Басты ақпарат

Алтай Көлгінов: Елорданың даму жолындағы игілікті істер жалғасады

Кеше елорда әкімдігінде Президент Қ.Тоқаев өткізген Үкіметтің кеңейтілген отырысының қорытындылары бойынша қала активінің мәжілісі өтті. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен жиында Мемлекет басшысы мемлекеттік органдар алдына қойған жаңа міндеттер сараланып, бас шаһарды дамытудың межелері белгіленді. 

ҚОҒАМДЫҚ ҚАТЫНАС ЖАҢА САТЫҒА КӨТЕРІЛЕДІ

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің басты міндеті халықтың әл-ауқатын көтеру екенін айтты. Ағымдағы жылы ел тұрғындарының, соның ішінде әлеуметтік әлсіз топтардың табысын арттыру бойынша нақты істер қолға алынды. 1 маусымнан бастап бірқатар бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға өсті. Мұндай шешім жоспарланған мерзімнен бір ай бұрын қабылданды. 1 сәуірден атаулы әлеуметтік көмекті көрсету өлшемі өзгерді. Бұл қадам АӘК алушылардың санын үш есеге арттыруға мүмкіндік берді.
Президент халықты нәтижелі жұмыспен қамту ісің оңтайландыруды тапсырды. Қазіргі кезде билік пен халық арасындағы қарым-қатынасқа жаңа тәсілдер керектігі жиі айтылуда. Қаладағы қоғамдық қатынастарды жаңа сатыға көтеру үшін қарапайым қатынасты, халықпен байланысты жолға қоюымыз қажет. Ашықтық, тұрғындарға есеп берудің жаңа әдістерін енгізу талап етілуде. Алдымызға бюджет шығындарының тиімділігін арттыру мәселесі қойылып отыр. Президент бұған қоғамдық кеңестер, мәслихаттар атсалысуы қажеттігін атап өтті, – деген Алтай Көлгінов жиырма бір жылдық тарихында елордамыз әлеуметтік-экономикалық жақсы көрсеткіштермен осы күнге жеткенін, алдағы уақытта да ауқымды жоспар құрылып, астанамыз – Нұр-Сұлтан қаласының дамуы жолындағы игілікті істер жалғаса беретінін айтты.

ЕКІНШІ ИНДУСТРИАЛДЫ ПАРК ҚҰРЫЛАДЫ

Кәсіпкерлікті экономиканың қозғаушы күшіне айналдыру туралы Қазақстан Президентінің тапсырмасын еске салған қала басшысы аймақтарда бизнеске қолайлы жағдайларды тудыруға басымдық берілетінін атап өтті. Осы орайда елордадағы Индустриалды парк жұмысына тоқталды. Нысан бойынша өте көп жұмыс жасалып, инвестициялар тартылғанын, қазіргі кезде парк аумағы 95 пайызға толғанын, жаңа өндіріс ошақтарын ашу үшін екінші Индустриалды паркты құру мәселесі қаралып жатқанын жеткізді.
– Жаңа жобалар экспортқа бағытталып, олардың қосымша құны жоғары болуы тиіс. Бұдан бұрын іске қосылған жобалар жұмысына қатысты мәселелер бар. Олардың көпшілігі, тіпті, тоқтап тұр. Индустриалды парктегі 49 кәсіпорынның 10-ы мемлекеттік тапсырыс бойынша, тапсырыстың түсу мөлшеріне сәйкес жұмыс істеп жатыр. 2017-2018 жылдары іске қосылған 12 жоба шамамен алғанда 10 пайызға жұмыс істеуде, – деген А. Көлгінов Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасына индустриаландырудың әр жобасы бойынша егжей-тегжейлі сараптаманы жасап, оларды жобалық қуаттылығына шығарудың және кәсіпорындарға жан бітірудің Жол картасын әзірлеуді тапсырды.

ТУРИЗМНІҢ ДАМУЫ ЗОР ӘЛЕУЕТКЕ ИЕ

«Қарапайым заттар экономикасының» әлеуетін барынша пайдалану керектігін айтқан қала басшысы осы күндері қалада тиісті екі жоба ғана мақұлданғанын, бұл өте төмен көрсеткіш екенін жеткізді. Осы мәселе бойынша алда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп жұмыс жүргізілетінін айтып, Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасына бұл мәселеге де қатысты бірқатар міндеттер жүктеді.
– Туризм саласының дамуы зор әлеуетке ие. Онда нәтижелі жұмыспен қамту мен құрылымдық әртараптандырудың міндеттері бір мезгілде шешіледі. Бізге медициналық, білім беру, мәдени, спорттық және іскерлік туризмді дамытуды әрі қарай жалғастыру керек. Ол үшін қала инфрақұрылымы дайын. Тиісті қонақүйлер, ғимараттар өзге де құрылыстар бар. Халықаралық іс-шараларды өткізу бойынша тәжірибені жинақтадық. Әлемдік аренада туризм орталығы ретінде елорданы насихаттау өзекті міндет болып отыр, – деді А. Көлгінов.

КӘСІПКЕРЛІК ЖОБАЛАРДЫҢ ТИІМДІЛІГІ ТЕКСЕРІЛЕДІ

Мемлекет басшысының отандық бизнеске кедергі келтіру үшін жауапкершілікті қатайту, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы тапсырмасы туралы айтқан қала әкімі Президент бірқатар мемлекеттік- жекеменшік әріптестік жобаларын жүзеге асыруды сынағанын еске салды.
– Қазіргі күнге қала әкімдігі 12 жоба бойынша 9 келісімшартқа отырды. Тоғыз жоба бойынша 37,5 миллиард теңгеге міндеттемелер қабылданды. Бізге барлық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын сараптаудан өткізу керек. Олардың бюджетке және әлеуметтік-экономикалық тиімділігі тексерілуі қажет, – деді А. Көлгінов.
Елорда жақын орналасқан ауыл шаруашылығымен айналысатын өңірлер үшін маңызды рөл атқаратынын айтқан қала басшысы ірі нарық аймақтар фермелері үшін драйвер болып отырғанын айтып өтті. Өз кезегінде елорда үшін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, азық-түлікке инфляцияны төмен деңгейде ұстау маңызды болып отырғанын жеткізіп, ауылшаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыру, мердігерлерсіз сауда алаңдарын кеңейту бойынша тиісті тапсырмаларды жүктеді. Бұған қоса, жерді нәтижелі пайдалану туралы, су ресурстары бойынша сөз қозғап, осы мәселеге жауапты орынбасарларына тапсырма берді.

ASTANA LRT ЖОБАСЫ НЕ БОЛАДЫ?

Тұрақты экономикалық ортаны қалыптастыру туралы айтқан қала басшысы инвестицияларды тарту жұмысын белсендіріп, ірі инвестициялық жобаларды аяқтау үшін жағдайларды тудыруды тапсырды.
– Әр инвестормен жеке жұмыс істеуіміз керек. Мақұлданған инвестициялық жобалар бойынша шетелдік инвесторларға арналған жер мен қажетті инфрақұрылымға қатысты мәселелер шешілуі тиіс. «Абу-Даби Плаза» жобасы бойынша да инфрақұрылымдық мәселелер шешімін табуы тиіс» деді қала басшысы.
Тағы бір түйткіл тудырған Аstana LRT жобасына тоқталған А. Көлгінов Мемлекет басшысы жобаның қымбаттылығы, жеңіл рельсті желіні салу тиімділігі мәселелерін қозғап, мамандар мен сәулетшілердің пікірлері есепке алынбағанын айтқанын еске салды.
– Осы мәселе бойынша қазір Үкіметпен бірігіп жұмыс істеп жатырмыз. Жоба құнын оңтайландыруға қатысты белсенді жұмысқа кірістік. «Астана» банкінде жатып қалған ЛРТ-ның бүкіл қаржысы мемлекетке қайтарылуы тиіс, – деді бұл туралы А. Көлгінов.

ТҰРҒЫНДАРДЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ТОҚТАМАЙДЫ

Тұрғындарды әлеуметтік жағынан қолдауға тоқталған қала басшысы елордада Атаулы әлеуметтік көмек жаңа формат бойынша 5209 отбасыға, соның ішінде 31254 адамға төленгенін айтты. Бұған бөлінген 944,8 млн теңге иелерін тапты.
Елорда әкімінің айтуынша, осы жылдың басынан 9200-ден астам жаңа, тұрақты жұмыс орны құрылды. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 11 мыңнан астам адамды жұмыссыздықтан арылту жоспарда бар.
Өмірлік қиын жағдайларға тап болған азаматтарды анықтау мақсатында 1 сәуірден бастап астананың әрбір тұрғынына әлеуметтік карта әзірленуде. Әсіресе әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды, жалғызбасты аналарды және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға ерекше көңіл аударуымыз қажет.
– Зерттеу қорытындысы көрсеткендей, негізгі әлеуметтік мәселе тұрғын үймен қамтуға тіреліп тұр. Баспана кезегіне 46829 адам тіркелді. Олардың ішінде көпбалалы отбасылардың саны – 3501. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 24 көпбалалы отбасы баспанамен қамтылды. Биыл коммуналдық тұрғын үй қорынан 1634 пәтер бөлеміз. Оның 731-і арендалық үй, соның ішінде 233-і көпбалалы отбасына тиесілі, – деді қала басшысы.
Оның айтуынша, биыл барлығы 1500 тұрғын үй сертикатын беру жоспарлануда. Оның 1 мыңы көпбалалы, толық емес, мүгедек балалары бар отбасыларға, 500 сертификат білім, денсаулық сақтау және Полиция департаментің қызметкерлеріне беріледі. «Бақытты отбасы» бағдарламасы жүзеге аса бастайды.
– Мемлекет басшысы мүгедектігі бар азаматтарды қолдау жүйесін күшейтуді тапсырды. Жасыратыны жоқ, Елордада мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамға бейімделіп, әлеуметтенуі мәселесінде кемшін тұстар әлі де жеткілікті. Іс-шаралар жоспарына сәйкес, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қоғамдық көліктерде, ғимараттар мен нысандарда жайлы жағдай жасау жұмыстары жүргізілуде. Инклюзивті білім беру мәселесіне ерекше көңіл аудару қажет, – деді А. Көлгінов.

ЖАС ЖҰМЫСШЫ ОТБАСЫЛАРҒА БАСПАНА БЕРІЛЕДІ

Жастар жылының аясында қалада 136 жоба және 600 іс-шараны қамтитын қалалық Жол картасы жүзеге асырылуда. Жастарды әлеуметтік тұрғыда қолдауға бағытталған шаралар белсенді жүргізіліп, жылдың аяғына дейін 350 жұмысшы жас отбасына баспана беру жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа республикалық бюджетте қаржы қарастырылған.
– Жастар жылының игілігін ең алдымен жастар көру керек. Дайын асқа тік қасық демей, өз жұмысын табуға көмек көрсету қажет. Жастар жылы Волонтерлар жылымен жалғасатын болады. Оған қазірдің өзінде дайындалып, қаладағы волонтерлік қызметті дамыту шараларын қарастырамыз. Бұл ретте, тек мәдени және спорттық шаралармен ғана шектеліп қалмауымыз қажет. Жастардың потенциалын дамыту және қоғамдағы бар проблемаларды шешу бойынша егжей-тегжей жоспарымыз болу керек, – деді бұл туралы қала басшысы.
Сондай-ақ, А. Көлгінов еңбек қатынастары, тұрғын үй құрылысы, экология, білім және денсаулық сақтау салаларын нығайту жоспарларына тоқталды. Әкімнің баяндамасынан кейін қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Сансызбай Есілов бастаған бірқатар адамдар әкімге өз ұсыныстарын жеткізді. Қала басшысы оларды мұқият тыңдап, барлық ұсыныстар қабылданатынын айтты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button