ЖаңалықтарСұхбат

Дархан МЫҢБАЙ, ҚР Ұлттық музейінің директоры: Ұлттық музей – халықтың рухани қазынасы

Музейдің басты міндеттерінің бірі – Қазақстанның материалдық, рухани және мәдени мұрасын насихаттау, Астананы мәдени және халықаралық деңгейдегі гума­ни­­тарлық орталық ретінде және Қазақ­станды тұтастай көне тарихы мен бай мәдениеті бар қар­қынды дамып келе жатқан заманауи мем­­лекет ретінде таныту

era_5361

01-102

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында, мәдени өркендеу мен ілгері­леуге бағыт­талған бас­тама негізінде Ұлттық музей ашылғаны есімізде. Жұмыс істей бастағанына екі жыл енді ғана толған рухани ошақтың қысқа мерзімдегі қадамдарына көңіл қуанады. Енді әңгімемізді музейдегі жәдігерлердің салмағы мен маңызы, мақсат-міндет­те­ріңізден бастасаңыз…
– Музей – кез келген елдің тарихи жадын жаңғыртушы қастерлі орын. Ол ұрпақтар арасын жалғайды, мәдениет­тер арасын жақындатады. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асқан мәдени ошақ екені мәлім.
Естеріңізге сала кетсем, 2008 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Қоғамдық кеңес­тің отырысында Мемлекет басшысы Астана қаласында Қа­зақстан тарихына қатысты өте құнды мәдени мұра­ларды, артефактілерді, өзге де музей бұйым­дарын мақтанышпен көрсететін халықаралық деңгей­дегі музей салу жөнінде тапсырма берді. Осылайша 2014 жылы Астана күні қарсаңында ашылған Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі бүгінде елдің ғылыми, рухани әрі мәдени орталығы болып үлгерді. Ресейдегі Эрмитаж, Третьяков галереясы, Франциядағы Лувр, Нидерландтағы Рейкс­музеум, Кореяның Ұлттық музейі, АҚШ-тағы Метрополитен, Франциядағы Шығыс өнерлерінің Ұлттық музейі – Гиме музейі сынды әлемнің даңқты музейлерімен ұқсас­тық­тар келтірген кезде, біз таяу арада әлемнің ең ірі мәдени ошақ­­тарының арасынан ла­йықты орын алуға мүмкіндік беретін өзіміздің «қазақстандық жолды» таңдап, бағдар еткен музейіміздің құндылықтарымен шын мәнінде мақтана аламыз.
Музей қызметі өзін Еура­зиядағы бірыңғай кеңістікте заманауи, мәдени және ғылыми орталық ретінде орын алуға бағытталған. Бұл нысан бірегей жәдігерлерге жақындауға, та­рихты терең зерттеу үшін олар­дың мәнін жете түсінуге, Қазақстан халқының ұлттық мәдени құндылықтарға деген қызығушылығын жандандыруға мүмкіндік береді. Дамудың ғы­лыми тұжырымдамасына сай, музейдің басты міндеттерінің бірі – Қазақстанның материалдық, рухани және мәдени мұрасын насихаттау, Астананы мәдени және халықаралық деңгейдегі гуманитарлық орталық ретінде және Қазақстанды тұтастай көне тарихы мен бай мәдениеті бар қарқынды дамып келе жатқан заманауи мемлекет ретінде таныту. Біздің басты міндетіміз – еліміздің өткені мен бүгінін және келешекке деген ұмтылысын көрсету.
Ұлттық музейде сонау көне дәуір­лерден бастап, бүгінгі күнге дейінгі ұлтқа қатысты құнды мұралардың көбісі жинақталған. Олардың алдыңғы легі археоло­гиялық қазба жұмыстары кезін­дегі мұралар болса, одан кейінгі Қазақ хандығы дәуірінің жәдігер­ліктері, Кеңес үкіметі тұсындағы экспонаттар, Тәуелсіздік жылда­рындағы тарихи маңызы ерекше құжаттарға дейін бар.
– Дархан Қамзабекұлы, Ұлттық музейдің табалды­рығын аттаған жан ондағы соңғы технологияны бірден байқайды. Заман талабына сай жасақталған бұл дүниені, әлбетте, қолдаймыз. Музей ісіндегі осындай соны жаңалықтар және олардың артықшылықтары жайында әңгімелеп берсеңіз.
– Жәдігерлерді көрсету үшін алдыңғы қатарлы технологияларды қолдану айрықша маңызды. Техника туралы айтқан кезде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ыңғайлы пандустар, келушілердің қызығушылығы мен ықыласы ерекше түскен бағытта экскурсия жасауға мүмкіндік беретін ІТ-технологиялар, мультимедиялық гидтер туралы айтпай кетуге болмайды. Музей барлық заманауи талаптарға жауап береді. Сондықтан оның экспонаттары мен экспозицияларымен танысу өте қолайлы әрі ұнамды. Сонымен қатар, QR-код, аудио гид сияқты заманауи жаңа құрылғылар бар. Бұлардағы ақпараттар – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде. Бұл құрылғылардың көмегімен музейдегі барлық экспозициямен танысып шығуға болады. Оған ешқандай да экскурсоводтың қөмегі қажет емес.
Ұлттық музейге келушілер қай жас­та болмасын, өз ойынан шығатын экспозиция тауып алады. Біздің астанамызда 10 шақты музей қызмет істейді. Жалпы, мен Қазақстандағы музей ісін жүйелі түрде дамыту қажет деп санаймын.
Санкт-Петербургтің бір өзінде 200-ге жуық музей бар. Эрмитажбен қатар, жеке меншік түріндегі және мемориалды мекемелер де жұмыс істейді.
Музей – бұл тарихи жадының қоймасы. Музейге келу – бұл мәң­гілікке жанасуға мүмкіншілік алу, ұлттық құндылықтарды, өз халқың мен ұлтының қазынасын бағалау. Ұлттық музей халық жадының рухани орталығы болу арқылы мем­лекеттің дамуына өзінің лайықты үлесін қосатынына сенімдімін.
– «Бізде музей мәдениеті қалып­таспаған» деген пікірді естіп қала­мыз арагідік. Еліміздегі музей ісінің дамуы­на көңіл тол­маушылық та жоқ емес. Кейбір мемлекеттердің айтулы рухани ошақтары мемлекет қазынасының бір бүйірін томпайтуға жарап жатқанын тілге тиек етеді олар. Ал осы саланың маманы ретінде Қазақстандағы музейлердің даму деңгейі, осының айналасындағы проблемалар, шешімін күткен мәселелер туралы не айтасыз?
– Иә, біздің кейбір адамдар музейді көне заттар қоймасы, күңгірт жарық­танған орын деп түсінуі де мүмкін. Шын мәнінде олай емес. Өздеріңізге мәлім, қазір Ұлттық музей заманауи озық технологиямен жасақталған. Ол жерге келген адамдар экспонаттарды көріп қана қайтпай, аудио, видео құралдары арқылы да мол мағлұмат жинап қайтуға мүм­кіндігі бар. Келуші­лерге ел мұрасын барынша түсінікті әрі қызықты етіп көр­сетуге барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, музей келуші­лерге экспонаттарды ғана ұсын­бай, ұйымдастырушылық, ағар­ту­шылық, тәрбиелік және көп­шілікке ортақ істермен де айналысады. Мұның барлығы – заман талабы.
Сосын, біздің музей саласын­дағы мәселелеріміз еліміздің «Мәдениет туралы» заңында ішінара ғана көрініс тапқан. Бұл, біздің пікірімізше, музей­лердің барлық түйткілді мәселе­лерін шешуге мүмкіндік бермейді. Ал елде мем­лекеттік, ведомстволық және жеке му­зейлердің болуы, жалпы музей жұ­мысының толық ауқымын реттейтін заңнамалық актіні әзірлеуді талап етіп отыр. Қазіргі жағдайда мәртебесі мен заңдық қорғалуы мардымсыз музейлердің көптеген құнды заттары мемлекет назарынан тыс қалып жатыр. Еліміздегі барлық музейлердегі экспонаттарды есепке алу, сақтау, олардың айналымын, қозғалысын, басқа да регламенттерін стандартты нұсқаулықтар мен құжат­тардың негізінде жүргізу – отандық мәдениеттің бақылауындағы және қамқорлығындағы ортақ ісіне айналуы тиіс. Дәлірек айтқанда, музей мәселесіне бірыңғай сауатты көзқарас қажет. Дей тұрғанмен, еліміздегі музей саласында алға жылжу, даму байқалады деп айтуға негіз бар. Елорданың орталық алаңынан бой көтерген Ұлттық музейдің өзі Қазақстанның мәдениет саласында, соның ішінде музей саласында жеткен зор жетістік.
Қазіргі таңда біздің музейге келетін қонақтардың қатары молайып келеді. Әсіресе, көктем-жаз мезгілінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген меймандар Ұлттық музейге міндетті түрде бас сұ­ғады. Олардың барлығын музейге әке­летін, еліміздің тарихына, музейге деген қызы­ғу­шылықтары деп ойлаймын. Тағы бір айта кететін жайт, біз жыл сайын «Музейдегі түн» акция­сын ұйымдас­тырамыз. 2015 жылы акцияға бір күннің ішінде 23 мың адам келген. Ал биылғы көрсеткіш 32 мыңды құрап отыр. Сон­дықтан елімізде музейге деген қызығу­шылық артып келеді деп айтуға болады.
– Қазақстанда музейлер жетерлік. Десе де, көпшіліктің Ұлттық музейге деген ықы­ласы айрықша. Бәлкім, Астанада орын тепкендіктен, бәлкім, сәулетінің айрықша әсемдігімен тартар… Сіздің ойыңызша, бұл нысанның атап айтарлық қандай ерекше­ліктері бар?
– Кез келген мемлекет туралы алғашқы әсер мен түсінік оның тарихымен танысудан басталады. Сондықтан осы маңызды миссия Ұлттық музейге жүктелген. Байтақ Отанымыздың бай тарихын түгендеу, дәстүрімен таныстыру, көнені бүгінге жет­кізіп, қазіргі құндылықтарды қастерлеу арқылы Қазақстанның төл мәдениетін әлемге танымал ету – Ұлттық музейдің алдына қойылған кезек күттірмес міндеттердің бірі.
Ұлтымыздың жауһар жәді­герлері мен мәдени мұралары­ның бір парасы арқылы мемле­кеттігіміз бен елдігімізді ұлық­тайтын Ұлттық музей дәстүрлі қызмет көрсету аясымен ғана шектелмей, қоғамның бар саласына қажетті мәдени-ағарту, ғылыми-әдістемелік, танымдық-ұйымдастыру жұмыстарының қайнаған ортасына айналуда. Әлемдік стандартқа сай салын­ғандықтан, мұнда жаңашыл технология жетістіктеріне негіз­делген ғылыми кітапхана, түрлі кәсіби шеберханалар жұмыс істейді. Жұмыс жүйелі жүріп, сабақтастық сақталу үшін музей білікті ғалымдармен және жас ізденушілермен тығыз қарым-қатынас орнатқан.
Сонымен қатар, Ұлттық музейде ұлттық деңгей бар. Сондықтан да бұл жерде мемле­кеттік маңызға ие экспонаттар ғана сақталады. Еліміздің аумағынан табылған кез келген құнды жәдігердің түпнұсқасын осы музейден көруге болады. Оның үстіне Ұлттық музей материалдық және рухани-мәдени ескерткіштердің табиғи, тарихи нұсқаларын жинақтап қана қоймай, оларды сақтап, зерттеп, халыққа көрсетіп, насихаттап отырады. Құнды мұралар қоры сақталған шаңыраққа келген әрбір адам халықтың құнарлы мәдениетінің кәусарына қанады.
Ұлттық музей – Қазақстанның қазіргі беделі мен мәртебесіне сай нысан. Мұндағы жұмыстың барлығы әлемге әйгілі музейлер тәжірибесімен кәсіби талапқа сай атқарылады. Бір ғана мысал, музейге келушілердің жәдігерлер жайлы қосымша ақпаратты интерактивті құрылғылардан алуына мүмкіндігі мол. Қазір Ұлттық музейде 85 медиақон­дырғы жұмыс істеп тұр. Музейде ежелгі заман мен орта ғасырлар, Ұлы Жібек жолының мол мұрасы кейінгі кезең­дердегі жәдігерлермен сабақтасып, этнография, мүсін, көркемсурет, кескін­деме және ұлттық қол­данбалы өнер туындылары өзара үйлесім тапқан. Ең басты құндылығымыз – тәуелсіздік болса, мұнда еліміздің жаңа дәуіріндегі оқиғалар жөнінде мағлұматтар да кең қамтылды. Халқымыздың тарихы мен мәдениетін терең танығысы келетін кез келген адам жәдігер­лердің ерекшелігі мен айрықша тарихи орны туралы жан-жақты мағлұмат ала алады.
Музей қорларының коллекциялары отандық және әлемдік қоғамдастыққа кеңінен мәлім сонау тас ғасырындағы материалдар мен қоладан жасал­ған бұйымдардан, сақ-скиф дә­уіріндегі бай қазынадан, қазақ­тың дәстүрлі зергерлік, халықтық-қолданбалы өнері­нің үздік үлгілерінен, Қазақ хандығынан бастап қазірге дейінгі құнды материалдардан, сондай-ақ Тәуелсіз Қазақ­станның қалыптасуы мен ны­ғаюының куәсі саналатын бірегей жәдігерлерден тұрады.
Ұлттық музейдің тағы бір ерекшелігі ретінде Астана және Тәуелсіз Қазақстан залдарын айтуға болады. Астана залы мен Тәуелсіз Қазақстан залы келушілердің барлығын дерлік бей-жай қалдырмайды. Аталған екі зал да құнды экспо­наттарға бай. Нақтырақ айтсақ, Тәуелсіз Қазақстан залында маңызды құжаттар, тәуелсіздік жылдарында түрлі саладағы жеткен жетістіктер жөніндегі мағлұматтар жинақ­талған. Бұдан бөлек, бас­ты құн­дылықтарымыздың бірі болып табылатын Мемлекеттік рәміздерімізге арнайы витринадан орын берілген. Дәл осы Тәуелсіздік залына кіру арқылы келушілер тәуелсіздіктен кейінгі жылдардағы айтулы даталар мен маңызды оқиғаларға көз жүгірте алады. Және де LED экрандардан тәуелсіз Қазақстан туралы видео материалдар, фильм­дер көріп, 3D форматында елордамыздың әлеуметтік-саяси және мәдени орталықтарына саяхат жасау мүмкіндігіне ие. Астана залына бас сұққан келу­шілер көне дәуірден бас­тап, бүгінге дейінгі қала тарихымен кеңінен таныса алады. Қос залдың да Ұлттық музей экспо­зицияларының қатарынан алар орны ерекше. Бірі Тәуелсіз Қазақстанның жеткен жетістігін барша музей қонақтарына паш етсе, екіншісі әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтардың таңдайын қақтырған ару Астананы әспеттеп тұр.
– Дархан Қамзабекұлы, елордадағы жаңалықтарға құлағымыз түрік жүретін­діктен, Сіздердің шетелдік әріптестеріңізбен байланыс­тары­ңыздың жоғары екенді­гінен хабардармыз. Осындай ізгі істеріңіздің арқасында ұйымдастырылған бір­неше шараларыңыздың да куәсі болғанымыз бар. Нақты нәти­желерді оқырманымызға өз аузыңызбен әң­гімелеп берсеңіз.
– Иә, дұрыс айтасыз.Ұлттық музей қазақстандық мәдениет пен тарихты ғана емес, жалпы адамзатқа ортақ рухани байлыққа мән беріп отыратыны рас. Музей ашылғалы халықаралық деңгейдегі көптеген іс-шаралар өтіп, мәдени байланыстар жүзеге асты. Әлемнің ірі мәдениет ошақтарымен келіссөздер жүр­гізіп, меморандумдар жасас­тық. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды күшей­туге басымдық беріп отырмыз. Өйткені Елбасының осы музейді салуға тапсырма беріп, жеке қадағалауына алуындағы мақсат, өз еліміздің тарихын ұлықтай отырып, өзге жұрттың да мәдениетін, тарихын білуге, тануға мүмкіндік жасау болды деуге болады. Мысалы, былтыр ғана Ұлттық музейде Эрмитаж күндері өтті. Сол сияқты Ресей этнографиялық музейі, «Исаакиевский собор», Ұлы Петр атындағы Антропология және этнография музейі (Кунсткамера) сияқты көрші Ресейдің бірнеше мәдени-тарихи ошақтарымен байланысымыз орнықты. Сондай-ақ, Ұлттық музей шығыстағы көршіміз Қытай елімен де тығыз қарым-қатынаста. Мәдени, рухани, экономикалық байланысымыздың тамыры тым әріде. Осыдан біраз уақыт бұрын Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы мәдени күндері аясында біздің музейде қытай фарфоры көрмесі және Қытайдың экологиялық мәдениеті тақы­рыбындағы фотокөрме ұйым­дас­тырылды. Көрмелерде Қытайдың экс­клюзивтік, заманауи, қолдан жасалған фарфор бұйымдары, керамика қолөнері және Қытайдың экомәдениеті мен эко­ауылдар құрылысының табысын бейнелейтін фотокартиналар көрсетілген болатын. Сонымен қатар, осы былтыр Қытайдың «Датан Сиши» батыс нарығындағы Сиань музейі директорының шақыртуымен барып, аталған музеймен ынтымақтастық жөнінде уағдаластыққа қол қойдық. Жақында Вьетнам тарих музейімен және Кореяның Ұлттық музейімен байланыс орнаттық. Ұлттық музейде соңғы 2 айдың өзінде бірнеше халықаралық деңгейдегі көрме ұйымдастырылды. Мәселен, Итальян мозайкасының, Корей ұлттық киімдерінің көрмесі, «Үндістан фестивалі» сынды мәдени шаралар өтті. Шетелдің елшілерімен кездесулер өтіп, олардың елдерімен байланыс орнатуға алғышарттар жасалуда. Сайып келгенде, мұның барлығы Мемлекет басшысының қолдауымен және бізге жасаған үлкен мүмкіндігінің арқасында іске асып отыр.
Осындай мәдениет орталығына мерекелер мен мерейтойлар кезінде ғана емес, Құдайдың құтты күнінде бас сұғып жатқан меймандарға, ел-елден, жер-жерден келіп, ат басын бұрған ағайынға қызмет сапасын арттыра берудің өзі сауапты іс деп білеміз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button