Басты ақпаратРуханият

Алаш орда жапандағы елді неге жақын тұтты?

немесе 104 жыл бұрын қазақ студенттерінің Жапонияда оқығаны турасында...

(Соңы. Басы газеттің №27 (4615) санында

Жапон Бас консулдығының дипломатиялық миссиясына барғанында Р.Мәрсекұлы Жапониямен саяси және сауда-экономикалық қарым-қатынас орнату өз сапарының негізгі мақсаты екенін мәлімдеді. Миссия басшысымен  әңгіме үстінде және миссия басшысының өтініші бойынша Алаш Орда атынан жазбаша берген хатында Р.Мәрсекұлы «қазақ халқының 200 жылдай Ресейге бодан болып отырғанын, бірақ қазақтың Ресейден көріп отыр­ған зорлық-зомбылығы Алаш Орданы Жапонияға жүгініп, одан Алаш Республикасымен қатар басқа бірқатар түркітілдес туыс халықтың  егемендігі мен тәуелсіздігін мойындатуға көмек сұрауға мәжбүр еткенін» атап көрсетеді.

Райымжан жапон жағын қазақ жерінің табиғи байлығымен қызықтыруға тырысқан екен (Р. Оно, Т.Уяма). Жазбаша өтінішінде Р. Мәрсекұлы Алаш Орданың қаржылай көмек және «Алаш» армиясына 40 мыңнан 100 мың жауынгерге жетерлік қару мен басқа жарағын (амуниция) сұрағанын көрсетеді. Бұл хатта, сондай-ақ, Бейбіт конференцияға қатысушы І дүниежүзілік соғыстың жеңімпаз алып мемлекеттерінің  Алаш мемлекетінің тәуелсіздігін мойындауына ықпал етуін өтінгені жазылыпты. Болжам бойынша, Париж бейбіт конференциясына Алаш Орданың өкілетті өкілі ретінде аттанған М.Шоқайдың Тифлисте кідіріп қалуының бір сыры болған. Атап айтқанда, ол өзінің Бейбіт конференцияға қатысуына Жапон үкіметінің көмек беретіні туралы Алаш Орданың хабарын және Францияға өтуге виза беруін тосып, Кеңес өкіметі әскерінің 1921 жылы 16 ақпанда Гүржістанға басып кіруіне дейін Тифлисте кідіріп қалды. Тифлис­тен Стамбулға жетісімен ұзақ күткен француз визасын алған Мұстафа Бейбіт конференция өткен 1,5 жылдан кейін 1921 жылдың сәуір айында ғана Парижге жетеді. Ол кезде Кеңес өкіметі бұрынғы отаршыл орыс империясы кеңістігінде қайта жаңғырған ұлттық мемлекеттердің бәрін дерлік, оның ішінде Алаш, Башқұрт, Түркістан және Түркі-татар ұлттық басқармасын түгел екінші рет отарлап бағындырды. Франция сыртқы істер министрлігі қызметкерінің қызметтік хатына қарағанда, М.Шоқай сол себепті амалсыз Франциядан саяси баспана сұраған. М.Шоқай не Р.Мәрсекұлы Бейбіт конференцияға тікелей қатысқан күннің өзін де, оған қатысушы елдерді, әсіресе І дүниежүзілік соғыстың жеңімпаз алып мемлекеттерін Алаш, Түркістан, Башқұрт және Түркі-татар мемлекеттерінің тәуелсіздігін мойындауға көндіре алар ма еді? Мысалға, олар Кавказдағы Кеңес өкіметіне қарсы соғысқан ақ армияның ауыр халге ұшырауына байланысты Әзербайжан, Гүржістан және Арменияны «де-факто мемлекет» деп мойындаған болатын. Алайда Кеңес армиясының басып кіруі салдарынан 1920 жылдың сәуірінде Әзербайжан, 1921 жылдың ақпанында Гүржістан республикалары құлады. Мұстафа мен Райымжан екеуінің бірі Бейбіт конференцияға Алаштың мемлекеттік тәуелсіздігін мақұлдата алған күнде де, Кеңес өкіметінің отарлығына қайта түскен үш Кавказ республикасының қайғылы тағдырына душар болуы да әбден мүмкін болғанын жоққа шығару қиын.

Р.Мәрсектің Владивосток сапарына қайта оралайық. Қолында Алаш Орда берген ресми өкілеттігі мен құзыры болмауына орай жапон үкіметі Р. Мәрсекұлына Алаш Орда атынан берген жазба хатына ресми жауап беруден бас тартты. Жапон миссиясы оған өз үкіметінің ресми өкілі ретінде емес, жеке тұлға есебінде қарады. Одан жапон үкіметі Алаш Республикасымен қарым-қатынас орнатуға мүдделі болмады деп қорытуға ертелеу. Себебі жапон үкіметі мен армиясы да өздерінің Сібірдегі саясаты негізінде қазақтар мен Алаш Орда жайында астыртын ақпарат жинаған (Р.Оно, Т.Уяма). Жапонияның ақпарат көзінің бірі Алаш Республикасының уақытша астанасы – Алаш қаласының өзінде де болған. «Сарыарқа» газетінің   «Ысылған жапон докторы» атты шағын мақаласында Шан-Хун-Йоки (түпнұсқада осылай жазылған) деген дәрігердің «тамыр ұстайтыны, көз һәм ішкі ауруларды қарап емдейтіні», сырқаттарды «күнде таңғы сағат 9-дан күндізгі 2-ге дейін қабылдайтыны» айтылып, тіпті оның мекенжайы да беріліпті.

Жапон үкіметі қайсыбір ел туралы мағлұматты дәрігер, саудагер, ғалым, яғни бейбіт маман иелері арқылы жинайтыны түсінікті. Бірақ ондай мәліметтер көбіне онша анық болмаған. Сонымен қатар жапон тарапы келешекте қазақпен қарым-қатынасының өте тиімді болатынын түсінген. Бірақ Күншығыс елінің бас мүддесі Манжұрия мен Моңғолия болып тұрған сәтте жапон үкіметі қазақпен белсенді қарым-қатынас құруға асықпаған көрінеді. Десе де дипломатиялық миссияның жетекшісі Р.Ватанабэ Р.Мәрсекұлының Алаш Орда үкіметі атынан саяси қарым-қатынас орнату туралы ұсынысын мақұлдап, ол мәселені жапон үкіметінің тиесілі мекемелеріне жеткізуге уәде берді. Оған қоса Райымжан Алаш аумағында не оған жақын жерден жапон консулдығын ашуды ұсынып, ол да қабылданады.

Көп ұзамай, 1919 жылдың мамыр айында, Семей облыстық земство басшысы Р.Мәрсекұлына өздерін «ғылыми қызметкерміз» (!) деп таныстырған 2 жапон келіп жолығады. 1938 жылдың сәуірінде Үрімжіде НКВД тергеушісіне берген жауабында Р. Мәрсекұлы екі «ғалымның» мақсаты – Семейде жапон консулдығын ашу мүмкіндігін анықтау болыпты. Семейге оралған соң, 1919 жылғы шілденің ортасында Райымжан Омбыда жүрген Әлихан Бөкейханға жолығып, Жапонияның Бас консулдығына сапарының қорытындысы мен өзі басқаратын Семей облысындағы ахуалды баяндап, ақыл-кеңес сұрайды. Ә. Бөкейхан сол тұста ресми түрде Омбыда орналасқан А.Колчак үкіметінің құрамындағы бүкіл қазақ халқының емес, Семей облысы қазақтарының құзырлы бас өкілі болса да, іс жүзінде (де-факто) Алаш Орда төрағасы құзырын қатар астыртын атқара берді. Райымжан оған Семей облысының бірқатар оязында «Алаш» партиясы мен Алаш Орда мүшелерінің қудалауға түсіп, тұтқындалғанын хабарлады. Ә.Бөкейхан оған жергілікті ресми өкіл ретінде А.Колчак үкіметінің төрағасына кіріп, «Жапониямен екіжақты саяси қарым-қатынас орнағанын бетіне басып айтып, қысым мен қудалауды дереу доғарып, тұтқындарды босатуды үзілді-кесілді талап ет» деген кеңес береді. Оған қоса Ә.Бөкейхан «жапонның әскери миссиясымен, әрі қарай Жапонияның өзімен блок (саяси) жөнінде келісімге келгенін және сол миссия арқылы өзінің қазақ мәселелерін шешу үшін Колчак үкіметін қысымға алғанын» хабарлады. «Алаш» көсемінің сөзіне қарағанда, адмирал Колчактың диктаторлық билігіне қарсы көтерілетін сәті келгенде дайын тұру үшін «Алаш» армиясының әскери бөлімдерін жасақтауды жалғастыра беру – «Алаш» партиясының жақын арадағы басты міндетінің бірі. Көтеріліс Колчак армиясы жаппай кейін шегінген кезде басталып, жапон әскері «Алаш» армиясына түрлі жарақ, қару және техникалық құралдарды жеткізу арқылы қолдау көрсетуге тиіс. Ә. Бөкейханның айтуынша, «Колчактың жағдайы қиындап барады, майдандарда жаппай шегіну басталды, қызылдар (Кеңес өкіметінің «қызыл армиясы». – С.А.) шабуылға көшіп, Оралға таяп келеді».

Алдымен Омбы, оның ізінше Семей бәлшебектердің қолына өткен соң, Р. Мәрсекұлы бір топ үзеңгілесімен Шығыс Түркістанға қарай шекара асуға тура келді. Көп ұзамай Шәуешектегі бір жапон «дәрігерінің» (!) көмегімен орыс тілін білетін Жапония өкіліне жолықты. Райымжан оған астыртын қимылға көшкен «Алаш» партиясы, оның міндеті мен көздеген мақсат-мүддесі туралы, сондай-ақ 1919 жылы Омбыда Алаш Орда үкіметінің жапон әскери миссиясымен арадағы келісімі жайын қысқаша баяндап берген соң тікесінен: «Дәл қазір Жапониядан іс жүзінде көмек алуға үміт артуға бола ма?» деген сұрақ қойды. Жапон өкілі оған: «Көмек болуы мүмкін, бірақ жалпыұлттық ауқымды көтеріліске дайындау үшін «Алаш» партия­сы қалың бұқара арасындағы жұмысын кеңейтуі керек» деген жауап қатты (бұл мәліметтер Р.Мәрсекұлының 1938 жылдың 26 сәуірде Үрімжіде НВКД жендетіне берген жауабынан алынды. – С.А.). Алайда 1920 жылдың басында жалпыұлттық көтеріліс ұйымдастыруға мүмкіндік болмады. Дегенмен де «Вольный горец» газетінің жазуынша, дәл сол жылы жапон үкіметі қазақ үкіметіне (Алаш Орда) қазақ студенттерін Жапонияда, сондай-ақ Еуропа мен АҚШ-та Жапонияның мемлекеттік қазынасы есебінен оқыту туралы ұсыныс жасады.

Бірақ ұсыныстан біраз сұрақ туады. Мысалға, 1919 жылдың қаңтарында Күншығыс елі Манжұрия мен Моңғолиядан жырақ жатқан қазақпен қарым-қатынас құру мен оған көмек берудің ешбір маңызын «көрмей», Алаш Республикасына саяси, қаржы, сауда-экономикалық, әскери және т.б. қолдау көрсетуден жалтарған еді. Ол кезде Алаш Орда сондай көмекке аса мұқтаж болатын. Ал енді арада бір жарым жыл да өтпей жапон үкіметінің «қырғыз (қазақ) үкіметіне» не саяси, не әскери емес, оқу-ағарту саласынан көмек қолын созуын қалай түсінуге болады? «Алаш» ұлттық қозғалысы мен партиясының жетекшілері үшін ағарту  мен жалпыға бірдей білім беру ісі кезек күттірмейтін мақсат-мүддесі болғаны мәлім. ХХ ғасыр басында Ұлы қазақ даласында екі саяси қозғалыс болды. Ә.Бөкейхан «Қазақтар» (түпнұсқада «Қырғыздар». – СПб, 1910 ж.) атты очеркінде екі ағымның бірін «ұлттық-діни қозғалыс» деп атаса, екіншісін «батысшыл» деп бағалады. Оның негізін «Алаш» зиялылары құрады. Соңғы қозғалыс «Қазақ даласының болашағын саналы түрде Батыс мәдениетін жүзеге асыру» деп санады және сол мақсатына жетуге бар күшін жұмсады. «Алаш» жетекшілерінің осы мақсаты қазақтың тұңғыш жалпыұлттық мерзімді басылымы – «Қазақ» газетінің (1913-1918 жж., Орынбор) «Орда» эмблемасынан көрініс тапты. Есігі жабық киіз үй бейнесіндегі «Орда» (хандық, мемлекет, империя мағынасында) қазақ ұлттық мемлекетінің тәуелсіздігін бейнелесе, Батысқа қарай ашылған түндігі – Батыстың білімі мен ғылымына және озық техникасына жол ашық дегенді білдіретін. Ал «Қазақ» газеті мен оның ізінше шыққан мерзімді басылымдар («Сарыарқа», «Бірлік туы», «Ұран», «Жас азамат», «Ақ жол» және т.т.) қалың қазақ пен қырғызды білім мен ғылымға үндеуден жалықпады. «Алаш» қозғалысы мен олардың баспа үні болған «Қазақ» газетінің бас ұраны «Озғандарға жету керек, жеткендерден озу керек» болды. 1917 жылдың желтоқсанындағы ІІ Жалпыұлттық қазақ-қырғыз (қазіргі қырғыз халқы) құрылтайы Алаш ұлттық автономиясын құрып, оның Алаш Орда Халық Кеңесін (үкіметін) сайлауының ізінше 5 кісіден (А.Байтұрсынұлы, М. Жұмабайұлы, Елдес Омарұлы, Биахмет Сәрсенұлы және Т.Шонанұлы) тұратын оқу комиссиясын және оның жетекшісі етіп А.Байтұрсынұлын сайлады. А.Байтұрсынұлы комиссиясы Алаш Орда Кеңесінің құрамына кірмейтін, бірақ оған министрлік құзыры мен міндеті жүктеліп, қызметіне толық еркіндік берілді. Бұл комиссия Оқу-ағарту және Ғылым және жоғары білім министрліктерінің баламасы болатын. Комиссия мүшесінің айлық жалақысы Алаш Орда комиссарының (министрі) жалақысымен тең – 800 рубль болғанын көпшілік білмейді. Бұл «Алаш» арыстары үшін жалпыға ортақ оқу-ағарту мен ғылымның қандай зор маңызы болғанын байқатады. Комиссияға ұлттық мектеп, кәсіби (орта), жоғары білім мекемелерінің оқу бағдарламасын, оқу-әдістемелік құралдарын, оқулықтарын дайындау міндеті жүктелді. Р.Мәрсекұлы Жапонияның Владивостоктағы Бас консулдығына ІІ Жалпыұлттық құрылтайдың хаттамасын тапсырғанын мәлімдеген еді. Жоғарыда айтылғандай, жапон үкіметі мен армиясы Райымжанның Владивосток сапарына дейін қазақ пен Алаш Орда үкіметі туралы астыртын мағлұмат жинаған. Демек Алаш Республикасына қатысты саясатын айқындау мақсатында жапон жағы ІІ Жалпыұлттық құрылтай хаттамасын мұқият зерттегенге ұқсайды. Алайда 1920 жылдың басына қарай бәлшебектердің қызыл армиясы мен ақ армия арасындағы ең зор шайқастар аяқталып, Ресейдің ішкі азамат соғысы Кеңес өкіметінің басымдығымен жалғасты. А.Колчак үкіметі құлады, өзін бәлшебектер ату жазасына кесті, егеменді Алаш Республикасы Кеңес өкіметінің басқыншылық соғысымен (әскери интервенциясы) қазақ тарихында екінші рет отарлыққа душар болып, Ә.Бөкейхан бастаған Алаш мүшелері қырда бәлшебектердің қудалауынан жасырынып жүрді. Бәлкім, Алаш Орданың осы ахуалына орай А.Байтұрсынұлының оқу комиссиясынан хабары бар жапон үкіметі «қырғыз үкіметіне» қазақ жастарын Жапонияда оқыту туралы шектеулі көмек көрсетуге бел буған тәрізді. «Вольный горец» газетінде: «Жапон үкіметі қазақтың абитуриент-жастарының азамат соғысы кесірінен Ресейдегі оқуын жалғастыру мүмкіндігінен айрылғанын білген соң, өзінің Сібірдегі өкілдері арқылы қазақ үкіметіне арнаулы техникалық білім алғысы келген қазақ жастарын Жапонияға оқуға аттандыруды ұсынды».

Бұл үзіндіден екі нәрсе түсініксіз көрінеді. Біріншісі, әңгіме Ресейдің жоғары оқу орындарында оқуды аңсаған абитуриент жастар жөнінде ме әлде азамат соғысы салдарынан Ресейдегі оқуын жалғастыра алмаған студенттер жайында ма? Негізі абитуриенттер де, студенттер де айтылып отырса керек. Екіншісі – жапон үкіметі «қырғыз үкіметі» деп Алаш Орда Халық Кеңесін бе әлде Қырғыз (Қазақ) кеңестік автономиясының (Қырғыз (Қазақ) АКСР) халық комиссарлар кеңесін (халком) айтып отыр ма? Оған жалғыз жауап болуы керек. Себебі біріншіден, Алаш Республикасының орнында 1920 жылдың 26 тамызында құрылған Қырғыз АКСР-ның халкомы сол жылдың 4-12 қазанында Орынборда өткен «қазақ кеңестерінің» бірінші сиезінде сайланды. Екіншіден, жапон үкіметі Ресейдегі 1918-1923 жылдардағы азамат соғысынан бастап өз армиясы 1945 жылдың тамызында Кеңес армиясынан ойсырай жеңілгенше Кеңес билігін мойындамай, жау санады. Үшіншіден, жапон үкіметі «Сібірдегі өкіл» дегенде Шығыс Сібірді емес, Ресейдің патшалық кезеңінен ХХ ғасырдың басына дейін «Батыс Сібір» саналған Ақмола мен Семей өңірлерінің бірін айтуы мүмкін. 1872 жылға дейін Ақмола мен Семей облыстары кіретін Дала генерал-губернаторлығы «Батыс Сібір ген.-губернаторлығы» болғанын ұмытпайық. Оған қоса 1918-1920 жылдары Семейде «ысылған доктор» не «ғалым» ретінде жапон өкіметінің не армиясының өкілі болғаны жоғарыда айтылды. Бір қызығы: жапон үкіметінің қазақ баласын оқыту ұсынысы «Болашақ» халықаралық стипендиясына ұқсайды. Оның мақсаты – Қазақстан экономикасының басым салаларына қажетті кәсіби мамандар дайындау болатын. Жапон үкіметі қазақ студенттеріне «Болашақ» бағдарламасына ұқсас жеңілдік ұсынған, атап айтқанда, Жапонияға барып-қайту жолы, оқу ақысы, Күншығыс елінің жоғары оқу орындарында оқыған бар уақытындағы баспанасы мен күн көріс шығындары түгел жапон мемлекеттік қазынасы (бюджеті) есебінен төленеді. Бірақ «Болашақтан» артықшылығы – жапон қаражаты қайтарымсыз (!). Тифлис газетінің жазуынша, 1920 жылдың маусымына қарай «бірнеше студент пен студент қыз Жапонияға аттанып та үлгеріпті». Бірақ Күншығыс еліне аттанған қазақ жастарының аты-жөні, нақты саны, таңдаған мамандығы не кәсібі және тағы басқа мәліметтер берілмеген. Ол мәліметтер білім қуған қазақ жастарының қауіпсіздігі үшін берілмесе керек. Жапон үкіметі, сонымен қатар, Еуропа мен АҚШ-та оқуды аңсаған қазақ жастарын да өзінің мемлекеттік қазына есебінен қамтамасыз етуге міндеттеніпті. Егер «Вольный горец» газетінің осы хабары толық расталса, алаштанушы ғалымдарға Жапония Үкіметінің, Сыртқы істер және Қорғаныс министрліктерінің, тіпті қазақ жастары білім алған ЖОО-лардың мұрағаттарын ақтару, зерттеу қажеттігі туады. Атап айтқанда, Жапонияда оқыған, сондай-ақ Еуропа мен АҚШ-та білім алуы мүмкін қазақ жастарының аты-жөндерін, білім алған жерлерін (қала мен ЖОО), олар меңгерген техникалық немесе тағы басқа мамандықтарын, сондай-ақ ол жастардың кейінгі тағдырын анықтау міндеті тұрады. Олардың тағдырын анықтаудың маңыздылығы – 1920 жылдардың басында (1922-1926 жж.) Түркістаннан Германияға оқуға бес қазақ азаматы аттанғанын жұрт біле бермейді. Олар Ғазымбек Бірімжан (Алаш Орда мүшесі Ахмет Бірімжанның туған інісі), Темірбек Қазыбекұлы, Дамолла Битілеуұлы, Әбдірахман Мұңайт­басұлы және Сабыр Танашұлы (Алаш Орда мүшесі Уәлитхан Танашұлының жақын туысы болуы мүмкін. – С.А.). Оларды «Алаш» жастары деуге де негіз бар. Алғашқы екеуі Берлиндегі халық шаруашылығы академиясында, қалған үшеуі – Растенберг қаласындағы тері илеу мамандығына оқиды. Алайда бесеудің кейінгі тағдыры қайғы-қасіретпен аяқталды, 1930-жылдардағы қуғын-сүргіннің құрбаны болды.

Қазақ жастарына Жапонияда және Еуропа мен АҚШ-та оқытуды ұсынуымен жапон үкіметі Қазақ елімен келешекте тығыз қарым-қатынас орнатуға үміт артатынын аңғартқандай. «Алаш» идеясынан рух алып өсіп, Азия мен Батыс­тың (АҚШ та бар) өркениетті, дамыған елдерінде білім алған қазақтың жас ұрпағы, «Алаш» жетекшілері жоспарлағандай, өз елінде «саналы түрде Батыс өркениетін жүзеге асыруды» қалайтыны даусыз еді.

Қалай дегенмен де, «Вольный горец» газеті мақаласында жазылғандай, «Жапонияның қазақ халқымен жақындасуға ұмтылуы Сібірдегі жапон саясатының кейбір қыр-сырын ашып көрсететін өте ерекше құбылыс» еді.

Сұлтан Хан Аққұлы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button