Басты ақпаратБілім

Балалар каникулда қайда барады?

Міне, бала біткеннің базарына айналған жаз да келіп жетті. Енді тоғыз ай бойы білім нәрімен сусындаған оқушы қауым көптен күткен каникулдарын қалай және қайда өткізе алады? Өткен сейсенбі күнгі Үкімет отырысында осы мәселе күн тәртібіне қойылды.

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин көтерілген мәселе жөнінде айта келіп:
– Балалардың каникулды қызықты өткізуі – әрбір отбасы үшін ерекше маңызды. Сондықтан бұл істі тыңғылықты ұйымдастыру қажет, әрі оған меценаттарды да көптеп жұмылдырған абзал. Өңірлік жерлерде ондай мысалдар да аз емес,– деп құзырлы органдарға бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Елімізде ішкі туризмді дамыту мақсатында «KIDS GO FREE» қағидаты бойынша балалардың тегін авиамаршруттарын субсидиялау ойластырылып жатыр. Ал 2020 жылдан бастап барлық өңірлерде тегін «Балалар туристік пойызын» іске қосу жоспарлануда.
Енді астаналық балалар мен жасөспірімдер каникулдарын қайда өткізеді деген сауалға ауыссақ. Бірден айта кетейік, Арбат алаңында өткен балалардың биылғы жазғы демалыс орындарының дәстүрлі жәрмеңкесінде таңдау көп болды.

«Тұлпар» мен «Батыр»

Биылғы жазда Балалар және жасөспірімдер туризм орталығы алғаш рет ұлттық мазмұнда «Тұлпар» этникалық лагерін ұйымдас­тырып отыр. Лагерь Ерейментаудың іргесіндегі «Бұйратау» ұлттық табиғи саябағында орналасқан. Орман-тауы, аққайнар бұлағы бар, ауасы саф әсем табиғат аясында қанат жайған ақ шаңқан 10 киіз үйден тұратын демалыс орны өз келушілерін 15 маусымнан бастап қарсы алуға дайын. Демалыс бағдарламасы халқымыздың салт-дәстүрлері негізінде әзірленген.
Осы саябақта кезекті жазғы маусымын «Батыр» шатырлы лагері де ашып отыр. Жаз бойы екі лагерьде 1500 бала демалады деп топшыланған. «Тұлпар» мен «Батыр» келушілерді кезек-кезегімен қабылдайтын болады. Аталған лагерлерге берілетін жолдаманың бағасы 7 күнге 25 мың теңгені құрады. Сондай-ақ жергілікті кадет сыныптарына демалыс орындарын бөлу мәселесі шешіліп жатыр.

Түркістанға саяхат

Балалар және жасөспірімдер туризм орталығының оңтүстік қазақстандық әріптестерімен меморандумға қол қоюының арқасында астаналық оқушылар каникул кезінде Түркістан қаласына саяхат жасап бару мүмкіндігіне ие болды. Бұған дейін де Наурыз мерекесі қарсаңында әлеуметтік тұрғыдан нашар қорғалған және көп санды отбасылардан шыққан 66 бала ежелгі қаланың тарихи мұраларын тамашалап келген болатын. Енді, келесі экспедиция 26 мамыр күні кезекті сапарға шығуға дайындалып жатыр.
Айта кетейік, Шымкент пен Түркістанға үш қондырып, тарихи орындар мен мәдени мұраларды аралатып әкелудің бағасы – 28 мың теңге. Бұл есепке жол шығыны кірмейді.

«Арман» лагері

Қалалық білім беру басқармасының ведомстволық «Арман» лагері биыл да әдеттегіше оқушыларды қуана-қуана қарсы алуға дайын отыр. Лагерьде алғашқы маусымдарда бірнеше ауысымдар бойынша көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары қабылданатын болады. Оларға жолдама тегін әрі қала мектептері бойынша таратылады.
«Арман» Ақкөл ауданының орман-тоғайлы өңірінде орналасқан. Мұнда 10 күнгі демалыс 42 мың теңге тұрады. Жолдама бағасының ішіне балаларды бес мезгіл тамақтандыру мен қызықты тақырыптық бағдарламалар кіреді. Әр маусымның бағдарламасы өзгертіліп отырады. Келушілерді қабылдау 10 маусымнан басталады.

Зеренді көлі

Мөп-мөлдір, аспандай көкпеңбек көлі бар, орман-тоғайлы, таулы-тас­ты асқан бір сұлу Зеренді өңірінде қоныс тепкен «Желкен» лагері биылғы маусымға ерекше дайындықпен әзірленіпті. Лагерьде 3 қабатты жаңа корпустар, асхана мен тынығу орны салынған, бұрынғы ғимараттары жаңартылған. Бес реттік тамақтануды қоса есептегендегі 10 күнге белгіленген ауысым бағасы бұл орталықта 50 мың теңгеге бағаланған.
Бұл жерге келіп, демаламын деу­шілерді Көкшетаудан, Бурабайдан арнайы автобустар күтіп алады.

Скауттар киіз үйі

Nomads Camp киіз үйлі лагері елордадан 120 км жерде Ақкөл ауданында шоқ тоғайдың арасында орналасқан. Алаңқайда 12 киіз үй тігілген. Олардың әрқайсында 6-8 баладан қоныстанатын болады. Бұл жерде әрқайсысы 6 күннен 8 маусым өткізу жоспарланған.
Төрт мезгіл тамақтандыруы бар әр маусымның бағасы – 45 мың теңге.

Сілеті өзені бойында

«Жұлдыз» лагері Ерейменнің ұсақ шоқылы табиғат қорғалатын аймағын кесіп өтетін Сілеті өзенінің бойында орналасқан. Жолдама құны бір ауысымда бес мезгіл тамағымен қоса есептегенде 25 мың теңге. Егер балаңызды астанадан алып кету керек болса, тағы 10 мың теңге төлейсіз. Демалыс 3 маусымнан басталады да, 10 күнге созылады.

Қатаркөл аймағы

Щучье-Бурабай курорт аймағында «Звездный» сауықтыру орталығы орналасқан. Лагерь 10 күннен 5 ауысыммен, 5 рет тамақтандыру режимімен жұмыс істейді. Жолдама құны – 45 мың теңге. Балалардың тынығуына қоса қосымша 10 мың теңгеге шипажайлық ем беріледі. Демалыс кезеңі 7 маусымнан басталады.
Курорт аумағында одан басқа Discovery, «Миротворец» лагерлері орналасқан. Оларда да демалыс мерзімі 10 күннен. Бірақ ауысым кезеңдеріне байланысты жолдама құны 55 мыңнан 85 мың теңге аралығында белгіленген.

Кадеттер үшін

Әскери-спорттық бағыттағы СSGO лагерінде балалар казармалық жағдайда өмір сүреді. Олар мұнда атыс өнерімен және дене шынықтыру даярлығымен айналысады, орманда тірі қалу тәсілдерін үйренеді, альпинизм мен страйкбол негіздерін меңгереді. Ауысым соңында символикалық әскери билет пен шен беріледі.
Лагерь Ақкөл ауданында, бас шаһардан 140 шақырым қашықтықта орналасқан. Мұнда 8-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер қабылданады. Бұл жерде өткізген 14 күндік дайындық 90 мың теңге тұрады.

Қаладағы каникул

Каникулды қалада өткізетін балалар да қызықтан құр қалмайтын болды. Астаналық екі оқушылар сарайы олар үшін жазғы ерекше бағдарлама дайындап отыр.
М.Өтемісов атындағы оқушылар сарайының жазғы шығармашылық мектебі 6-12 жас аралығындағы балаларды күнделікті сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін қабылдайды. Мектепте екі рет тамақтандыру әзірленген. Ең бастысы, оқушылар демалыс уақыттарын қызықты өткізуі үшін актерлік шеберлікке шыңдау, хореографияға, вокалға және сурет салуға, шахмат ойнауға үйрету, жүзуге баулу, т.б бағдарламалар қамтылған.
Жазғы демалыс академиясы Б.Момышұлы даңғылы бойында орналасқан Оқушылар сарайына жайғасады. Бұған келушілер де екі рет тамақтандырылады. Ал бағдарламаға лингвистикалық дәрістер, жүзу, мұз үстінде сырғанау, бейнелеу өнерінің сабақтары, театр студиясы мен қыш-құмыра шеберлігі, т.б енгізілген. Аталған екеуінде де жолдама бағасы – 20 мың теңге.

Дәулет АСАУОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button