Басты ақпаратРуханият

Бір ғажапты күтеміз-ау көктемнен…

Елена ӘБДІХАЛЫҚОВА

Күлші, жаным!

Күлші, жаным!

Тарасын өн-бойыма нұр-шуағың!

Тағдырым ашылсыншы алды тұман,

адасып мұң-сыңарым!

 

Күлші, жаным!

Мұң жеңген бас көтерсін сыршыл арын,

Жарығың селт еткізсін қайғы дейтін

Жанымның жегі болған сыншыларын.

 

Күлші, жаным!

Мен енді шаттануға ұмсынамын!

Нұрлана түседі өмір, сен күлгенде

Шығады ұясынан қымсына Күн.

 

Күлші, жаным!

Күлмесең, өмір айтып қырсық әнін,

жанымды қоятұғын жер таба алмай,

өзімнен өзім қайта тұншығамын.

 

Күл, жаным,

сусады күн, тақыр – дала

Шаттану керек кейде ақылға да!

Жылауық тағдырымның жалғыз емі –

Сенің бір жарқын күлкі сәтің ғана!

 

Маржан ЕРШУ

Көңілге шуақ келді

Көктем келді!

Көктемменен көңілге шуақ келді,

Көгереді, өседі қырат та енді.

О, Наурыз! Ырыздықты берекеңмен

Көңілдерді көтеріп, қуант елді.

 

Алғыс күні! Аяулы сезім күні!

Ақжүрек қуаныштың сезілді үні.

Алғыс алу еліңнен қандай бақыт!

Жүрегіңмен, жаныңмен сезін мұны.

 

О, жақсылар! Жайсаңдар! Армысыңдар!

Биік боп көрінбей ме қарлы шыңдар?!

Сіздердей дана көңіл адамдарға

Менің де жүрекжарды алғысым бар.

 

Толқын ҚАБЫЛША

Жан жүрегім

Иесі болмасаң да бесігімнің,

Киесі болмасаң да есігімнің,

Адалдықтың еншісі секілденген,

Әр әрпі ізгілік қой есіміңнің!

Көкжиектен қарайтын Күн көзіндей,

Сен тағы күліп тұрсың, кешірімдім!

 

Сен тағы күліп тұрсың, жан-жүрегім!

Жан-жүрегім!

Сен неткен тағдыр едің?!

Мені мұңаймасын деп күн кешетін,

Сенің нәркестігіңде бар тілегім.

Мен өзіңмен биікпін, аспан тектес,

Сен жаңбырсың,

сүйетін жанды керім.

 

Ұғындырған ең сұлу ар қадірін,

Ұғындырған ең тұнық жан қадірін.

Жаратқаным секілді тым кінәсіз,

Сен өлеңсің,

сыйлайтын жанға тыным.

Арманымның алауы секілденген,

Сен бар жерде үміт бар,

Жап-жарығым!

 

Айзада РАХЫМЖАНОВА

Бізде, жаным, бәрі де бар…

Бізде, жаным, бәрі де бар…

сезім жоқ,

Болса, неге лауламайды көзіңде от?!

Болса, неге сағынбайсың үздігіп?

Мен бе? Менің сағынбайтын кезім жоқ.

 

Біз өткерген мезгілдер бар,

Көктем жоқ…

Жанымменен қарашаны өпкем көп.

Екі бірдей ақымақты ұға алмай,

Жаңбырымен жанар жасын төккен көк.

 

Бізде, жаным, бәрі де бар…

Жоқ бақыт…

Махаббат жоқ, одан өзге қоспа түк.

Жүрек құрғыр атқақтайды, рұқсат ет,

Қояйыншы тоқтатып…

 

Сен де үнсіз күтіп жүрсің көктемді,

Асықпайды ол, былтыр да

өстіп кеш келді.

Өткеніңнің ең бақытты сәтінен,

Өкінішті, қалмайтыны еш белгі…

 

Маxаббатты жұрт болмаған

десіп жүр,

Ақ сезімге тең келмейді еш үлбір.

Асқақ-асқақ арманымыз аспанда,

Бұйра-бұйра бұлтпен бірге көшіп жүр.

 

Жанымызға бүгіп келген сыр неткен?

Мен де оны сағынып ем, білмеп пе ең?

Ең жауапсыз сезімдерге жаны ашып,

Қар астында тыныстайды гүл-көктем!

Р.S.

Бір ғажапты күтеміз-ау көктемнен,

Асықпайды ол, былтыр да өстіп кеш келген…

 

Мақпал МЫСА

Астана түні

Түн.

Астана.

Ойларымның егесі,

Өзге емес, тиді өзіме жебесі.

…Мыңжылдықтар!

Сендерменен өрлейді

Түбі кемел келешектің кемесі!

 

Дақпырты көп дәуірлердің

көшінде,

Беу, Сарыарқа!

бәрі сенің есіңде.

Шер төгейін…

өлеңіммен өбектеп

Еркелейін ел қондырған Есілге!

 

Мына түннің мойыл қара көздері

Алғаш сені көргенімде өзге еді.

Өңменімнен өткен желің жел емес,

Өресіздің өктем суық сөздері.

 

Түн.

Астана.

Керуенді көш пе еді,

Бар ғаламның жанса шіркін

өшкені…

Батырарын енді ұғындым сан ойға

Жапырағын жел ұшырған кештері.

 

Кедергіге тап болса да үш аттап,

Ақындардың болады екен түсі аппақ,

Түн.

Астана.

Ақ дүниеде көз ілдім,

Аппақ-аппақ армандарды құшақтап…

 

Жұлдызай ЫСҚАҚ

Мен жүрек ем

Қиял деген ұстатпай ма қуғанға,

Арман деген жеткізбей ме алқынсам.

Бұл өмірде «мен ішпеген у бар ма?»

Тоқтап барып, қайта соқтым бәлкім сан.

 

Мен жүрекпін,

Иә, қырық жамаумын.

Лүпілімді табылар ма жан тыңдар?!

Сұмға жаумын, ал сүйгенге-адалмын!

Гүлден нәзік, тастан берік қалпым бар.

 

Мен жүрек ем, жаратылған өлеңнен,

Бұлқынамын кеудесінде өмірдің.

Жылы алақан іздестіріп келем мен,

Көрсетеді жолын кім?!

 

Алма ТҮСІПБЕКОВА

БІР КҮНІ…

Мен бақытты бола салам бір күні…

Гүлнәр Салықбай

Жүрегіме жүк артса да жыр құны,

Сағынамын сол шынайы күлкіні.

…Адалдық кеп ақ жүзімнен сүйгенде,

Мен бақытты бола салам бір күні.

 

Тағдыр тағы тапаншасын тұр кезеп,

Жалған өмір, жалын атқан жырға өзек.

Ізгілік кеп иілгенде алдыма,

Мен бақытты бола салам бір мезет.

 

Сезіміме сый боп жеткен нұр-көктем, О, керемет!

Нұр сорғалап тұр көктен.

Ақ бұлақ боп ағып жатса ақ пейіл,

Мен бақытты бола салам бір сәтте.

 

Терістікке кетпеген соң мұң ауып,

Мына аспан да көңілшектеу, жылауық.

Ақ дүние ақ сағымға малынса,

Мен бақытты бола салам бір ауық.

 

Қойса да өмір қадамымды тар тұсап,

Маған жаяр ізгілік пен ар құшақ.

Жақсы адамдар жарқылдап бір күлгенде,

Мен бақытты бола салам жалқы сәт.

 

Атары анық алдымыздан таң күле,

Біздер жайлы айтса да жұрт әңгіме.

…Өзің келіп өпкен сәтте маңдайдан,

Мен бақытты бола салам мәңгіге!..

 

Динара МӘЛІКОВА

Өмір мынау бір сынақ

Көктем кепті менсіз-ақ,

көктем келді сенсіз-ақ.

Қыстың қалды қырауы,

көңілімде бір сұрақ.

 

Жеріп кетсең үндеме,

Күрсініп-ап жүр деме.

Қуануды үйрендім,

сен болмаған күнде де.

 

Сүймей кетсең ақталма,

(бұл сезімге сот бар ма?)

Өмір сүріп жүресің,

жолданбаған хаттарда.

 

Гүл тақпай-ақ шашыма,

Көктем келді асыға.

Ұйықтап қалғым келеді,

Ұйықтамай-ақ қасыңа.

 

Өмір мынау бір сынақ,

Жаным қалай тыншымақ?

Күліп қойып жүремін,

Көз жасымды сүртіп ап.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button