Sport

Әлем чемпионаты әуенмен басталды

Маусымның 14-інде, Рамазан айының соңғы күнінің кешінде Мәскеудегі атақты «Лужники» стадионында футболдан әлемнің 21-ші чемпионаты сөреден шықты.

Турнирдің бірінші матчы ойналардан бір жарым сағат бұрын испан қақпашысы Икер Касильяс пен ресейлік модель Наталья Водянова әлем чемпионатының бас бәйгесі – жеңімпазға берілетін Кубокты таныстыр­ды. Сол сәтте стадиондағы диктор Ресей құрамасының құрамын атап шығып, жанкүйерлерді караокеден ән салуға шақырды. Сол-ақ екен, орыстың халық әні – «Калинка» қалықтап ала жөнелді. Арада бес минут өткесін диктор Сауд Арабиясы ұлттық командасының старттық құрамда алаңға шығатын ойыншыларын таныстырып болып, тағы бір әуенді қосылып айтуға үндеді. Бұл жолы арабтың халықтық әні шырқалды.


Осы сәттерде футбол алаңының жүзі дөңгеленген доптың қалпына келтірілді. Ол Чайковскийдің әуенін әуе­летіп әкетті. Көрермендер алдына Бразилия құрамасы сапында әлемнің екі дүркін чемпионы атанған атақты футболшы Роналдо, британиялық әнші Робби Уильямс, ресейлік опера әншісі Аида Гарифуллина шықты. Ағылшын солисі бишілер мен фристайлер ортасында Let Me Entertain You әнін сызылтты. Сосын отты Құстың ортасынан ресейлік әнші пайда бола кетті. Екі әнші кенет дуэт құрды. Сол кезде алаңға 32 әнші келіп, чемпионатқа қатысушы елдерді бейнеледі. Ал жанкүйерлерге көрсетілген жапырақшада Welcome, яғни «Қош келдіңіздер!» деген бір ауыз сөз жазылып тұрды.


Ресейдің Дондағы Рос­товқа белгіленген әлемдік елшісі Виктория Лопырева турнирдің ресми добын алаңға алып келді. Оған Роналдо мен чемпионаттың бойтұмары – Забияка символдық соққы жасады.
Чемпионаттың ашылу салтанатында Ресей президенті Владимир Путин сөз сөйледі. «Барлық командаларға – табыс, ал жанкүйерлерге ұмытылмас әсерлер тілеймін» деді ол.
Салтанатқа ФИФА-ның президенті Джанни Инфантино қатысты.

Серік ПІРНАЗАР

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button