Басты ақпаратЕлорда тынысы

Ел дамуында әйелдің орны ерекше

Президент жанындағы әйелдер істері және отбасы-­демография саясаты жөнiндегi ұлттық комиссияның 25 жылдығына арналған Қазақстан әйелдер форумына елдің әр өңірінен 500-ден аса делегат келді.

Астана қаласы әкімдігі ұйымдастыр­ған форумда әйелдердің қоғамдағы рөлі, өзін-өзі рухани-мәдени жақтан дамытуы мен саяси-қоғамдық жұмыс­тарға белсенді араласуы талқыланды.

Мәдениет және ақпарат министрі, Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева қатысушыларға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттық­тауын оқып берді. Министр елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында әйелдердің үлесін бағалап, отбасы құндылығын нығайтудағы рөліне тоқталды.

Елордалық әйелдер басқа өңірлермен салыстырғанда саяси және қоғамдық белсенділігімен ерекшеленеді. Бұл туралы Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен айтып берді.

– Елорданың жетістігі әйелдермен тығыз байланысты. Экономикалық қызметтегі әйелдердің үлесі 51 пайызды құрайды. Оның ішінде 100 мыңнан астам әйел өнеркәсіп кәсіпорындарында жұмыс істесе, 90 мыңға жуығы бизнес субъектілерін басқарады. 75 мыңнан астам әйел медицина мен білім саласында жұмыс істейді. Астана қаласында мемлекеттік және әлеуметтік қызмет саласында әйелдердің үлесі артып келеді. Мәселен, әлеуметтік қызмет саласындағы басшылық қызметтің 80 пайызын әйелдер атқарады, – деді қала әкімінің орынбасары.

Amanat партиясының хатшысы, ұлттық комиссия мүшесі Шолпан ­Каринова партия мүшесінің 65 пайызы әйелдер екенін айтты. Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясының құрамындағы депутаттың 17,7 пайызын және мәслихаттардағы депутаттың 22,4 пайызын әйелдер құрайды.

«Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару бойынша басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, Қазақстандағы БҰҰ тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-­Стори, Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесі басшысының орынбасары Юрий Фенопетов форумға қатысып, ел дамуындағы әйел рөлін сөз етті.

Форум аясында TEDX форматындағы мотивациялық кездесу өтті. Онда ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен «Қазақ әйелі – ел бірлігінің кепілі» тақырыбында өз ойын ортаға салды. Президенттің ғылым және инновация мәселелері жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закария, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің ректоры Лаура Қарабасова, «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы Нұрлан Имам, «ArtLab» шығармашылық ойлауды дамыту мектебінің негізін қалаушысы Марина Деркач өз тәжірибесімен бөлісіп, қатысушылардың сұрағына жауап берді.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button