Басты ақпаратҚоғам

Ғылымға арналған ғұмыр

Қасиетті Қорғалжын топырағы абыройы асқан атақты адамдарға кенде емес. Тарихта ізі қалған Кенжебек Күмісбеков, Дәулет Мықтыбаев, Рабиға Есімжанова сынды көптеген дарынды тұлғаларды дүниеге әкелген киелі өлкеде ел мүддесі жолында адал еңбек етіп, өнегелі істерімен, адамгершілік қасиеттерімен, басшылық қарым-қабілетімен ерекшеленгендер жетерлік. Сондай асыл жандардың бірі – саналы ғұмырын ғылымға, металлургия саласын дамытуға арнаған ғалым, техника ғылымының докторы, профессор, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сұлтанбек Қожахметов.

Ғұлама ғалым әл-Фараби айтқандай, ғылымның сарайына кіретін адамның ары таза, жан иманы кәміл, пейілі тура болуы керек. Сұлтекең әу бастан-ақ осы қағиданы берік ұстанған-ды. Оның бойына бұл қасиеттерді дарытқан әжесі Зағфран болса керек.

1935 жылы 15 қыркүйекте Қорғалжын ауданының Өркендеу ауылындағы  Жуалы көлінің жағасында киіз үй ішінде өмірге келген тұңғыш немерені қазақтың дәстүрімен әжесі бауырына салып, он-он бір жасқа толғанша қойнына алып жатып, талай жыр-дастандардан сыр шертіп, өзі өмірден озғанша тәрбиелеп, еркелетіп өсіреді. Бұл әңгімелерді ол кейін Сейтжан атасынан естіген еді. Ол кісіні «ата» деп бірінші атаған да осы Сұлтанбек Мырзахметұлы болатын. Атасы Қожахмет қайтыс болғаннан кейін қайнысы Молдахметпен отбасын құрып, олардан туған Сейтжан осы Қожахметовтер әулетінің үлкен шаңырағының иесі болған соң, жолын ескерген барша бала ол кісіні «ата» деп атап кеткен көрінеді. Мұның бәрі өмірден көргені мен көңіліне түйгені көп сол данагөй әжесінің ықпалымен болғанымен белгілі.

«Қызыл» мектептен басталған білім

Ол тұста аудан қарамағындағы ауылдарда тек төрт жылдық мектептер болатын. Бастауышты өз ауылдарында бітірген балалар жоғары сыныптарды аудан орталығындағы «Қызыл мектепке» келіп оқитын. Кейін оның жанына қырдағы малшылардың балалары жатып оқитын екі кішкентай интернат салынды. Сол кезде бастауыш сыныпты бітірген Сұлтанбек Мырзахметұлы да осы білім мекемесінің табалдырығын аттады.

«Қызыл мектеп» туралы менің де естуім бар. Қорғалжыннан шыққан атақты адамдардың дені осы мектепте дәріс алған. Өздері оқыған білім ошағын олар «қызыл академия» деп атап кеткен.

1928  жылы Қорғалжын ауданы құрылғаннан кейін арада аз уақыт өткен соң орталықта күйдірілген қызыл кірпіштен үш үй салынып, олардың төбесі, едендері, есік-терезелері ағаш тақтайлармен бекітіліп, сырланады. Әкесі Мырзахметтің айтуынша, сол үш үйдің біріншісіне аудан басшылары қоныстанса, екіншісін аудандық емхана жасап, үшінші үйді орта мектепке берген екен. Ол кезде де мектептер екі тілде, қазақ және орыс тілдерінде дәріс беретін болған.

– Бірінші сыныпқа барған кезім әлі есімде. 1942 жылдың қысы. Ол кезде қыс қатты болатын. Түнімен жауған қар үйлердің төбесін басып қалып, таңертең тұрғанда тек мұржалар ғана қылтиып көрініп тұратын. Боран деген қазіргідей емес, алай-дүлей болушы еді. Тоғызыншы сыныпта оқитын нағашы ағам Алтайжан мені мектепке арқасына мінгізіп апарып, сабақ біткен соң осылай үйге алып қайтатын. Кейін есейгенде де ол кісінің маған көрсеткен көмегі көп болды, – деп бастады әңгімесін С.Қожахметов.

КСРО-ның ірі оқу-ғылыми орталығында білім ала жүріп, ол көрнекті профессорлардың үлкен мектебінен өтті. Қырық жылдан артық уақыт өзінің ғылыми ұстазы болған Асқар Меңліахметұлы Қонаев­пен бірге жұмыс істеді. Жеті жыл бойы Металлургия және кен байыту институтының директоры қызметін атқарып, өзінің күш-қуатын аяқталған жұмыс­тарды өндіріске енгізу қарқынын жоғарылатуға, іргелі зерттеулердің кейбір бағыттарын жаңғырту, жоғары біліктілікті ғылыми кадрлар дайындау­ға бағыттады

Онжылдықты ойдағыдай бітіріп, Алматының ауылшаруашылық институтына құжат тапсырғанымен алғашқы емтиханнан-ақ «құлап», оқуға түсе алмай қалғанда да осы кісінің ақылын айтып, жөн сілтегенін қалай ұмытсын. Бұл кезде ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнаулы мектебін бітіріп, лейтенант атағын алған нағашы ағасы жолдамамен Ақмола облысына кеткелі отыр екен. Мән-жайды толық естіген соң жие­нін алып, жолға шығады. Мұнда келген соң білімін толықтыру үшін әрі орыс тілін қосымша тереңдетіп оқу үшін басшылармен алдын ала келісіп, Қорғалжыннан тоғызыншыны бітірді деген құжатын алып келіп, оны Ақмоладағы №2 Сталин атындағы қазақ мектебіне тапсырып, оныншы сыныпты қалада қайтадан оқуға кіріседі. Сондағы бар ойы келесі жылы жоғары оқу орнына түсу болатын.

Бір күні Мәскеудің ­М.Калинин атындағы түсті металдар және алтын институында білім алып жүрген осы мектептің екі түлегі қысқы каникулға келіп, оқушыларға институт жайлы айтып, кітапшалар таратып кетеді. Мәскеуде мұндай институт барынан бейхабар бала сол күннен бастап әлгі екі студент тастап кеткен кітаптарды ақтарумен болады. Осы институтқа түсуге аңсары ауады да тұрады. Сөйтіп, Пушкин атындағы кітапханадан шықпай, бос уақытының бәрін емтиханға дайындалуға арнап, сол жылы орта мектепті аяқтағаннан кейін ауылдағы бір топ жолдастарымен Мәскеу қаласына жол тартады.

Мәскеудегі қызықты күндер

Өзі аңқау, ақкөңіл ауыл баласын алып қала бірден бауырына баса қойған жоқ. Аңқиып жүріп алданды, аузын ашып жүріп арбалды. Бірақ, асқақ арманына жету жолында кездескен қиындықтар мен сәтсіздіктерді еңсере жүріп, діттеген мақсатына қарай қадам басты.

– Менімен бірге барған балалардың барлығының құжаттары дұрыс болып шықты. Қабылдау комиссиясының бөлмесіне мен ең соңынан кірдім. Комиссияның жауапты хатшысы орта жастағы орыс әйел екен, менің қолымдағы қағаздарымды алып және өзінің дәптеріне қайта-қайта қарап: «Сіздің құжаттарыңыз­ды біз Алматыда тау-кен металлургиялық институты болған соң, соған түссін деп, Ақмолаға қайтарып жібергенбіз. Сондықтан сізге емтихан тапсыруға жіберетін қағазды бере алмаймын» деп журналының «примечание» деген жеріне жазылған мәліметтерді көрсетті. Тауым шағылып, кері кетейін деп тұрғанда, менен кейін құжаттарын тапсыр­ған Батыс Қазақстаннан келген қазақ жігіт жағдайымды сұрап, мән-жайға қаныққан соң, «Бұл дұрыс емес, жүр, институт ректорына кіреміз» деп мені қабылдау бөлмесіне ертіп барды да, хатшы қыздан бізді ректорға кіргізуін өтінді. Ректор бізден Қазақстанның қай жерінен келгенімізді сұрап, «Ал қандай мәселелерің шешілмей тұр?» деді. Қасымдағы жігіт пысықтау екен, көбіне сол сөйледі. Жағдайды толық түсінген соң ректор хатшысына: «Срочно ко мне пригласите ответственного секретаря приемной комиссии» деді. Тез келген жауапты хатшы әйелге біздің көзімізше дүрсе қоя берген ол бұл мәселеге қатысты шара қолданылатынын және оның өте үлкен қателік жасағанын айтып, қолыма жатақхана және емтихан тапсыруға рұқсат беретін қағаздарды бергізді. Сонымен қоса құжаттарымды институтқа жедел қайтару керек деген анықтаманы қолыма беруді бұйырды да, жауапты хатшының кешірім сұрауын талап етті. Хатшы ректордың көзінше менен кешірім сұрады, – деді Сұлтанбек Мырзахметұлы.

Осы оқу орнында білім ала жүріп, институт ректорының тек өзіне ғана емес, басқа да көптеген таныс студенттерге қамқорлық көрсеткені бар. Жалпы ол кісі жоғары деңгейдегі интеллигент адам болған. Қазақстаннан және Орта Азия республикаларынан келген көптеген жастарға қолдау білдіріп, көмектес­кеніне талай рет куә болды. Қаншама қызықты күндерді бастан кешірді. Әсіресе, сол институтқа абитуриент болып қабылданған күні ақша салынған дорбасын Ақмоладағы Алтайжан ағасына телеграмма жіберейін деп Октябрь даңғылының қасындағы 49-пошта бөлімшесіне барғанда сонда қалдырып кеткені, кейін «Дом коммуны» жатақханасына келіп, асханадан түскі ас ішуге барып, кассаға ақша төлей алмай, ол ақшадан күдерін үзсе де, жолдастарының айтуымен арада төрт сағаттай уақыт өткеннен кейін жаяулап қайтып барса, бұрыштағы стол үстінде сарғайып кеткен «Қорғалжын өлкесі» газетіне оралған ақшаның қасындағы дорбасымен жатқанын көріп қуанғаны, танымайтын елде бөтен адамдардан талай рет қамқорлық көргені, Мәскеуде болашақ академик, ол кезде диплом жазып жүрген студент, атақты Қаныш ­Сәтбаевпен алғаш рет кездескені әлі күнге дәл кешегідей көз алдында. Қайран, жастық шақ-ай, десеңізші…

КСРО-ның ірі оқу-ғылыми орталығында білім ала жүріп, ол көрнекті профессорлардың үлкен мектебінен өтті. Қырық жылдан артық уақыт өзінің ғылыми ұстазы болған Асқар Меңліахметұлы Қонаев­пен бірге жұмыс істеді. Жеті жыл бойы Металлургия және кен байыту институтының директоры қызметін атқарып, өзінің күш-қуатын аяқталған жұмыстарды өндіріске енгізу қарқынын жоғарылатуға, іргелі зерттеулердің кейбір бағыттарын жаңғырту, жоғары біліктілікті ғылыми кадрлар дайындауға бағыттады. Металлургиялық ғылымның танымал көшбасшысы түсті металлургия саласында жұмыс істейтін өндірісшілердің алдында үлкен беделге және құрметке ие болды. Өзіне тән жоғары парасаттылығы, ұстамдылығы мен тындырымдылығының арқасында көп нәтижелерге қол жеткізді, қызметтестері мен шәкірттеріне көңіл бөліп, қамқорлықпен қарағанын тұстастары үнемі айтып отырады.

Сәтбаев пен Салықов – ұстаздары

Ғұмырын ғылымға арнаған жанның айналасы толған жақсы адамдар болатыны сөзсіз. Бұл ретте Сұлтекеңнің өмірде азамат болып қалыптасуына ықпал еткен ұстаздары жоқ емес. Олар – қазақ геологтарының атасы саналған Қаныш Сәтбаев пен мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Кәкімбек Салықов.

–  Мәскеуде «Түсті металдар университеті» деген жоғары оқу орны болды. 1930-1931 жылдары ол «Тау-кен академиясы» деп аталды. Мен алғашында сол академияда оқыдым. Ол кейін бірнеше институтқа бөлінді. 1953 жылы мен Тау-кен институтын оқып бітіріп шықтым. Кәкімбек ағамыз да осы институтта оқитын. Біз жатқан инс­титут жатақханасының қабырғасында Д.Қонаевтың суреті ілініп тұратын. Оның бауыры Асқар Қонаев та осы институтта оқыды. Айтпақшы, көпшілік біле бермейді, Кәкімбек ағамыз сол тұста Мәскеу қаласы бойынша самбо күресінен чемпион болатын. Оны өзі ешуақытта дәріптеген емес. Институт қабырғасында жүргенде ағамыз қолынан домбырасын тастамайтын. 1958 жылы Мәскеуде Қаныш Сәтбаевпен  кездестім. Ол кісіні бұрын есіткенім болса да, жақын көрмеген едім. Ағамыз атына заты сай, алып кісі екен. Бізбен кездесуде ол қазақша сөйледі. Атағы жер жарып тұрған ағамыз әрқайсымыз­бен жеке-жеке сөйлесіп, болашақ мақсаттарымыз туралы сұрап біліп алды. Маған берілген жолдама бойынша  мен Балқаш қаласына баруым керек болатын. Қаныш ағай менің ойымды өзгертіп, нақты практикалық жұмыстан ғылымға келуіме тура ықпал етті. Қолыма берілген жолдаманы көріп, сол жерде Қазақстанның Мәскеудегі тұрақты өкілі Исағали Шәріповке хат жазып, болашағынан үміт күттіретін  маман ретінде мені Алматыдағы Металлургия институтына баруыма ықпал  етуін сұрады. Ол хат менде әлі сақтаулы, – деп бір қайырды әңгімесін С.Қожахметов.

Негізгі ғылыми еңбектері металлургия мәселелеріне арнаған ғалым ауыр түсті металдар мен оларға ілес­пе элементтер теориясы бойынша ғылыми-зерттеу жүргізді; мыс металлургия­сында тиімділігі жоғары және жаңа автогенді процестердің физикалық-химиялық негіздерін зерттеді. Жоғары температуралы зерттеу саласында тұңғыш рет термиялық орнықсыз металл сульфидтерінің төте булануы, тотығу процестерінің кинетикасы мен механизмін жасады. Оның жетекшілігімен Қазақстан және Ресей ғалымдары бірігіп ашқан автогенді процестің жаңа әдісі – кивцэттік балқыту әдісі мыс қорыту зауыттарында кең қолданысқа ие болды. Осы еңбегі үшін авторлар ұжымымен бірге Сұлтанбек Мырзахметұлына КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді.

2004 жылы израильдік ғалымдармен бірге жария­ланған жұмыстары үшін С.Қожахметов пен оның аспиранты Е.Кенжалиев Америка Құрама Штаттарында минералдар, металдар және материалдар Халықаралық Қоғамының экстрактивті металлургия бойынша лау­реаттарының құрметті атақтарын иеленді, ал 2005 жылы ТМД ғалымдарымен бірлескен ғылыми еңбегі үшін Киевтегі «Алтын Фортуна» халықаралық академиялық танымалдық рейтингінің лауреаты атанды. Ол – 600-ден астам ғылыми еңбектер мен өнертабыстардың, оның ішінде 10 шетел патенттерінің (АҚШ, Канада, Жапония, Австралия, Франция және т.б.) авторы. 11-сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Сұлтанбек Мырзахметұлы «Халықтар достығы» орденінің және көптеген медальдардың иегері.

Қандай қызмет атқарса да адамдарға қолына келген көмегін аямады. Кезінде Дінмұхамед Қонаев тұрған «Дом коммуны» жатахқанасында тұру бақыты бұйырыпты. Өмірлік жары Гүлшара Абуқызымен де осы алып қалада, КСРО астанасы болған Мәскеуде танысыпты.

Алпыс үш жыл бірге

1958 жылдың жазында Сұлтанбек Қожахметов Мәскеудің түсті металдар және алтын институтын бітіріп, қолындағы Қ.Сәтбаев берген шақыру қағазымен Қазақ ССР Ғылым академиясының металлургия және кен байыту институтына жұмысқа орналасады. Екі жылдан соң Гүлшара Абуқызы оқуын бітіріп, диплом алған кезде екеуі шаңырақ көтереді. Биыл – отасқанына 63 жыл. Жарты ғасырдан астам уақыттан бері қосылған қос өзен секілденіп, өмірдің ащысы мен тұщысын, қаттысы мен дәмдісін қатар көріп, қол ұстасып бірге ғұмыр кешіп келеді.

Алматы облысының Балқаш ауданындағы Балқаш көлінің солтүстік жағалауындағы Сары-Гумей деген ауылда туып-өскен қыздың балалық шағы халқымыздың ғасырлық қасіреті ашаршылық зұлматына тұспа-тұс келгендіктен тағдырдың кермек дәмін ерте татты. Кінәсіз сотталған әкесі 1933 жылы елге аман-есен оралғанымен, 1942 жылы көп ауырмай қайтыс болады.

Соғыс аяқталғанша анасы мектепке бермей, тоғыз жасқа тақап қалған кезде ғана мектеп табалдырығынан аттаған Гүлшара Абуқызы 1945 жылдың қыркүйек айында Алматыдағы Ташкент көшесі мен Пушкин көшелерінің қиылысында орналасқан Мәлік Ғабдуллин атындағы №52 мектептің бірінші «В» сыныбында қабылданады. Бұл орысша мектепте тек қыздар оқитын.

Үздік оқушыны мұғалімдер көп қоғамдық жұмыс­тарға тартып, ол звено санитары, кейіннен отряд бастығы болды. Бірге оқитын қыздардың қолдары мен киімдерінің тазалығын тексеріп, тәртіптерін бақылап жүріп, Наталья Степановнаға көмектесетін. Жоғары сыныптарда дружина кеңесінің төрағасы, кейіннен мектептегі комсомол ұйымының хатшысы болып оқушылармен ұйымдастыру жұмыстарын атқарып, көпшілікпен дұрыс сөйлесе білуді, көпшілік ортада өзін ұстауды, олармен жұмыс істеу әдістерін меңгеріп, көп тәрбие алады.

Өзі хат танымаса да, қызының болашағынан зор үміт күткен анасы оны өнер мен спортқа баулып, балет тобына жаздырады. Кейін хорға қатысып, гимнастикамен де айналысады. Бірақ, бесінші сынып оқып жүргенде жанына жақын адамы – анасы қайтыс болып, Сара апасы мен Шағыр жездесінің қолында тұрып, осы үйдің балаларымен бірге бойжеткен қыз мектепті тек бестік бағалармен бітіріп,  Мәскеудегі тоқыма институтына құжат тапсырады. Оқуға түскен соң жеңіл және тоқыма өнеркәсіп саласындағы дүние жүзіне белгілі ғалымдар мен атақты адамдардан оқып, білім алумен қатар КСРО астанасындағы әйгілі ескерткіштер, театрлар мен концерттік залдарда болып, дүние жүзі мәдениетінің жетістіктерімен танысуға мүмкіндік алады. Екінші курста оқып жүргенде Сұлтанбек Мырзахметұлымен танысады.

Жоғары оқу орнын ойдағыдай тәмамдап, 1960 жылдың қыркүйек айында Алматыдағы Жергілікті өнеркәсіп министрлігінің «Казгипроместпром» институтының технология бөліміне бас технолог болып жұмысқа орналасқаннан кейін екі жылдай осы инстиутта жобалау жұмыстарымен айналысып, тәжірибе жинақтаған соң, лауазымдық өсу баспалдақтарынан өтеді.

Бүгінде ұлы Қабдраш пен келіні Айнаштан екі немере, жеті шөбере сүйіп, ата-аналық бақытқа бөленіп отырған ерлі-зайыптылар балаларын ешбір адамның ала жібін аттамауға, кісінің жолын кеспеуге, кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсетуге, ұрлық-зорлыққа жоламауға, өтірік-өсектен аулақ болып, көпке адал қызмет етуге тәрбиелеумен келеді.

Адам ұрпағымен мың жасайды. Ендеше, ғұмыр­ларын ғылымға арнаған ғалымдар балапандарының бақытына бөлене берсе екен дейміз біз де.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button