ЖаңалықтарҚоғам

АРДАГЕРЛЕРДІ АЯЛАҒАН МЕКЕМЕ

Биыл еліміз Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойын абыроймен атап өтті. Осы уақыт аралығында медицина саласы айтарлықтай жетістікке жетті. Ардагерлерге шынайы қамқорлық жасап келе жатқан Отан соғысы мүгедектерінің орталық клиникалық госпиталі де жыл өткен сайын қызмет ауқымын кеңейтіп келеді. Мұнда Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Ауған соғысына қатысушы жауынгер-интернационалистер, Чернобыль апатының зардабын жоюшылар және Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккендер ем-шара алады.

????????????????????????????????????

Нақты айтсам, республикалық ардагерлер госпиталінде 70 орындық аурухана және ардагерлерге 16 медициналық мамандық түрі бойынша қызмет көрсетіледі. Негізінен, терапевтік емдеуге арналған стационарда кардиологиялық және жүйке ауруларының мамандандырылған ем-шаралары жасалады. Аталмыш госпиталь Астана мемлекеттік медициналық универ­ситетінің клиникалық базасы болып санал­ған­дықтан, мұнда терапия саласының білік­ті ғалымдары емдеу үрдістерін жүргізеді.
Ем-домы бөлек мекеме – еліміздегі соғыс және еңбек ардагерлерінің сенімінен шығып, құрметіне ие болған санаулы медициналық орталықтардың бірі. Мұнда жылына 1700-ден астам ардагер стационарлық ем қабылдайды, денсаулықтарын түзейді. Күн сайын госпитальдің білікті мамандары 65-70 науқасқа тұрақты емдеу шараларын жүргізеді. Соңғы кезде дәстүрлі халықтық емдеу тәсілдері де кеңінен қолданылып келеді. Атап айтқанда, инемен емдеу, сүлік салу және араға шақтыру сияқты дәстүрлі халықтық емдеу тәсілдері сырқаттар арасында үлкен сұранысқа ие. Күндіз-түні тынымсыз қызмет атқаратын емханада науқастарға арналған кітапхана, жаттығу залы, асхана бар. Жағдайы мүшкіл, жүріп-тұруы қиын қарттарға ас-суын бөлмелеріне әкеліп береді.
Біздің қызметкерлер мәдени шара­лардың да бел ортасынан табылады. Осыдан бірнеше жыл бұрын Орталық клиникалық госпиталь базасында суретші­лердің халықаралық байқауын өткізу бастамасы өмірге келді. Содан бері халықаралық осы бір ауқымды шараны төрт рет өткіздік. Мәселен, «ЭКСПО-2017» көрмесінің құрметіне орайластыра ұйымдастырылған «Жеңістің қайраты – болашақтың қуаты» атты суретшілердің III халықаралық байқауына 14 мемлекеттің қылқалам шеберлері қатысты. Оған Ресей, Украина, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан секілді елдерден өтінім көп түсті. Олар өз туындыларында әскери-патриоттық, ұрпақтар сабақтастығы және «ЭКСПО-2017» көрмесі шеңберінде Қазақстанның қазіргі жетістіктерін паш етті. Ұлттық сурет галереясында өткен салтанатты шараға шетел мемлекеттерінің Қазақстандағы елшіліктері қызметкерлері, Парламент депутаттары, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Ал Конституция күні қарсаңында госпитальде қазақ халқының даңқты батыры – Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 90 жыл толуына арналған ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған шараға Ресейдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі М.Бочарников, Парламент Мәжілісінің депутаты Н.Петухова және бір топ ғалымдар қатысты.
Сонымен қатар, мекеме қызметкерлері ерікті түрде қан тапсыруды да дәстүрге айналдырған. Елордамызда донор қанына зәрулік өте жоғары екені белгілі. Қан құю арқылы ғана адам өмірін сақтап қалуға болатын ауру түрлеріне гемофилия, қан аздық, бауыр, қатерлі ісік, күйік шалу жатады. Әсіресе, донор қаны босанған ана өмірін сақтап қалуда өте маңызды. Сондықтан қан тапсыру акциясына ұжым болып бір кісідей атсалысып келеді. Шүкір, еңбегіміз ескеріліп келеді. Ардагерлерге деген шынайы қамқорлықтың нәтижесінде госпиталь ұжымы 2009 жылы еліміздегі ең үздік медицина мекемелерінің құрамына кірді. 2011 жылы госпиталь Астана қаласы денсаулық сақтау мекемелері арасында Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» конкурсының жеңімпазы атанды. Ал биыл медицина мекемелері арасында өткен республикалық конкурста «Ең үздік қазақ тілді мекеме» атанды.

Әділхан АБДУЛИН,
Ұлы отан соғысы мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпиталі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button