Мәдениет

«Айналайынның» асуы

«Астана» концерт залында «Айналайын» балалар хорының 20 жылдығына орай «Абыройы асқақ, «Айналайын!» атты шығармашылық кеші өтті. Жастар жылының аясында өткен концертті қалалық Білім басқармасы мен №2 өнер мектебі ұйымдастырды.

Қостанай қаласында құрылып, елордаға көшкен «Айналайын» балалар хоры бас қалада өтетін маңызды шаралардан тыс қалған емес. Мәселен, VII қысқы Азия ойын­дарының ашылу салтанатына, тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған мерекелік шараға қатысты.
Республикалық және халық­аралық байқауларда талай рет топ жарды. Атап айтқанда, былтыр
Испанияның Ллорет де Мар қа­ласында ұйымдастырылған «Fiestalonia – Mediterranean Le­gends» халықаралық байқауында бі­рінші орынды иеленді.
Хорға №2 өнер мектебінің директоры, мәдениет саласының үздігі Гүлмира Жангелдіқызы жетекшілік етеді. «Айналайын» балалар хорының басты мақсаты – қазақ тіліндегі балаларға арналған авторлық әндерді орындау және балалар әндерін насихаттау» дейді ол.
Мерейтойлық концертте эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен «айналайындықтар» жанды дауыста ән салды. Он минуттық деректі фильмді тамашалаған көрермендер өнер ұжымының тарихымен, шығармашылығымен танысты. «Голос. Дети» ресейлік тележобасының жеңімпазы Ержан Максим кештің арнайы қонағы болды. Хордың 2001, 2015 жылғы түлектері құттықтап келіп, ән салып берді.
Сондай-ақ, концертке Ұлықпан Жолдасов, Айгүл Иманбаева, Қайрат Баекенов, Нұрғали Тұрлыбеков сынды танымал әншілер, «Шашу» би тобы қатысты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button