлекет» деген ұранмен жүреміз» деп айқай салды.

Арменияда алаңдау басым

Қарабақтағы жағдай күрт шиеленіскеннен кейін Армения басшысы Пашинян шұғыл түрде Армения Қауіпсіздік Кеңесінің жиынын шақырды. Осы отырыста ол «Таулы Қарабақтағы жағдайға байланысты біз әскери қимылға көшпейміз» деп мәлімдеді. Армения Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Армен Григорян да «Армения Қарабақты қорғамайды. Өйткені Қарабақ Арменияның жері емес» деп ашып айтты.

Жалпы соңғы кездері Армения да шекараға әскер топтап, қаруын сайлап жатқанымен, Әзербайжанмен қайта соғысуға ынталы емес сияқты. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, 2020 жылғы Қарабақ қақтығысында Әзербайжан Армениядан басым түсті. Ресейден алған ескі-құсқы қаруы елге қорған бола алмады, Түркиядан алған озық қару-жарақпен қаруланған Әзербайжан күштері олардың 30 жыл бойы құрған шебінің шақ-шәлекейін шығарды. Екіншіден, Ресейдің өңірдегі ықпалы әлсірей бастады. Былайша айтқанда, Ереванға қорған болам деген Ресей Украина ұрысы басталғалы өзімен-өзі әбігер. Оның үстіне, Армения тапсырыс беріп, ақшасын төлеп қойған қаруларын да уағында ала алмай отыр. Ресей ықпалындағы ҰҚШҰ (ОДКБ)-ның Арменияға жеткізген пайдасы да шамалы болды. Міне, осы сәтті пайдаланып, АҚШ-тың армяндары бауырына тарта бастауы Арменияның батысқа бет бұру ойын күшейтті. Үшіншіден, Халықаралық қауымдастық Қарабақты Әзербайжан жері деген ұстаныммен отыр. Міне, осы жағдайлар Арменияны Қарабақтан бас тартуға итермеледі.

Әзербайжандар әскери операция бастағаннан кейін Армян топтары ресейлік бітімгерлік күштерін сынап, «Армениядан Ресейдің әскери базасы шығарылсын» деп шулап, Путинді жерден алып, жерге салды әрі Пашинянның отставкаға кетуін талап етті. Сонымен қатар наразылар көшеге шығып, ел астанасында үкімет үйін басып алуға тырысты. Сонымен, полиция наразы топқа көзден жас ағызатын газ қолдана бастады да, толқудың соңы қақтығысқа ұлас­ты. Нәтижесінде 40-қа жуық адам жарақат алды, оның 16-сы – күш құрылымның өкілдері.

Неге Қарабақта қан төгіле береді?

Таулы Қарабақ ресми түрде Әзербайжан аумағы саналады, бірақ бұл аймақта этникалық армяндар басым, оларды Ереван қолдап отыр. Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақ аймағы үшін 1988 жылдан бері қақтығысып келеді. 1988-94 жылдары арасындағы соғыста 30 мыңдай адам қаза болды. 1994 жылы екі ел қақтығысты тоқтату туралы келісімге қол қойған. Кейін Таулы Қарабақ этникалық армяндардың бақылауында болды. Таулы Қарабақ аймағы 1991 жылы тәуелсіздік жариялап алған. Бірақ бұл тәуелсіздік халықаралық деңгейде мойындалмады.

2020 жылы қыркүйекте Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақта қайта қақтығысты. 44 күнге жалғасқан бұл қақтығыстан соң Әзербайжан Таулы Қарабақтағы Степанакерттен басқа барлық аймақты, сонымен қатар Мардакерт және Мартуни қалаларын өзіне қайтарып, өңірге Мәскеу бітімгер әскерін кіргізген.

Екі тараптың келісе алмай отыр­ған тағы бір мәселесі – Зангезур дәлізі. Бұл – Нахичеван Автономия­лық Республикасының аумағы мен Әзербайжан арасын тұтастыратын маңызды дәліз. Әзербайжан өз аумағы мен Нахичеванды осы дәліз арқылы тұтастыруға талпынады, бірақ Армения оны қабылдамай келген. 2020 жылғы үшжақты келісім бойынша Армения дәліздің ашылуына келісім берген, алайда оның іске асуын кешеуілдетіп келеді. Дәлізде қақтығыс болмауы үшін оны ресейлік бітімгерлік күштер күзететін болған.

Ең маңыздысы, бұл дәліз тек Әзербайжан үшін ғана емес, Түркия, Қазақстан үшін де айрықша маңызды. Өйткені бұл дәліз түркі елдерін біріктіруші алтын көпір болады деген болжам бар. Түркиядан Нахчеванға, одан Зангезур дәлізі арқылы Әзербайжанға жетіп, кейін Каспий теңізі арқылы Орталық Азиядағы түркі елдерінің арасында тауар айналымының еселеп артуына үлкен мүмкіндік беріп қана қалмай, «Шығыс-Батыс» сауда жолының да дамуына серпін берді. Қарабақ қақтығысындағы біздің мүддеміз тоқайласатын түйін – осы.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button