Мәдениет

«Ақжауын» немесе Алтай мен Атырау арасы

Астанада «Ақжауын» мемлекеттік камералық оркестрінің «Ұлы дала» атты концерті өтті. Мәдениет және ақпарат министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, Алматы облысының әкімдігі қолдауымен өткен кеште Алтай мен Атырау арасындағы музыкалық мұрамыз, Еуропаның жауһар туындылары және аталмыш оркестрдің көркемдік жетекшісі, көрнекті күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Секен Тұрысбектің авторлық туындылары қалықтады.

Поэзия мен музыка – егіз. Өлең, ән-күймен қатар өрілген концерт Секен Тұрысбектің осы кешке атау берген «Ұлы дала» күйімен ашылды. Әр шығармасының орындалуы алдында автор шығу тарихын тарқатып отырды. Мәселен, «Ару ана» күйі әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романы әсерімен жазылды. «Ағаның алды – ақ жайлау» дейміз. Сол сияқты Секен Тұрысбектің ағаларына арналған «Ақ жайлау», көрнек­ті ақын Олжас Сүлейменов құрметіне жазылған «Жазғы қар» атты күйлері бар.

Әсіресе, «Бесік» күйінің немесе шығарманың екінші атауы «Балаусаның» тарихы қызық. Аумалы-төкпелі жылдары, Секеннің әкесі Кәрім бесікте уілдеп жатқанда бұл әулет шекара асқан. Ақыры баласы Секен сол бесікпен кері оралды. Бұл күй сол тағдырдан, өз әулеті, өзінің басынан өткен оқиғадан сыр шертеді.

Әрине, халық арасында кең танымал, жұрт сүйсініп тыңдайтын «Көңіл толқыны» және «Ақ жауын» күйлері туралы айтпай кетпеуге болмайды. Алғашқысы автор Анар мен Жанар атты қос перзентінен айырылғанда жазылды. Күйші-композитордың өзінің «Қасіреттен қасиетті өнер туады» деп айтатыны бар. Жапон халқы осы «Көңіл толқыны» күйін өз қасіретіндей қабылдайды. Бұл күйді естігенде, Хиросима мен Нагасаки қасіреті естеріне түседі. Оның себебі, кезінде «Көңіл толқыны» атом жарылысына арналған деп хабарланған. Ал «Ақ жауын» қоғамдағы қайшылықтарды шаю үшін жазылған. Осы күй Қытайдағы телеарналардың бірінен ауа райы болжамы айтылғанда ойнатылады.

Секен Тұрысбек аса көрнекті ақын Мағжан Жұмабаев­тың «Батыр Баян» дастаны желісімен белгілі режиссер Сламбек Тәуекел түсірген, поэзиялық шығарма аттас көркем фильмді музыкамен көркемдеді. Соның ішінде шоқтығы биік туындының бірі – «Дарабоз» күйі.

Кеште осы шығармалармен қатар Мүкейдің «Қосбасқан қоңыр», Тәттімбеттің «Бес төре», Жантөренің «Шалқыма» күйлері шалқыды. «Салтанат» күйін Секен Тұрысбек авторы Төлеген Момбековтің қолынан алды. Жалпы концерт өмірден озған таланттарды еске алумен де ерекшеленді. Сондай дарындардың бірі композитор Мэлс Өзбеков еді. Оның «Келші айым» туындысын республикалық байқаулардың лауреаты Гүлфайруз Жайлауқызы орындады. Иә, көрермендер оркестрмен қатар жеке орындауда да шығармаларды тыңдады. Атап айтқанда, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Рақымжан Нұрлыхан қылқобызды сарнатты, Гүлнұр Саргизова сымқобызды, Айым Мырзатаева флейтаны сызылтты, Мәдениет саласының үздігі Жігер Бертісов домбыраны бебеулетті. Сонымен қатар Монтидің «Чардаш», Карл Дженкинстің «Палладио» туындылары орындалды.

Секен Тұрысбек – бірнеше танымал әннің авторы. Әндерінің біразы көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Несіпбек Айтұлымен шығармашылық бірлестікте туған. Осы кеште таяуда фәниден бақиға көшкен аяулы ақын еске алынды. «Асыл ана», «Қоңыр қаз» әндерін талантты әнші Бибігүл Қилымхан салды. Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Біржан Айтахмет «Домбыра досым» және «Айхай заман» әндерін нақышына келтіріп орындады. Секен Тұрысбек ұлы Абайдың «Мен бір жұмбақ адаммын» өлеңіне де ән жазды. Бұл туындыны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайыржан Бердібай шырқады. Ал кеш күй атасы Құрманғазының «Серпер» күйімен түйінделді. «Ақжауын» оркестрі үш жылдан бері Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармония құрамында өнер көрсетіп жүр. Осы облыстың Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев кешке арнайы қатысып, жылы лебізін жеткізді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button