Басты ақпаратИмантаразы

Оразаның сыры мен сауабы

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Тура жолдың мәңгілік өнегесі болған ардақты Пайғамбарымызға салауаттар мен сәлемдер болсын. Баршамызды айлардың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Аллаға шексіз шүкірлер айтамыз. Жоқтан бар етіп жаратқан Раббымыз Рамазан айы келгенде шамасы келген пенделеріне ораза ұстауды парыз, яғни Исламның бес тірегінің бірі еткен. Бұл – Алла Тағаланың біздерге сыйлаған өте үлкен кеңшілігі мен нығметі. Жаратушы Иеміз Құранда: «Бақара» сүресінің 185-аятында: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол нұсқаушы және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді» деп, Рамазан айының қадірін қасиетті Құран арқылы белгілеген.

Расында адамзат баласы адасқан кезде, лағынеті шайтанның арбауына ілескен сәтте, жер бетіне надандық жайылған уақытта, адами құндылықтар тапталған заманда Алланың өз пенделеріне деген шексіз мейірімінің нәтижесінде көркем насихат, жүректі түрлі дерттен сақтау, тура жол көрсету үшін қасиетті Рамазан айында Құран түсіріле бастады. Бұл туралы Хақ Тағала Құранда былай дейді: «Уа, адамдар! Сендерге, расында да, Раббыларыңнан насихат, көкіректердегі дерттерге шипа әрі мүміндер үшін тура жол мен рақым (Ислам мен Құран) келді. (Уа, Мұхаммед!) Оларға: «Бұл тек Алланың шексіз жақсылығы мен рақымының арқасы. Ендеше (адамдар) тек осыған қуансын! Өйткені бұл олардың бүкіл жиған-тергендерінен әлдеқайда артық» деп айт».

Шын мәнінде қасиетті Құран адамзат баласының игі істері яки жасаған жақсы дұғалары үшін түскен жоқ. Құран Алла Тағаланың адамзат баласына шексіз жақсылығы мен рақымының арқасында түсті. Құран аяттары ақты қарадан, адалды арамнан ажыратып берді. Екі дүние бақытына жетелейтін парыз амалдар бекітілді. Ендеше бұл – біз үшін нағыз қуанатын жағдай. Жер бетінде адам баласы үшін Құранды оқып, оның мағынасын ұғып, ғибрат алып, аяттарға сай амал етуден артық қуаныш жоқ. Себебі жер бетінде не жисақ та, қандай ризық-нығметке бөленсек те, қандай билік пен байлыққа кенелсек те, мұның ешқайсысы Алланың Құранды түсіру оқиғасынан артық емес.

Жаратушы Иеміздің қасиетті Құран аяттарын он екі айдың сұлтаны болған Рамазан айында түсіре бастауының өзіндік хикметі бар. Рамазан Алланы ұлықтау, пәктеу, Оған мүмин сипатымен бойсұну айы болғандықтан, ораза адам баласын өмір бойы мұсылман деген атқа сай ғұмыр кешуге тәрбиелейді. Ол үшін ең алдымен, қасиетті Құранмен байлануды үйренуіміз керек. Құранға байланған адам бақытқа бөленеді. Әйгілі ғұлама Хасан Басри (Алла оны рақымына бөлесін): «Егер де Алланың сенімен сөйлесуін қаласаң, Құран оқы!» деген сөзінде үлкен мән жатыр.

Бірде ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Ұлы Алла Тағала айтты: «Адам баласының тек оразадан басқа амалының барлығы өзі үшін. Ал ораза – Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін». Басқа риуаятта: «(Алла Тағала): «Ол өзінің тамағын, сусыны мен шаһуатын Мен үшін тастайды. Ораза мен үшін, оның сыйын Өзім беремін. Сондай-ақ әрбір жақсылық он еселенеді» делінген. Мұсылман баласының намаз оқуы, қажылыққа баруы, зекет-садақа беруі, Алланы разы ететін қандай да жақсы амал жасауы өзінің игілігі үшін орындалады. Жоғарыда келтірілген хадистің мәні мынада: адам оразадан басқа парыз амалдарды орындау барысында оның ниетін түрлі ойлар бұзуы мүмкін. Соның салдарынан қателіктерге ұрынып жатады. Ал ораза нәпсіге ауыр келетін құлшылықтың бірі болғандықтан, кез келген адам ауыз бекіте бермейді. Алайда бұл Аллаға ықыласты пенделер үшін ауыр емес. Керісінше құлшына кірісіп, мол сауап алуға тырысады, оны беріле орындайды.

Алла Тағала пенделерін ораза ұстап қана қоймай, көбірек жақсылық жасауға құлшындырып: «Ораза мен үшін, оның сыйын Өзім беремін. Сондай-ақ әрбір жақсылық он еселенеді» дейді. Ауыз бекіткен адамға қандай дәрежеде сауап жазылатынын періштелер де білмейді. Мысалы, біз бір күнде бес рет намаз оқимыз. Алланың уәде еткені бойынша ниетіміз бен ықыласымыздың дұрыс болуына қарай әр намазымызға он намаз оқығанның сауабы беріледі. Оны періштелер жазып қояды. Ал оразаның сауа­бын Алланың өзі жазады екен.

Раббымыз Рамазанда бізді арам нәрсені былай қойғанда адал болған амалдың өзінен тыйып отыр. Күндіз адал болған ас-судан, адал болған жарымыз­ға жақындаудан тыйыламыз. Мұның хикметі не? Ораза құлшылығының түпкі мәні – Алланы жақсы көруге, Оның разылығына жетелейтін амалдарды жақсы көруге ұмтылу. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дұға жасайтын: «Уа, Алла Тағалам! Өзіңді жақсы көруді және Сені жақсы көретінді жақсы көруді және Сенің жақсы көруіңе жақындататын әрбір амалды жақсы көруді маған нәсіп ет. Уа, Алла Тағалам! Сенен мәселенің қайырлысын, жақсы дұға, жақсы нәтиже және жақсы сауап сұраймын. Мені бекем ет және таразымды ауырлат, иманымды нығайт, дәрежемді көтер, намазымды және ғибадаттарымды қабыл ет, қатемді кешір және маған жоғары дәрежелі жәннатты нәсіп ет!». Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осыған ұқсас тағы бір дұғасында: «Уа, Алла! Мен Сенен Өзіңді жақсы көруді сұраймын. Уа, Алла! Саған жақындататын амалдарды жақсы көруді сұраймын. Сен жақсы көрген адамдарды жақсы көруді сұраймын. Сондай-ақ қатты шөлдеген кезімде мен үшін Өзіңді салқын судан да артық етші» деп айтқан екен.

Адам баласын үнемі жамандыққа итермелейтін нәпсіге оразадан асқан ауыр нәрсе жоқ. Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын) айтқандай, жүгендеуге мұқтаж болған нәпсіңнен артық асау жоқ. Бір данышпан: «Кім өзіне Алладан артық дос бар деп ойласа, Алла Тағала жайлы танымы аз болғаны. Кімнің нәпсіден үлкен дұшпан бар деген ойы болса, нәпсісін дұрыс білмегені» деген екен. Расында Тән қалауын үнемі жүгендеп отыратын бірден-бір жол – ораза ұстау. Осыған дейін ашуымызды тізгіндеуді үйренбеген болсақ, оны ораза үйретеді. Осыған дейін көңіл қалауымызша артығымен тамақтансақ, ораза хадиске сай аз мөлшерде тамақ жеуді үйретеді. Осыған дейін бойымызда тәкаппарлық сезімі көрініс тапқан болса, оны ораза жойып жібереді. Осыған дейін міскіндерге көңіл бөлмеген болсақ, оразада хәліміз олармен теңесіп, садақа беруге ден қоямыз. Міне, ұлық болған Рамазан бір ай бойы мұсылмандық сипатқа сай өмір сүруге тәрбиелейді. Бір айда жамандықтан арылған адам қалған айларда да жағымсыз әрекетке бой алдырмайды.

Ізгілерден қалған мынадай сөз бар: «Кемелдікке жету үшін адам баласына төрт-ақ нәрсе керек: аз ішіп-жеу, аз ұйықтау, аз сөйлеу һәм көпшіліктен арагідік бөлініп, оңашалану». Пенде осы аталған төрт қасиетке ораза ұстау арқылы кемелдікке жетеді. Шын мәнінде күні бойы аш құрсақ жүрген адам бір ай бойы аз тамақ жеуге дағдыланады. Күнін оразамен өткізген мұсылман түнін құлшылыққа арнайды. Түнгі намаздарға көңіл бөліп, жамағатпен тарауық намазына қатысады. Одан бөлек, таң намазы алдында түнгі тәһажуд намазын өтейді. Аузы берік адам артық сөйлеп қоюдан сақтанады, осылайша аз сөйлеуге дағдыланады. Ал Рамазан айының соңғы он күнін оңаша өткізуге ниет танытқан пенде иғтикәфқа кіріп, өзін дүние істерінен босатып, уақыты мен күш-жігерін құлшылық жасауға арнайды.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзге үмбеттерден ерекшелейтін бес қасиеті бар. Бұл туралы Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Алдыңғы үмбеттерге бұйырмаған бес өзгешелік Рамазан айында менің үмбетіме берілді. Біріншісі – ораза ұстау­шының аузынан шыққан иіс Алланың құзырында хош иістен де жұпар. Екіншісі – ораза тұтқан пенде ауызашар уақытына жеткенге дейін теңіздегі балықтар (кейбір риуаятта періштелер) ол үшін Алладан кешірім тілейді. Үшіншісі – Алла Тағала күн сайын жәннатын алтынмен аптап, күміспен күптеп: «Менің құлдарым дүниенің бейнетінен құтылып, сенің зейнетіңді (жәннатың) көретін күн де алыс емес» дейді. Төртіншісі – шайтандар кісенделіп, әлсіздіктен пендені азғыруға шамалары келмейді. Бесіншісі, Рамазан айының соңғы түнінде пенденің алдыңғы жасаған күнәлары кешіріледі».

Алла Тағала баршамызға қасиетті Рамазан айында оразамызды кемеліне жетізіп ұстауды, жасаған әрбір ізгі амалдарымызға мол сауаптар жазып, келесі Рамазан айына да аман-есен жеткізгей. Әмин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button