Жаңалықтар

Проблемалы нысандарға 40 миллиард теңге бөлінді

«Нұрлы жер» бағ­дарламасын жүзеге асыру аясында ел­орда әкімдігінің қаулысымен «Елорда құ­рылыс компаниясы» ЖШС өкілетті ұйы­мы құрылып, «Проблемалы нысандар құрылысын аяқтауды қаржыландыру» тәртібі бекітілді. Өткен жылы бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 40 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде өткен баспасөз мәслихаты барысында айтылып, үлескерлердің мәселелері қалай шешіліп жатқандығы түсінді­рілді.

Аталмыш министрліктің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық істері комитеті тө­рағасының орынбасары Бақытжан Қашақовтың айтуынша, елордада 51 нысан проблемалы болып танылған. Оның он екісіне үлескерлер қоныстанып үлгерді. Қазіргі күні аталмыш нысандардың инфрақұрылымын іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал 39 нысан аса проблемалы болып саналады. Республикалық бюджеттен бөлінген 40 млрд теңге осы нысандардың проблемасын шешуге бағытталды. Бұл қаржы екі транш­пен бөлінді. 20 млрд теңгені құраған алғашқы транш төрт жыл мерзіміне қайтарымдылық негізде бөлініп отыр. Тиісті жұмыстармен «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС айналысып жатыр.
Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры төрағасының орынбасары Қанат Ибраевтың сөзінше, үлестік құрылыс елімізде тұрғын үй құрылысының шамамен алғанда 60 пайызын құрайды. Аталмыш қор өзінің қызметін бастаған күннен, яғни 2,5 жыл ішінде 25 нысан құрылысына кепілдік берген. Олардың жетеуі осы күндері пайдалануға берілді.
– Құрылыс салушының өтінішін қарауға бізге 15 жұмыс күні беріледі. Өтінішті қарап болған соң, рұқсат беруге немесе бас тартуға құқылымыз. Біз алдымен өтініш иесінің құрылыс салудағы техникалық тәжірибесіне, қаржысына және заң алдындағы тазалығына көңіл бөлеміз. Осы күнге дейін, негізінен, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы нысандар құрылысына кепілдік бердік. Сондай-ақ Шымкент, Орал шаһарларындағы нысандарды сәтті іске қостық, – деді Қ.Ибраев.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button