Басты ақпаратҚоғам

Ұлт боламын десең, ұлыңды да түзе

Қай кезде де ұлт тәрбиесі бала тәрбиелеп өсіретін әйелге қатысты айтумен келеміз. Ұл тентектік жасап, қыз жаңсақ басса да анасын кінәлаймыз. Ал әкені ұлт ұрпағын тәрбиелеудің басына неге қоймаймыз? Неге қызды ұрып, мықтылығын көрсететін ер балалар тәрбиесін ерлерден, әкелерден сұрамаймыз?!

Әлемнің тыныштығы – әкелерде

Соғыс­ты бастап жатқан кім, кім әйелін ұрып өлтірді, кім жас бүлдіршін қызды зорлады, кім көкөрім қыз­ға әлімжеттік жасады, кім ажырасқан соң алимент төлемей қашып жүр, кім әйелі мен балаларын қақаған қыста үйінен қуып шықты, баспанасын тартып алды, кім екінші әйел алып, бәйбішесін арылмайтын күйзеліске түсірді аузына келген былапытын айтып, апа-қарындасты соғып, стреске ұшырататын кім – әрине, жуан жұдырықтылар, ерлер. Былайғы жұртқа азамат болып көрінетін, үйін­де бала-шағасын, әйелін, туысын апшыдай қуырып, жай көзге моп-момақан, келісті гений болып көрінетін екіжүзділер бізде де, шетелде де толып жатыр.

Алиментке қатысты Құ­қықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің мәліметінше, 2023 жылы Қазақстанда алимент төлемегені үшін 1618 адам іздестірілуде екен. Олардың ішінде ерлер саны – 1476, әйелдер саны – 142. Іздестіруде жүргендердің көбі – 31 жастан 40 жасқа дейінгілер. Алимент төлеу­ден қашатындардың көбі Астана қаласында екен – 361 адам. Елімізде алимент төлеу жөніндегі міндеттерді қасақана орындамау бойынша Қылмыс­тық кодекстің 139-бабына сәйкес, 427 қылмыстық іс тіркелген.

2023 жылы Қазақстанда алимент төлемегені үшін 1618 адам іздестірілуде екен. Олардың ішінде ерлер саны – 1476, әйелдер саны – 142. Іздес­тіруде жүргендердің көбі – 31 жастан 40 жасқа дейінгілер. Алимент төлеу­ден қашатындардың көбі Астана қаласында екен – 361 адам

Қоғамдық формациялар алмасып, құндылықтар өзгерген шақта қоғам өркениеттің жақсы жағын емес, жаман тұсын бойына сіңірген уақытта бала тәрбиесіне қатысты тек біржақты әйелдерді, қыз­дарды, аналарды кінәлау орынсыз. Мемлекеттік тілдің мәртебесіне орай айтылатын жауыр болған стереотиптерді осы қыз баланың тәрбиесіне қатыс­ты жиі айтатын болдық. Ұлт патриоты сияқтанып, тәрбиенің барлығын әйел­дердің иығына қашанғы арта береміз?!

Әрине, талбесікті тербейтін, оқытатын, тәрбиелейтін ана ғой, бірақ ер баланың да, қыз баланың да әкеден, ағадан көрген-түйгеніне жетер ештеңе жоқ.

Тәрбие ең әуелі отбасынан басталады, әкесінің былапыт сөздермен шешесін ұрғанын, қыздарын тілдегенін көрген ұл кейін көргенін істейді. Үйдегі теріс тәрбиені мектеп те, университет те жөндей алмайды. Баладан бұрын әкесін тәрбиелеу керек.

– Мектеп жасында қызымды сыныптас ұл әлімжеттік жасап, ішінен ұрып, есінен тандырып қояды. Ешкімге айтпай, медпунктте жатады. Мектепте оқитын ағасына айтпайды арада кикілжің болмасын деп, бірақ аяқасты біреуден кездейсоқ естіген ағасы ұлды іздеп тауып, қарындасынан кешірім сұратады. Мұғалімдер араласып, ұлдың анасы қыздың анасына қоңырау шалып, кешірім сұраудың орнына ұлдың туған ағасы болмаса да, туысқан ағасы келіп, қарындасын қорғаған ағасына қоқан-лоқы жасайды. Қараңыз, әкесі анасына, анасы баласына жұдырық жұмсайтын, жолында кездескенді тек жапырып өтуді ойлайтын отбасының тәрбиесі осылай екен, оны осы іс-әрекетінен байқадым, – дейді елордалық Күмісай Жарқынбекова.

Шынында да, отбасында мейірім көрген бала қоғамда кешірімді болып өседі, отбасында мейірімнен жұрдай болған ұрпақ қоғамда қатыгез болары хақ. Жуырда әлеуметтік желіде жаппай тараған видеода балабақшадағы бүлдіршіннің тобындағы баланы аяусыз ұрып, тепкілеп жатқанын көзіміз көрді. Бұл қоғам арасында үлкен резонанс туғызды. Меніңше, қоғамға мораль оқи бергеннен нақты іс-әрекетке көшкен дұрыс.

– Болашақты лозунг қылып, тілмен сайрап үміт күтетін, тірлігі жоқ ұлттың алда не күтіп тұрғанын мына видео соқырға таяқ ұстатқандай етіп баяндап тұр. Тәрбиешіге кінә тағып, директорға шара қолданудың пайдасы жоқтың қасы. Мәселенің төркінімен емес, мәселенің өзімен айналысу қажет. Ынтымақ пен бірліктің анасы – адамгершілік, әкесі – әділдік. Адамгершілікке бүкіл қасиет кіреді. Өйткені анадан – қасиет, әкеден – өсиет деген. Қа­сиеттен жұрдай бола отырып, өсиетті өркендетеміз деу – жай өсек, пайдасынан зияны көп дүние. Заңмен емес, ожданмен жұмыс істеуге жұмылу қажет. Не істесек те суы шығып, сағы сынатын қоғам болдық, өте өкінішті! Неге? – дейді қоғам белсендісі Нұркен Асанов.

Не істемек керек?

* Ата-аналар үйде бала­бақшадағы баласынан бастап мектепті бітіріп бара жатқан баласына дейін ешкімге тиіспе, қамқор, жанашыр бол деп айтып отыруы керек. Тәрбие деген – үйде балаларыңның бойынан көргің келетін мінез-құлық моделін күнде айтып отыру. Түптеп келгенде, «таспен ұрғанды аспен ұр» деген даналықты біздің бабалар айтып кеткен жоқ па еді?!

* Балабақша мен мек­тепте бала бойына тәрбие сіңірудің нұсқау­лығы керек. Белгілі бір мінез-құлық моделін (бұзық болма, ешкімге тиіспе, балалардың бәріне көмектес) күнде 5 рет әртүрлі контексте қайталасаң, баланың (кез келген адамның) жүріс-тұрысы өзгереді, – дейді қоғам белсендісі Шыңғыс Мұқан.

P.S: Жаhанданудың қатыгез тырнағына ілігіп, жастарымыз жауыз бола бастаса, адамгершілікке, ізгілікке үндейтін қазақы қоғам үшін өте қауіпті. Ендеше мәселенің төркінімен емес, мәселенің өзімен айналысу қажет. Бұған қызыл сөздің, есеп үшін өтетін жиын қажет емес, отбасынан басталған тәлім-тәрбие балабақшада, мектепте жалғасуы тиіс. Салмақты, байыпты, мейірімді ата-анадан, зерделі мұғалімнен, білікті тәрбиешіден қатыгез бала шықпайтыны айдан анық.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button