ЖаңалықтарМәдениет

«АЛМАС ҚЫЛЫШ» КИНО ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕДІ

Осыдан он шақты жыл бұрын үлкен экранға жол тартқан «Көшпенділер» көркем фильміне көпшіліктің көңілі толмаған еді. Сол олқылықтың орнын мереке күндері Астана мен Алматы қалаларында тұсауы кесілген «Қазақ елі» сериалының кинонұсқасы – «Алмас қылыш» фильмі толтыратын сияқты.

14532011107i3in-725x

КЕРЕЙ мен ЖӘНІБЕКТІҢ ЖАСАМПАЗДЫҒЫ
Қос кинотуындының да не­гізіне көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің тарихи трилогиясына кіретін кітаптар алын­ған. Алғашқысының желісі «Жан­талас» романы бойынша тарқатылса, екінші, яғни жаңа фильм қаламгердің аттас шы­ғармасы негізінде өріледі.
Алайда «Алмас қылыш» фильмін романның таза көшір­месі деп айтуға болмайды. Сце­нарий авторлары белгілі қалам­гер Смағұл Елубай, Тимур Жақ­сылықов және осы фильм режиссері Рүстем Әбдірашев кеңестік заманда жазылған шы­ғар­маға («Алмас қылыш» романы 1971 жылы жарық көрді) қазіргі заман тұрғысынан қарап, өзгерістерді енгізді.
Тарих ғылымының докторы, ҚР ҰҒА корреспондет-мүшесі Берекет Кәрібаевтің пікірінше, «Алмас қылыш» романы – Қа­зақ хандығының құрылуы мен күшеюін суреттейтін көркем туынды. Фильмді түсірген шығар­машылық топтың да сүйенер тірегі осы болды.
Естеріңізде болса, «Көшпен­ділер» фильмінде ХVІІІ ғасыр оқиғаларына, олардың ортасын­дағы Абылай ханның тұлғалық қасиетіне басты екпін беріледі. «Алмас қылыш» одан арғы заманды жаңғыртып, Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ұлысынан бөлініп, бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мұрагері болып отыр­ған мемлекеттің дүниеге келген кезеңдері туралы баяндайды. Фильмнің идеясын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынды. Ал ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырыс бергеннен кейін Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, «CentaurusRustemAbdrashevproduction» ЖШС жүзеге асырды.

АКТЕРЛЕР АНСАМБЛІ
Ауқымды жобаға жалпы ал­ғанда 500-ден астам адам қаты­сып, 100-ден аса актер тартылды. Түсі­рілім жұмыстары Алматы қаласы мен Алматы облысында жүргізілді. Жалпыұлттық про­кат­қа алдағы жылдың 5 қаңта­рын­да шығатын фильмнің бас кейіп­­керлерінің рөлін – Керей ханды Қарағанды облыстық С.Сейфул­­лин атындағы қазақ драма театры­ның әртісі, ҚР еңбек сіңір­ген қай­­раткері Қайрат Кемалов, ал Жә­нібекті көпшілікке Бауыржан Момышұлының рөлі арқылы таныс Еркебұлан Дайыров сомдады.
Шыңғыс ханның тұңғыш ұлы Жошыдан тараған ұрпақ Қазақ хандығын құрғандығы тарихтан белгілі. Ал ХІІІ ғасырда Жошы ұлысы Алтын орда атты қуатты мемлекетті құрды. ХV ғасырда бұл мемлекет ыдырап, жеке-жеке хандықтарға айналды. Фильмде сол кезеңдегі Әбілқайыр мен Шайбани хандар, Моғолстан билеушісі Есен-бұға, ойраттардың тайшысы Өз-Темір, желмаясымен желіп, жерұйық іздеген Асан қайғы, Қазтуған жырау сынды көптеген тарихи тұлғалардың бейнесі көрінеді. Ал басты кейіпкерлер, әрине, Керей хан мен Жәнібек.
Айта кетер жайт, фильмге кәсіби актерлермен қатар өнері басқа салада өрістеген шығар­машылық иелері қатысты. Атап айтсақ, Қазтуған жырауды – Бекболат Тілеухан, Керейдің әйелін – биші Шұғыла Сапарға­лиқызы сомдап шықты. Мұны жаңалық деп айтуға келмейді, себебі, «Тақиялы періште» фильмінде Әубәкір Ысмайылов, «Қыз Жібекте» Гүлфайрус Ысмайылова сынды белгілі су­рет­шілердің ойнағанын халық көрген. Ал «Алмас қы­лыш­тағы» өзге рөлдерге келсек, онда жоғарыда аттары көр­сетілген әртістермен бірге Дос­хан Жолжақсыновтан бас­тап, Иісбек Әбілмәжінов, Аян Өтепберген, Мейірғат Амангелдин, Ниязбек Шайсұлтанов, Арман Қожа, Мадина Есманова, Қарлығаш Мұхамеджанова, Іңкәр Әбдіраш, Дінмұхамед Ақымов, т.б. актерлер көрінді. Жайдарбек Күнғожинов бас­таған каскадерлік топ трюктерді жасап шықты.

ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕЙ­ТОЙЫНА ТАМАША ТАРТУ
Фильмнің тұсаукесерінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұ­хамедиұлы Елбасының: «Керей мен Жәнібек 550 жыл бұрын Шудың бойын­да Қазақ хандығын құрды. Соның бәрі біздің жастарға, біздің ұрпағымызға тамырымыздың терең екенін көрсетеді. «Тамыры терең қара емен, қасқая күтер дауылды» деген нақыл бар. Тамырың терең болса, қандай дауыл болса да қас­қая көтересің. Тарихымызды зерттеп, халқымыздың тарихымыз туралы білімін арттыру қажет» деген сөзін келтіріп, «Алмас қылышты» түсірудегі мақсатын айқындап бергендей болды. Сондай-ақ, аталмыш туынды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына тамаша тарту болғанын атап өтті.
Көпшілікті, әрине, «Қазақ елі» се­риалы қашан көрсетілетіні қызық­ты­рады. Бұл сұраққа фильм ре­жис­сері Рүстем Әбдірашев жауап берді. Оның айтуынша, қазір«Қа­зақ­стан» ұлттық арнасы мен «31 ар­на­мен» келіссөздер жүргі­зілуде. Бұ­йыртса, Жаңа жылдан кейін сериал толығымен теледидар көрермен­деріне жол тартуы тиіс. Ал, фильм продюсері Арман Әсе­новтің сөзін­ше, «Алмас қылыш» – «Қазақ елі» сериалының сығымдалған, яғни бір фильмге жинақталған нұсқасы.
«Алмас қылыш» көркем фильмі­нің, жалпы алғанда «Қазақ елі» сериалының түсіру тобында болған өнертанушы Ерлан Төлеутайдың еңбегін де атап өтуге тиістіміз. Тұсаукесерде ол «Бүгін мен үшін қуанышты күн болды. Екі жылғы бейнетті еңбегіміз ақталып отыр. Осы фильмді түсіру жолында «күндіз отырмады, түнде ұйықтамады» деген сияқты күйді бастан кешірдік» деді.

Р.S. Өткен мереке күн­дері «Хабар» телеарнасы Сатыбалды Нарымбе­тов­тің «Аманат» фильмін, «КТК» Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» туындысын көрсетті. Қаптаған шоу бағдарламалар мен концерттерден жалыққан халық қазақтың шерлі тарихын парақтауға мүмкіндік беретін бұл фильмдерді қызыға тамашалады. Шындығына келгенде, бұл туындылардың отаншылдыққа тәрбиелейтін күшін де байқадық. Демек, ұлтқа басқа емес, осындай фильмдер керек. Олардың енді көптеп түсірілуін күтеміз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button