Әлеумет

Апат айтып келмейді

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Респуб-ликасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы В.Беккердің қатысуымен өткен брифинг барысында биылғы су тасқыны кезінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі кеңінен талқыланды. 

12

Күннің күрт ысып кетуіне бай­ланысты қар мен мұздың шұғыл еруі әсерінен және нөсерлі жаң­бырдың салдарынан көктемде су тасқыны болуы ықтимал. Осы жөнінде айта келе комитет басшысы үстіміздегі жылы 807 елді мекенде су деңгейі көтерілуі мүмкін екенін ескертті.

«Қазгидрометтің» алдын ала болжамына сәйкес, әсіресе, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыс­тарында көктемде қар суы көбейеді. Осыған орай қамданбасақ, қапы қалуымыз мүмкін. Бұл ретте барлық дең­гей­дегі әкімдіктер төтенше жағ­дай­лардың алдын алу және жою жө­ніндегі комиссияның 276 отыры­сын өткізіп, болжап болмайтын салдарға әкелуі мүмкін, қауіпті табиғи құбылыстың алдын алу мәселелері талқыланды.

Тұрғын үйлердің су астында қалуын болдырмау үшін қыс бойы жауған қардан дер кезінде арылу – бүгінгі күн тәртібіндегі бас­ты мәселелердің бірі. Осыған орай, үстіміздегі жылы жергілікті атқарушы органдар елді мекендерден 9 млн текше метрден астам қар шығарған. Бұл жұмыстар әлі күнге дейін жалғасып жатыр.

В.Беккердің айтуынша, 2016 жылғы су тасқыны кезеңіне да­йындық аясында халық пен өңір­лерді қорғау мақсатында 90 ша­қы­рымнан астам қорғау бөгеті салынып, 455 шақырым бөгетке жөндеу жұмыстары жүргізілген. 180 шақырымға жуық өзен арналарында жаға бекіту және тереңдету жұмыстары атқа­ры­лып, 2 мың шақырымнан астам арна тазартылыпты. Сонымен бірге су тас­қынының алдын алу мен олардың салдарын жою мақ­сатында 27,5 мың тонна жанар-жағармай, 400 мың тоннадан ас­там инертті материалдар, 1,3 млн. қап дайындалған.

– Ірі ауқымды су тасқынын жою үшін Ішкі істер министр­лі­гінің жеке құрамынан 9 мыңға жуық адам және 1 мыңнан астам техника, 220 жүзу құралы әзір тұр. Күн жылынған жағдайда қар қоры көп өңірлерге қосымша күштер мен құралдар жіберіледі, – деді В.Беккер.

Комитет төрағасы «Қазги­дро­меттің» мәліметінше, биылғы жағдай бойынша Қазақстанның солтүстігінде, орталығында және шығысында қардың көп түсуіне байланысты Шығыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарында күрделі жағдай қалыптасуы мүмкін екенін жеткізді.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Материалды “Астана ақшамы” газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button