Басты ақпарат

Алтай КӨЛГІНОВ: Басты ұстаным – әлеуметтің әл-ауқатын жақсарту

Кеше елорда әкімі Алтай Көлгінов Сарыарқа ауданы әкімдігіндегі «Ашық әкімдік» фронт-кеңсесінің ашылуына қатысты. Содан кейін өзінің қабылдауына жазылған тұрғындармен жүздесті. Қабылдау соңында қала басшысы БАҚ өкілдеріне арнайы сұхбат беріп, әлеуметтік салаға қатысты өзекті мәселелерге түсініктеме жасады.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қажеттіліктерге құлақ асушы мемлекет қағидаты бойынша бүгінде «ашық әкімдік» жүйе­сін құрдық. Мен аптасына екі рет азаматтармен жеке қабылдау өткіземін. Осыған дейін 350-ден аса азаматты қабылдаппын. Бұдан бөлек, менің әріптестерім де тұрғындарды қабылдап, мәселелерін тыңдап жатыр. Сонда байқағаным, жұртшылықты мазалайтын сұрақтардың көбі тұрғын үй, жұмыспен қамту, білім беру саласына қатысты. Жаңа оқу жылының қарсаңына қарай мектепке керек – жарақтарымен қамту бойынша көмек сұрап көп ата-ана келді. Былтыр да 1800 балаға көмек көрсетілген екен. Ал биыл біз 12800 баланы қамтыдық. Былтыр оқушыларға берілетін мектеп формасын әкелу жөнінде жеткізушілер арасында конкурс ұйымдастырылатын. Бірақ ата-аналар ол киімдердің сапасын ұнатпады, әрі кейбіреулерінің өлшемдері де дұрыс емес екен. Соны ескеріп биыл тәртіпті өзгерттік. Әуелі «Атамекен» палатасымен бірлесіп, мектеп формасын тігетін отандық ұйымдармен сөйлестік. Одан соң ата-аналарға 30 мың теңгелік сертификатты табыстап, сол дүкендерге жөнелттік. Яғни, ата-аналар мен балалар әлгі дүкендерге барып, керек-жарақтарын өздері таңдап алу мүмкіндігіне ие болды.
Біздің мақсатымыз – халықты жұмыспен қамту, оларға жағдай жасау. Дәл «қазір, осы жерде» деп талап ететін категориялар да бар, біз әрине, көмектесуден бас тартпаймыз. Бірақ мәселені бір күнде шешіп береміз деп айта алмаймыз, бәрі де заң шеңберінде болу керек. Азаматтар өз мәселелерін айтып келетін орталық аштық. Жаңа мәселесін айтып отырған аналармен бірнеше рет кездес­тім, түсіндірдім, көбі түсінді, тағы да айтам, біз сіздерге көмектесуден қашпаймыз, ол біздің міндетіміз. Бірақ биыл кезегі келген азаматтар бар, 400-і, 500-і болып тұрғандар бар, жылдың соңына дейін 1600 пәтер тапсырамыз. Сол кезде кезегі келеді. 1600 пәтердің 600-і сол аз қамтылған отбасыларға, көп балалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға беріледі. Ал 1000 пәтерді жұмыс істейтін жастар алады. Ол да Президент тапсырмасына сай жүретін жұмыс. Сондықтан кішкене сабыр ету керек. Айқай-шумен пәтер алу деген болмайды. Сондықтан біз айттық, сіздерге өтірік сөйлемейміз, артық уәде бермейміз. Бірақ бір айтарымыз –қолдан келген көмекті аямаймыз. Мемлекет көмектен қашпайды, бірақ бір-бірімізді түсінуіміз керек, «егер әкімдіктің қасына келіп бес күн айқайласам, он күн айқайласам үй беріледі» деген ол дұрыс емес. 47600 адам кезекте тұр, олардың құқығын қалай бұзамыз? Олар да осы елдің азаматтары, адал еңбек етіп жатыр.
– Көпірге шығып талап-шарт қойған азамат пен әйел де баспана сұрады ма?
– Екі жағдайда да баспана талап етті. Өзін дөрекілеу ұстаған жігітпен сөйлестік. Біріншіден, әкенің жауапкершілігі болуы керек. Қазақша айтқанда тепсе темір үзетін жігіт, білдей азаматсың, аяқ-қолың сау, жұмыс істеу керек, жұмыс жағынан көмектесейік дедік. Оның екі баласы бар екен, бір баласының денсаулығы нашар, жолдасы үйде, ер-азамат өзінің отбасына жауап беруі керек деп түсіндірдік.
– Оған қандай жұмыс ұсындыңыздар?
– Еңбек бағдарламасы бойынша Солтүстік Қазақстан облысында баспанамен, жұмыспен қамтамасыз етілетінін айттық.
– Ол барғысы келмеді ме?
– Жігіт ойланып жатыр. Бізде 210 отбасы, бұл 1600 адам солтүстікке барды. Онда баратын адамдар әлеуметтік топқа жататындар болуы керек, бірақ дипломы болуы тиіс. Ал көпірге шыққан әйел адамға келсек, оған бірнеше рет айтылды. Әрине, мұқтаж адамдармен әрі қарай жұмыс істейміз. Бірақ жаңа да айттым, заңды бұза алмаймыз. «Жанұя» орталығына шақырып, тағы да сөйлесеміз. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін, Президенттің тапсырмасына сәйкес, қолжетімді баспананың санын үш есеге көбейтеміз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button