Басты ақпаратҚоғам

Болыстың болмысы

немесе Спан Макин туралы не білеміз?

Біз бұл есімге арнайы ат басын бұрмас бұрын Спан Макин деген кім, ол не үшін қызыл саясаттың қаһарына ілікті, бұл кісі туралы басылымдар мен архив құжаттарында қандай тарихи деректер сақталған деген сияқты бірталай сұраққа жауап іздеп көрген болатынбыз. Сондай деректің бірі «Сарыарқа» газетінде сақталыпты. Мұнда: «Жиырмасыншы ғасырдың басында Столыпиннің реформасынан соң қарашекпенділер (орыстар) қазақ даласына шұбырып келе бастайды. Олар ең бір құнарлы жерлерге рұқсатсыз үй сала бастаған. Сол кезде Ақмола түбіндегі Тайтөбеге келген орыстарды Темеш руының Спан деген болысы баспаналарын бұзып, өздерін қамшының астына алып, қуып жібереді» деп баяндалады.

Сәкен Сейфуллин «Тар жол тайғақ кешу» кітабында сол кезеңдегі ұлт басылымдары жайлы айта келіп, «осы газеттерді оқып, Қазақстанның қай жерінде не болып жатқанын сырттан бақыладық. Қазақ комитеттерінің көбінің-ақ саяси жолы, әлеуметтік ісі, біздің Ақмоланың облыстық комитеттерінен өзгеше емес, көбі-ақ бір қалыпта. Комитеттердің басында қазақтың бұрынғы үлкен оқығандары: адвокат, судья, доктор, чиновник, переводчиктер – байдың балалары. Ал бұларды билеуші – молдалар, ишандар, бұрынғы жуан болыс­тар. Мысал келтірейік» дей келіп, Оралдағы революциялық комитеттің жұмысына қатты қарсылық көрсеткен Салық Омарұлын (Сырым батырдың ұрпағы) сынайды және осы жағдайды Ақмоладағы оқиғалармен салыстырады. «Ақмолада. Оралдағы Салық тәрізділер біздің Ақмолада да тыныш қарап жатқан жоқ, олар да біз отыр­ған комитетті қамады. Олар да біздің көзімізді жоғалтуға күштерін салып бақты. Бізді «дінсіз» деп, «елді бұзушылар» деп сөз жүргізіп бақты. Талай жерде бізбен айқасып, ереуілдеп жүрді. Бірақ оларды біз топтап, қуалап жүрдік. Бір күні мынадай іс болды.

Біздің комитеттің кеңесі еді. Күндіз сағат он екі кезі. Комитет кеңесіне «Жас қазақ» ұйымының да мүшелері келіп отыр еді. Кеңес құпиялау болған соң, бөтен кісілерді кіргізбей, есік алдында поштабай тұр еді. Комитеттің айналасында, алдында, күндегідей қақтыққан, қайнаған жұрт. Бір мезгілде есіктің сыртынан тасыр-тұсыр шықты. Күжілдеген сөздер естілді. Есіктің сыртында тұрған поштабайдың даусы шықты. Есікке таласқандай болды. Күжілдеген дауыстар көбейіп, есікті солқылдатты… Қызарып, қысылып, есікті қысып ашып поштабай үйге кірді.

– Бірталай кісі «кіреміз» деп болмайды, – деді.

– Ол кімдер? – дедік.

– Басы Сыпан болыс, – деді.

Сыпан болыс – Ақмолада мықты, атақты, белгілі болыстың бірі. Патша заманында жиырма бес жыл болыс болған. Бірақ Салықтай емес, қу, «ақылды», «сыпайылау» адам.

– Кіргізбе, кеңес құпия, – дедік.

Поштабай шықты. Тағы да күжілдеген дауыстар шықты. Шаң-шұң, опыр-топыр болды. Есікті жұлып алып, комитеттің кеңесі үстіне бір топ кісі, Сыпан болыстар кіріп келді.

– Сіздерге не керек? – дедік.

– Не керек болсын, біз де осы сөздеріңнің ішінде боламыз, – деді Сыпан.

– Жоқ, біздің кеңесіміз қазір құпия, сіздерге отыруға болмайды, – дедік.

– Қазір не құпия бар? Қазір құпия болмайды. Біз де отырамыз, – деді.

Азырақ қызараңдастық. Біздің комитеттің мүшесі қазынашымыз Нұржан Шегиұлы деген жолдасымызға Сыпан болыс:

– Ей, Нұржан! Сен былшылдама! К…қыс! Сенің ол отырған орның керек болса, маған оп-оңай! – деді.

Сүйтіп, біраз ереуілдесіп, комитеттің сөзін бөліп, Сыпан болыс нөкерлерімен шықты.

Оралдағы, Жымпитыдағы Салық болыс тәрізді емес, Сыпан – жанжалға бармайтын адам. Салық Жымпитыда, бір ретте, уездік комитетті көп кісілермен келіп шауып, бір комитет мүшесінің көзін ұрып шығарған» деп С.Макиннің бет-бейнесін, тұлғалық қырын саяси тұрғыда аз-кем сипаттап өтеді.

Қуғын-сүргін құрбанына қатысты архивте сақталған мұрағаттармен танысқанымызда, Сыпан Мәкіұлы (Сыпан болыс), мал өсіруші, бай-феодал, Темеш руынан екені, ал 1933 жылы архив деректері бойынша жасы 70-те болғаны (енді бір құжатта 71 жаста дейді), Ақмола уезінің Нұра, Ақмола болыс­тықтарында 1894 жылдан 1916 жылға дейін болыс қызметін атқарғаны, 1921 жылы сайлау құқығынан айырылып, 1926 жылы сайлау науқанында ұлттық топтарға жақын болғаны үшін тұтқынға алынғаны, 1927 жылы Ақмола губерниялық сотының көшпелі сессиясының шешімімен 5 жылға еңбекпен түзеу колония­сына Ақмола, Семей, Қостанай губернияларынан тыс жерге жер аударылғаны, 1933 жылы 31 наурызда Ақмолада қайта тұтқынға алынғаны туралы құжаттар табылды.

Тергеу хаттамасында Спан Макин: «1927 жылы 4 жыл құқығымнан айырып, 5 жылға сотталдым. Октябрь революциясының 10 жылдығына орай Жоғарғы сот менің сот үкімін бұзу туралы өтінішіме байланысты жазамды 2 жылға қысқартты және 3/1 рақымшылық жасалды. Жазамның 16 айын Ақмола еңбекпен түзеу колониясында өтедім. 1928 жылы тамыздағы ҚазССР-ның заңына байланыс­ты жартылай феодал ретінде есепке алындым, сол бойынша кәмпеске мен жер аударылуға тиіс едім, бірақ соттың шешімі бойынша 1928 жылы Шымкент қаласына айдалдым. Сол жерде 2 жыл болып, Шымкент округінің Сарысу ауданына көштім. Сарысу ауданынан өмірдің қиындықтарына байланысты 1932 жылы қазан айында Шортанды ауданының «Степняк» алтын кенішіне көшіп келдім, әйелімнің туысқандарына, қазір осында тұрып жатырмын. Айдаудан оралған соң Ақмола қаласында 3 рет болдым, бірінші ретте Сарысудан келе жатқанда қалдырған түйелеріме келдім, оларды осында саттым, екінші ретте сол сатылған түйелердің ақшасын алып, нан іздедім, ал соңғы рет осы жолы Торгсинге (шетелдіктермен сауда жасайтын бүкілодақтық бірлестік) – алтын, күміс, бағалы тастар, ескі бағалы бұйымдар мен шетелдік ақшаларды азық-түлікке немесе басқа да тұтынатын тауарларға айырбастайтын мекеме) күміс, монета, бұйымдар әкелдім. Алтын әкелмедім, алтыным жоқ, күміс әкелдім, салмағын білмеймін, алтынға шаққанда 8 рубль 80 тиын болды, бұл ақшаның құнына 40 келі ұн алдым, оны базарда сатып, орнына мануфактура алдым, мақсатым «Степняк»-та, яғни Шортанды ауданының ауылдарында сату үшін. Сарысу ауданынан шығарда аудандық әкімшілік бөлімінен 3 айға демалыста болады деген анықтама жасатып алдым. Бұл және басқа да құжаттарымды «Степняк» қалалық кеңесі алып алды шамамен осы жылғы ақпан айында. Маған тағылған айып бойынша айдалған жерден кетті деген айыппен келісемін, алыпсатарлық дегенмен келіспеймін, өйткені ұнды үйге дейін жеткізуге мүмкіндік жоқ, сондықтан барған жерімде азық-түлікке айырбастайтын мануфактура алдым» деп жазды. Алайда соған қарамастан 1933 жылы 14 мамырда 71 жастағы Спан болыс (бойы 1 метр 62 см., шашы қара, көзі сұр түсті) Ақмола халық сотының шешімімен Қылмыстық кодекстің 82, 107-баптарымен жауапқа тартылады. Сөйтіп 6 жылға бас бостандығынан айыруға шешім қабылданады. Республикалық комиссияның қарауынан кейін денсаулығына байланысты босатылып, 1933 жылдың 8 маусымынан мәжбүрлі еңбекке 1 жылға жегіледі, 1934 жылы қайтыс болады.

Ақмола ауданы 10-ауыл кеңесінің Сыпан Мәкіұлының табысы мен ауқаты жайындағы жөндеу қағазда мынадай мәліметтер көрсетілген: 1917 жылға дейін 1000 гектар шабындық жері болған, 40 десятина егін салған. Асты-үсті тақтайланған 4 бөлмелі кірпіш үйі, Ақмола қаласында 2 бөлмелі ағаш үйі, 6-7 қанат 2 киіз үйі, 40 жылқы, 20 өгіз, 10 түйе, 10 бұзаулы сиыр, 50 қой-ешкісі, машина саймандары, пәуескесі болған. 1933 жылы 6 сәуірдегі бұл құжатта қазіргі уақытта бұл айтылғандардың бірі де жоқ, кәмпескеленген дейді

Спан болыстың көзі тірі ұрпақтарын іздестіру барысында біз Астана маңындағы Қосшы қаласында оның тікелей ұрпақтары тұратынын естіп-білдік. Аты-жөні – Барлыбай Олжабайұлы. Жазықсыз жапа шеккен саяси қуғын-сүргін құрбаны жайындағы тарихи деректерді Барлыбай Спановтың аузынан жазып алған тың мағлұматтармен толықтыра түсуді жөн санадық.

– Атамыз 2 рет айдауда болған. «27 жыл болыс болды» деген атағы өзіне ауыр тиген. Әрине, 27 жыл бойы үнемі болыс болмаған, інілерімен ауысып отырған. Тоқберген, Өтеген, Сағынбай, Төлеубай және өзімен – бес ағайынды болған. Бәрі шетінен көзі ашық, оқыған, Мәкінің балалары, Омбыда, Ақмолада гимназияларда сауаттарын ашқан. 1928 жылы Әулиеатаға айдалған, Ақмоланың болысы келді деп, ондағы жұрт жылу жинап берген.

Атамның әлдебір жанашыр­лары оған «ауырды» деген анықтама қағазын алуға қол ұшын беріп, ауылға қайтарып жібереді. Екі қызымен, құндақтағы баласымен арып-ашып ауылға жетеді. (Бұл жерде Спан Макиннің 1933 жылы денсаулығына байланысты түрмеден босатылған соң елге келгені туралы айтып отыр – Ғ.И.) Өзгерген ауыл. Үрейге бой алдырған халық. Нұраның жағасында ағаштан салынған қонақ үйі, өзі тұратын, жалшылары тұратын үйлері, қысқасы, болыстық дәрежедегі үлкен үй-жайы болған. Құрылыс материалдарын сонау Омбыдан өгіз арбамен тасыған деседі. Кезінде Спан болыстың үйлері тұрған жерде қазір №56 мехколоннаның демалыс орны тұр. Репрессиядан бұрын әлгі ағаш үйлерді бұзып, 1928 жылы Тайтөбеге онжылдық мектеп салған. Бұл үйлерден қалған үш ағаш үй әлі бар. Бұдан кейін 32-жылдары ұлдарға арналған және олардан бөлек қыз-балалардың «Жетімдер үйі» болған. Осы үйде кезінде Рахымжан Қошқарбаев та тәрбиеленді. Қазір бұл үйде Халық батыры Рахымжан Қошқарбаев тұрғаны жөнінде ескерткіш тақта орнатылған. Кейін ол 1940-жылдары интернатқа айналды. Ақмола ауданы 10-ауыл кеңесінің Сыпан Мәкіұлының табысы мен ауқаты жайындағы жөндеу қағазда мынадай мәліметтер көрсетілген: 1917 жылға дейін 1000 гектар шабындық жері болған, 40 десятина егін салған. Асты-үсті тақтайланған 4 бөлмелі кірпіш үйі, Ақмола қаласында 2 бөлмелі ағаш үйі, 6-7 қанат 2 киіз үйі, 40 жылқы, 20 өгіз, 10 түйе, 10 бұзаулы сиыр, 50 қой-ешкісі, машина саймандары, пәуескесі болған. 1933 жылы 6 сәуірдегі бұл құжатта қазіргі уақытта бұл айтылғандардың бірі де жоқ, кәмпескеленген дейді.

Атам келген уақытта ауылдың адамдары оған сәлем бермек түгілі, сөйлесуге қорыққан екен.

Содан елге келісімен түсетін үй таппай қиналады, өйткені жұрттың бәрі бұрынғы болысты қондырудан бас тартып, қашқақтайды.

Өлер алдында атамыз айтты деген бір сөз бар. «Мені бұл үйдің есігінен емес, терезесінен шығарыңдар, өйткені өз шаңырағымда өлу бұйырмады» деген екен.

Бәйбішесі Орынжаннан Әбілғазы ғана қалған болатын, басқа балалары түрлі себептермен шетінеп кеткен.

Ал баласы Әбілғазыға келсек, ол Гурьевке жер аударылған, одан хабар жоқ. Оның баласы Ермак сол жылдары нағашыларының қолында қалады, кейін Мәскеуде инженерлік оқу оқып, Талдықорғанның зауытына жұмысқа орналасады, одан туған қыз бүгінде Астрахан ауданында тұрады.

Атамыздың екінші әйелі, әжеміз Батимадан 2 қыз, 1 ұл: Мәриям, Кәмила, Олжабай дүниеге келеді.

Батима әжеміз атамыздан 40 жас кіші болған. Бәтима әжемізді 1920 жылдардағы аумалы-төкпелі заманда әкесі Жардың Әбдірахманы атамызға 17 жасында аманатқа берген

Олжабайдан біз тараймыз, 10 бала – 8 ұл, 2 қыз.

– Батима әжеңіз жайында толығырақ айтып берсеңіз. О кісінің көзін көрдіңіз бе? Атаңыз туралы айтқан әңгімелері есіңізде ме?

– Атам туралы көп сөйлей қоймайтын. Ол кісі екінші рет басқа бір кісіге тұрмысқа шыққан. Соған байланысты болса керек. Онда біз кішкентаймыз, көп нәрсенің байыбына бара бермейтін, үлкендердің әңгімесіне құлақ түре қоймайтын шағымыз ғой.

Әкеміздің 1947 жылы мектеп бітіріп жатқандағы фамилиясы Спанов емес, Әбдірашов болыпты. Ғажайып Өтегенұлы деген мұғалімі оны байқап қалып: «Жоқ бұлай болмайды, сен Спанның баласысың, Спанов боласың деп, құжат аларда қолынан жетектеп апарып, өзінің фамилиясын қайтартқан екен. Ал бірақ, қыздарының бәрінің фамилиясы Әбдірашов боп жазылып кетті. Бұлай болу себебі, сол әлгі «бай баласы» дегеннен үрейленіп туындаған жайт болса керек.

– 1947 жылдар, қудалау саясатының ызғары әлі де басыла қоймаған кезі еді ғой.

– Жоқ, о кезде мұндай әңгімелер аздап болса да ұмытылыңқырай бастаған еді. 1928-1941 жылдар аралығына дейін комсомолға өтетін адамның «тегі кім?» деп түп-тұқиянына дейін қалдырмай тексеретін заман еді.

Содан Олжабай әкемізден 10 баламыз. Негізі анамыз 12 құрсақ көтерген, екеуі кішкентайында шетінеп кеткен. «Батыр ана» атағына ие анам педучилище бітірген, мұғалім болған. Жаз бойы жұмысы оқушылар лагерінде өтетін. Бізді де апаратын. Судың жағасы. Қаланың іргесіндегі Мичурин ауылы. Мұнда «Урожайный» деген пионер лагері болатын.

– Түріңіз атаңыздан аумай қалғандай, қатты ұқсайтын сияқтысыздар?

– Атамыздың қолдан салынған портреті болатын, отбасымен, әжемізбен, кішкентай қыздарымен бірге түскен фотосы да есімде, үйдің қабырғасында ілініп тұратын. Мәриям есімді үлкен қызы Оразақ ауылының бөлімшесінде тұрды, портрет фотолары сол кісінің қолында еді. Бірақ өкінішке қарай, ол мұра өртеніп кетті, сақталмады. Фотолар көне, сонау 30-жылдардың естелігі еді.

Ал мына фотосы Омбыдағы архивтен алынды. Онымен қоса мұнда атамыздың шаруашылығы жайында мәліметтер көп екен, қанша соқасы, қанша арбасы болған, тағы да басқа дүние-мүліктері туралы біраз мағлұмат келтірілген.

– Әжеңіз басынан кешкен қиындықтары туралы айтатын ба еді?

– Жоқ, ол кісі өткен өмірі туралы көп нәрсені айта бермейтін. Тілге шешен, ер мінезді, қолы ашық, пейілі кең кісі еді. Тұла бойын таза ұстайтын, тазалықты ұнататын. Қолынан іс келмейтін олақтарды, жалқауларды, түске дейін төсегі жиналмай жататын салдыр-салақ әйелдерді бетің бар, жүзің бар демей көптің алдында сөзбен түйреп тастайтын адуын кісі еді.

Ол кісі атамыздан кейін Әбдіраш деген кісіге тұрмысқа шықты. Қалада Қазан төңкерісіне дейін лапке ұстапты. Әбдіраштың бірінші әйелінен үш баласы болған екен. Онымен айрылысқан. Сосын әжемді алған. 1941 жылы екеуінен Әлиман деген қыз туады. Ол кісі екі жыл бұрын қайтыс болып кетті.

– Спан болыстың туған-туыстарымен, көзін көрген кісілермен араласып тұрды ма? Әлгінде ол кісінің кіндігінен бес ұл тарады деп едіңіз ғой.

– Әрине. Өтегеннің баласы Қабыкен Алматыда министрлікте жұмыс істеді. Сағынбайдың 2 баласы Жезқазғанда шахтер болды. Төлегеннен ұл жоқ, қыз ғана бар. Тоқбергеннен Рапық, Кәріс деген 2 бала бар. Рапығы Бурабайдағы Горный техникумның директоры қызметін атқарды.

– Атаңызбен араласқан белгілі тұлғалардан кімдерді білесіз?

– Мысалы, Сәкен Сейфуллин Спан атамыздың қыстауында аунап-қунап біраз күн демалып кетеді екен. Кезінде Ақмолада атамыздың зәулім үйі болған деседі. Бұл үйде одан басқа да қазақтың зиялылары, игі жайсаңдары болмады деп айта алмаймын. Ол үй қазіргі Сәкен Сейфуллиннің музей-үйімен қапталдаса орналасқан екен.

– Алашорда үкіметі жайында қолыңызда қандай да бір тарихи деректер, құжаттар бар ма?

– Атамыз Алаш өкіметіне қаржылай қолдау көрсеткен кісі ғой. Сәкенге еріп Қорғалжын жақтан, руы Темеш бір жігіт келіп-кетіп тұратын болған. Кейін Семей жаққа көшіп, сол жақта редактор болған сыңайлы.. Содан кейін аласапыран заман басталып кетіп, атамыз да, Алашорда да большевиктердің қырына ілігеді.

Мына бір газеттің қиындысы қолыма тиді, толық емес. Нұра (Темеш) болыстығы жайында, Спан болыстың қай уақытта билік еткені жайында жазған – өлкетанушы Юрий Попов деген кісі. Өзі Петербордан-ау шамасы. Бір шеті – Қорғалжын, ал екінші бір шеті – Нұра болыстығы болса, соның ар жағында Жарасбай деп аталатын жер бар еді. Мұнда тоқа руы мен темеш руынан кандидаттар түскен сайлауға, біздерді «феодалдық, керітартпа» деп айтпағаны жоқ, ал ішінде әйел заты да бар қатысқан. Кәдімгідей бәрі болыс, би, ауылнай ретінде заңды түрде 3 жылға сайланып отырған. Атамның Бозшакөл деген жерде жайлауы болатын. Смағұл есімді өзі бай, өзі жомарт үзеңгілес жолдасы болған, Оның да қыстауы Тайтөбеде. Со кісінің бір қыста әлгі төбенің маңайында 150-дей тайы құлындапты (тайдың құлындауы сирек кездесетін құбылыс). Бұл жердің Тайтөбе аталып кету себебі содан.

Ал мына жатқан Тайтөбе ауылы бұрын Майлы ауыл деп аталған. Шежіремен тарқата айтар болсақ, темеш руы ішіндегі малыбаймыз. Қазақта тоғыз атаға жеткен кезде рулар жеке ел боп бөлінеді деген сөз бар емес пе?. Малыбай өзі батыр болған кісі, қазақ-қалмақ соғысы тұсында өмір сүрген болса керек. Жайлауы Нұраның бер жағы, бұрын ол жерді қыпшақтар жайлаған екен. Атамыз болыс болып сайланған соң, Тайтөбеге Майлы деп ат қойған дейді. Жаз жайлауы Нұраның жағасы болған. Әлгі аталған Майлыда атамыздың қой-сиыр ұстайтын фермалары орналасыпты. Жер жыртатын өгіз бен жұмыс аттарын асыраған. Арба жасайтын ұстаханасы болған. Тайтөбе ауылы колхоз болып құрылған жылы аты ауыстырылды. Тайтөбе деген төбешікке келсек, ол қазіргі Ақмола зираты тұрған жерде. Атамыздың жайлауы Киевка, Рождественский совхозының бөлімшесі Ворошиловка жақта еді.

Бүкіл жұмысшысы, жалшысы сонда. Колхоздастыру тұсында атамның жұмысшыларын алып келеді, оған қыпшақтардың ауылын қосады. Сонымен колхоз болады. Колхозға қандай ат береміз дегенде, кейбіреулер «Майлы» деген атауға қарсы шығады. Бұл атаудан тоқшылық исі аңқыған рушыл-байшылдықтың лебі сезіледі дейді. Әйтпесе бүгінгі күні Тайтөбе деп жүргендеріңіз – Ақмола. Ал нағыз Тайтөбе – ол Майлы. Тарихқа үңілсек, оның Майлы-Тайтөбе деген қос атауы болған.

– Атақты көпес Қосшығұловтың шаруашылықтары да болған осы өңірде деген әңгіме бар емес пе ел аузында?

– Бәлкім, солай екені рас та шығар. Арқаның жері ұлан-байтақ, кең көсіліп жатқан шетсіз, шексіз сары дала емес пе? О кезде мына Қосшы деген ауыл жоқ-тын. Оның пайда болуы бертінде ғана, 1958 жылы негізі қаланды. Оған дейін ол жерде 5-6 ғана шошайған үйдің құр сұлбасы болмаса басқа ештеңе болған емес.

Тағы бір айта кететін жайт, атамыздың диірмені болған екен Нұраның бойында, Петровка диірмені делінеді, жан-жаққа егін еккізген, маңайдағы бар темештің игі жайсаңдары осында әкеліп диірменіне бидайын тартқызатын. «Антон диірмені» дегенді Преображенканың переселен хохол-орыстарына салдыртқан көрінеді. Аты орысша демесеңіз, бұл диірмендерге атам қожалық еткен.

– Аты-жөндеріңізді қағазға түртіп алсам бола ма?

– Он баланы ретімен айтатын болсақ: Сәлима Спанова-Темірғалиева (1959 ж), Жазира Спанова (1960 ж), Барлыбай Спанов (1962 ж), Жұманәлі Спанов (1963 ж), Амантай Спанов (1964 ж), Естай Спанов (1966 ж), Жақсылық Спанов (1967 ж), Ералы, Нұралы Спановтар (егіздер, 1969 ж, Ералы қайтыс болған), Болат Спанов (кенжесі, 1970 ж).

– Ашаршылық жылдарының ауыртпалығы жайында естіген тағы қандай әңгімелеріңіз бар ?

– Екінші атамыз Әбдіраш Әлсейітов ашаршылық тұсында бүкіл Тайтөбені асырап шыққан дейді. 1932 жылдары осы өңірді мекендеген ашқұрсақ халықты түгел балықпен азықтандырған көрінеді. Астында көк есегі болған. Қысы-жазы көлден балық аулап, ауылды аштықтан аман алып қалған. Жанында Спан атамның сойылсоғары қызметін атқарған, лақап аты Пұшық деген көмекшісі болыпты. Дене тұрқы төртбақ, еңгезердей нән кісі дейді. Өзінің бұла күшіне сенген содырлау адам болса керек. Орыс-казактармен төбелесіп, талай рет қаланың абақтысына жабылған екен. Оны болыс атам бар беделін салып жүріп, басшыларын паралап, босатып алып шығып отырған. Сол Пұшық ақсақал екінші атамызбен бірге балық аулап, оны көк есекпен ауылға тасыған, оны жұртқа теңдей үлестіріп берген. Жығылғанға жұдырық демекші, әлгі көк есекті бір күні ақпан айында қасқыр жеп кетіпті. Сол жылдары қасқыр да қатты ашығып, құтырған деседі. Содан есек жоқ, 3-4 шақырым жерден шананы жаяулап өздері тасыпты. Спан атамыздың Қасқабас деген тағы бір сойылсоғары болған.

Атамыздың адал еңбегінің, үнемі қара халықтың мүддесіне қызмет еткендігінің арқасы болса керек, сыртынан ғайбат сөз айтып, «арыз жазу, соңына түсу» деген сияқты нәрселер болмаған сияқты.

Елге жасаған тағы бір жақсылығын әңгіменің орайы келіп тұрғанда айта кетейін. Осы арадан 180 шақырым жердегі Құланөтпес деген елдімекеннен бір баланы өз малымен қаржыландырып, Қазанға молдалық жәдит оқуына жіберген екен. Ол кісінің лақап аты – Қарамолла. Осы бертінге дейін өмір сүрді, жасы 100-ге келіп қайтыс болды. Сол кісінің қолында атамыз жайлы біраз құжаттар болған сияқты. Бірақ қолдан-қолға өтіп ол дүниелердің де ізі жоғалған екен. Бірақ әлі де іздестіруді тоқтатпаймыз.

– Өткен ғасырдың 20-жылдары басында Кеңес өкіметіне жергілікті тұрғындар тарапынан түрлі наразылықтар, қарсылықтар болғаны тарихтан мәлім. Бұл жақта ондай толқулар болған жоқ па?

Сондай-ақ 1923-24 жылдары орын алған ашаршылық зардаптарына қарамастан РСФСР-дың әр жерінен Ақмола өңіріне аш-арық жұрттың шұбыра көшкені белгілі.

– Біздің ата-бабаларымыз қоныстанған өңірде негізінен темеш (қуандық) пен қыпшақ руының адамдары тұрғаны жайында жоғарыда айтып өткен сияқтымын. Содан 1922 жылы ашаршылық тұсында мұнда Жаңарқа жақтан алтайлар (қуандық) келе бастады. Атамды сағалап, он шақты отбасы көшіп келіпті. Атам оларға бөліп қоныс алып береді. Қазір ұрпақтары әжептәуір өсіп-өніп, үлкен бір бәйтерекке айналған десек, артық айтқанымыз емес. Бұл жақтың жері қандай шұрайлы, шөбі қандай шүйгін еді, шіркін. Колхоз кезінде аты алты қырдан асып дүркіреп тұрды.

Ақмоланы да келімсектер әуелгіде осы Тайтөбе тұсынан салмақ болған, тіпті қазығын қағып, жерін белгілеп те қойған деседі. Сөйтіп жүрген кезде көктемде су тасып, арғы бетке өте алмай қалады. Романовтардың 200 жылдығы қарсаңында жоғарыға «қала салып жатырмыз» деп ақпар беру үшін жанталасып, станицаны бергі бетке салуға мәжбүр болады. Мына жақта Есіл есіле көсілсе, ана бетте сыңғыры бөлек Нұра жатыр жарқырап, қай тұсынан болсын сырттан жау шаба алмайды. Қазіргі Астанамыздың, бұрынғы Ақмола – Целиноградтың тарихында әлі де бүктеуі жазылмаған, қабаты аршылмаған қатпары терең алуан сырлар қаншама…

Келешекте атамызға Тайтөбеде, Қосшыда көше атауы берілсе екен деп армандаймыз. Өйткені атамыздың сүйегі осы Тайтөбеде жатыр ғой.

Әңгімелескен Ғазиза ИСАХАН, Астана қаласы мемлекеттік архивінің ғылыми-зерттеу және ақпараттық-түсіндіру қызметінің басшысы

Әңгімелескен Ғазиза ИСАХАН,

Астана қаласы мемлекеттік архивінің ғылыми-зерттеу және ақпараттық-түсіндіру қызметінің басшысы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button